Ресей Федерациясының қазіргі президенті Владимир Путин сайлаудың бірінші кезеңінде 73,9% дауыс жинап, жеңіске жетті, деп хабарлайды сайлаушылар арасында сауалнама жүргізген Бүкілресейлік қоғам пікірін зерттеу орталығының (БҚПЗО) өкілдері.
Сауалнама мәліметтері бойынша, екінші орында КПРФ атынан сайлауға түскен кандидат-бизнесмен Павел Грудинин (11,2%) тұр. Үшінші орында ЛДПР көшбасшысы Владимир Жириновский (6,7%) орналасқан. «Одан кейінгі кандидаттардың жинаған дауыстары шағын: Ксения Собчак - 2,5%, Григорий Явлинский - 1,6%, Борис Титов - 1,1%, Сергей Бабурин - 1,0%, Максим Сурайкин - 0,8%», -деп хабарлайды БҚПЗО.
Санауға жатпайтын бюллетеньдердің саны 1,2% екені айтылады. Сауалнамаға барлығы 162 мың 601 адам қамтылған. Қойылған сауалдарға респонденттердің 62,8% жауап берген, 37,2%-і жауап беруден бас тартқан.