• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2018

Эльмира Айғалиева: Сынның өзі адамға күш береді

346 рет
көрсетілді

Қазақстанның жүзу спортындағы жетістіктер парағының ашылғанына көп бола қойған жоқ. Медалі көп спортта кетіп жүрген есемізді Дмитрий Баландин Инчхондағы Азия ойындарында қайтара бастады. Қыздар арасында да соңғы кездері Екатерина Руденкоға ғана үміт артып келеміз. Екатеринаның өзі сарықұрлықтағы жетістіктерімен ғана шектелуде. Ал қаракөздеріміздің арасында бұл спортқа кәсіби түрде қызығушылар тіпті аз. Солардың бірі әрі табыстары жағынан өзгелерден алда тұрғаны – Эльмира АЙҒАЛИЕВА. Жабық кешендегі Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері де соңғы кездері спорттан кетуді ойлап жүрген көрінеді.

– Эльмира, сізді фитнес бапкер болып қызмет атқарып жүр деп естідік. Бұл қосымша жұмыс па әлде?

– Алматыдағы фитнес ор­та­лықтардың бірінде жүзуден бапкер болып жұмысқа тұрдым. Бірақ бұл дегенім кәсіпқой спорттан кеттім деген сөз емес. Қазір бізге демалыс берілген. Жаттығу жұмыстары қайта басталғанға дейін өзіме ұнайтын істі қолға алуды жөн көрдім.

– Яғни сізді әлі жарыстардан қатысушы ретінде көреміз ғой?

– Мәселелерді ретке келтіріп әрі біраз тынығып алған соң, бұ­йыртса, биылғы жыл ойдағыдай бас­талады деп ойлаймын.

– Сіз үшін өткен жыл спортта сәтті болды деуге келмейді...

– Сынаққа толы жыл болды. Үзілістен кейін спортқа оралу да оңай емес екен. Спортта ғана емес, жеке өмірімде де біраз қиындықтарға тап болдым.

– Сізді халықаралық ұйым допинг қабылдады деп айыптады. Оны естігенде қандай күйде болдыңыз?

– Ең алғаш төбемнен жай түс­кендей күй кештім. Бастапқы айларда өзімді қоярға жер таппадым. Денсаулығым да сыр бере бастады. Бұған отбасылық мә­се­лелер де қосылды. Былайша айт­қанда, ішкі күйзеліспен кү­ре­сіп өмір сүрдім. Бірақ ата-анам, жақын адамдарымның ар­қа­сында спортқа қайта оралып, қиындыққа төтеп беруді үй­рендім. «Әр істің қайыры бар» де­ген осы шығар. Өкінетінім, көз­деген нәтижеме қол жеткізе ал­мадым. Қазақстан құрамасына қай­та шақыртылғаныммен, жел­тоқ­санда шынтағымды жарақаттап алдым. Сөйтіп жаттығуға қаңтар айында бір-ақ кірісіп, наурызда Сербияда өткен турнирде топ жар­дым. Алайда сәуірде қайта келең­сіздіктің қоршауында қалып, қанша ұмтылсам да, содан шыға алмай жатқан сияқтымын.

– Өзіңізді өзге салада сынап көргіңіз келгені де сондықтан ғой?

– Фитнес орталықтардың жұ­мы­сы, жалпы осы сала ұнап жүр­ген. Сондықтан бағымды сы­нап көрсем дедім. Әдетте бапкер таң­дауда адам оның жұмыс өті­ліне қарайды. Ал жаңадан кел­ген­діктен мені көпшілігі тани бер­мейді. Соған қарамастан жүзуден тәжірибем барын, қолыман ке­ле­тін іс екендігін байқағандар қа­тары көбейіп жатыр.

– Ал бапкерлеріңіз бен командалас әріптестеріңіздің сізге деген қарым-қатынасы қалай?

– Александр Смолеевке де бұл жайт ауыр соққы тәрізді болды. Со­ған қарамастан ол кісі мені қол­дап, жігерлендіріп, жаттығуда ұм­тыла түсуім керектігін айтып жүреді. Сонысымен де көпшілікке жақпай қалады. Оның үстіне спортта нәтижең болмаса, кімге керексің. Әсіресе, допинг дауы­нан соң құрамадағы басқа маман­дар үшін мен «халық жауына» айналдым. Бірақ ешкім іш­кі күйзелісімді түсінгісі келген жоқ. Бәлкім, болашағыма сен­бе­гендіктен де шығар. Соған қара­мастан құрамаға оралуыма мүмкіндік бергені үшін ол кісі­лерге де алғыс айтамын.

– Жүзу – медалі көп спорттың бірі. Бұл спортқа біздің қоғамда қызығушылық қандай?

– Дмитрий Баландиннің же­тістіктерінен соң балаларын жүзу үйірмесіне беріп жатқан ата-аналар көп. Біздің де суда ба­лықша жүзе алатындығымызды түсіне бастағандай. Екатерина Руденконың да жетістіктері