Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігіне де байланысты екені сөзсіз. Осы ретте елімізде жастар саясатына қаншалықты көңіл бөлініп отыр? «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиевпен осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
̶ Мемлекеттің жастар саясатын ғылыми әдістемемен қамтып отырған орталық директоры ретінде Қазақстанның жастар саясатын қалай бағалар едіңіз?
̶ Мемлекетіміз жастарды жан-жақты қолдау шараларына баса назар аударып отыр. Бізде ЖОО-ға бөлінген гранттар, тегін орта техникалық білім, жастар кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасы секілді көптеген мүмкіндік бар. Сондай-ақ мемлекетімізде 200-ден астам жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Онда жастар кеңес алып, ұсынылған қызметтерді үйрене алады. Бұл тәжірибеміздің тиімділігін Ресей мойындап, қазір біздің жұмысымызды зерттеп жатыр. Бірақ жастарды қолдауға арналған бағдарламалар туралы ақпараттандыру деңгейі өте төмен. Сондықтан қазір жас- тарды осы тұрғыда ақпараттандыру жағын қолға алу керек деп ойлаймын.
– Сіз басқарып отырған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген зерттеулер бойынша қандай жұмыстар атқарылады?
̶ Орталық Азиядағы тек жастар мәселесін зерттейтін жалғыз құрылым – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2013 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ашылған. Әлем бойынша жастар мәселесімен айналысатын 9 орталық қана бар. Біздің негізгі қызметіміз – мемлекеттің жастар саясатын ғылыми методикамен қамту. Біз жүргізген зерттеулердің барлығы баяндама ретінде мемлекеттік органдарға жіберіледі, ұсыныстар айтылады.
– Қазақстан жастарының қоғамдағы белсенділігі туралы не айтасыз?
̶ Жастар дамуының жаһандық индексінде біз 61-орындамыз. Өкінішке қарай, былтыр жастар индексі төмендеді. Бұған жастардың азаматтық белсенділігінің азайғаны әсер етті. Жастар ақша төленбейтін қоғамдық жұмыстармен айналысқысы келмейді.
– Биыл елімізде жастар саясатына 7,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл аз емес пе?
̶ Бұл барлық жастар ресурсына арналған қаржы. Менің ойымша, мәселе қаржыландыру көлемінде емес, оны тиімді пайдалануда. Бұдан да аз ақшаны тиімді жұмсауға болады. Экономика математика емес, қоғамдағы қарым-қатынас. Сондықтан белгілі бір мақсатқа ақша бөлінсе, оны дұрыс игеру тиімді жұмсалуға байланысты деп ойлаймын.
– Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 22,3 пайызы жастар екен. Бұл шамамен 4 млн адам. Сіздің ойыңызша, жастарды қандай проблемалар алаңдатады?
̶ Жастарды бірінші кезекте жұмысқа орналасу, жақсы жалақы алу, отбасын құру мәселелері алаңдатады. Қазақстанда құндылық шкаласы бойынша отбасы бірінші орында тұрғанын айта кету керек.
– Жастар үшін отбасы басты құндылық демекші, Ұлттық баяндамада жастардың 25-28 жас аралығында отбасы құратыны және жыл сайын бұл көрсеткіш ұлғайып бара жатқаны айтылған. Оның себебі неде болуы мүмкін?
̶ Бүгінде қоғамда әлеуметтік рөл мәселесі бар. Мысалы, бұрын ер мен әйел бір-біріне тәуелді болған. Ер адам отбасын асыраған, әйел үй шаруасымен айналысқан. Қазір әйелдер де карьера жасап, тіпті, ер адамнан да көп ақша таба алады. Ал ерлер, мысалы, үйге тамақ жеткізіп беру қызметін пайдалана алады. Мұндайда материалдық құндылықтардың соңынан ерген жастар отбасының не үшін керек екенін түсіне алмайды немесе оны құруды кейінге шегере береді. Дегенмен, жалғыздықтың жақсы таңдау емес екенін түсіндіру керек. Себебі жеке тұлғаның жан-жақты гармонияда дамығаны жөн. Мейлі, ол отбасы болсын, мейлі кәсіби тұрғыда болсын.
– Жастар қылмысы туралы не айтасыз?
̶ Негізінен, жастар қылмысының көрсеткіші өзгермеген, тек ақпарат артты десем болады. Жағымсыз ақпараттың тым көптігінен қазір кері пікір қалыптасып жатыр. Менің білуімше, жастар арасында ішімдік пен темекі шегу деңгейі төмендеген. Саламатты өмір салты жақсы жолға қойылған. Ал алкогольді сусындарды тұтыну деңгейінің азаюы қылмыс деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Себебі көптеген қылмыс ішімдіктен болады.
– Қазір қоғамда жастарға қатысты жағымсыз пікір көп айтылып жатады. Ал сіздің жастарға көңіліңіз тола ма?
̶ Қазақстан жастарына көңілім толады. Байқасаңыздар, шетелде жүрген қазақстандық жастардың басым бөлігі жақсы қызметте істейді. Мен БҰҰ-да жұмыс істеп жүрген, өз күштерімен жұмысқа орналасқан талай жасты көргенмін. Менің ойымша, біз білім жүйесін қанша сынағанымызбен, ол бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп жатыр.
Біз жүргізген зерттеулерге сенсек, кейде жастар жеке кәсіби қабілеттен гөрі екі немесе үш диплом жетістікке жеткізеді деп есептейді. Бір ғана Астананың еңбек нарығында 8 мың бос жұмыс орны бар. Бірақ жастар ол орындарға жұмысқа тұруға асықпайды. Сауалдама нәтижелеріне сенсек, жастардың 92 пайызы жұмысқа таныс арқылы орналасу керек деп ойлайды. 65 пайызы мемлекет өздеріне қаржылық көмек көрсетуге міндетті деп есептейді. Бірақ олай болмауы керек. Ешкім ештеңеге міндетті емес. Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында айтқандай, прагматизм мен бәсекеге қабілеттілікке басымдық берілуі керек. Яғни жастар тек диплом алу үшін оқыса, жетістікке жетуі екіталай. Ал өз-өзін дамытып, үнемі ізденіп жүретін маман түбінде бәрібір биіктен көрінеді. Бәсекеге қабілетті болғысы келген маман өмір бойы жаңа білім алуға, үйренуге дайын болуы керек.
Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан жастарында мүмкіндік көп. Сондықтан жастардың мамандық таңдауына ата-аналардың да назарын бұру керек. Біреу таңдап берген мамандықта, өзің ұнатпайтын ортада жетістікке жету мүмкін емес.
– Жастардың шетелге кетуіне байланысты қоғамды алаңдатып жүрген мәселе көп. Осы туралы не айтар едіңіз?
̶ Жастар шетелге кетіп жатыр деп жүргендер, оны проблема көретіндер көп. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш. Біздің елдегі дамушы экономика барлық жоғары білікті мамандарды өз деңгейіне сай жұмыспен қамтуға үнемі мүмкіндік бере алмайды. Біз инженерлік сала мен бағдарламалау бойынша да көш бастап тұрған жоқпыз. Ал ондай мамандар Американың немесе басқа мемлекеттердің ірі компанияларына жұмысқа кетіп жатса, біздің адами капиталдың бай және жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар шетелге кеткен жастар сол жақтан тәжірибе жинайды да, жоғары технологияларды игереді де, өз еліне қайтып келгенде, соны жүзеге асыратын болады. Олар міндетті түрде елге оралады.
– Солай боларына сенімдісіз бе?
– Иә, шетелде жұмыс істеп жүрген жастардың басым бөлігі Қазақстанға қайтып келетініне сенімдімін. Себебі шетелде заңды түрде қалу қиындау. Азаматтық алу да оңай емес. Олар қазақстандық төлқұжатты, азаматтықты сақтайды. Сонымен қатар шетелде жүрген жастардың дәстүрлі құндылықтарды бойында сақтап қалатынын байқап жүрмін. Шетелде жүргенде елін сағынбайтындар кем де кем. Себебі кез келген адам тамырын білуі керек. Тамырын білмеген адам тұлға емес. Ал шетелде тұратын қазақтардың көбі күй тыңдайды, домбыра шертеді, өзара қазақ тілінде сөйлеседі. Олар өз елінің патриоттары. Сондықтан жас кезінде тәжірибе жинап, кейін оны Қазақстан игілігі үшін пайдаланатынына сеніммен қараймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»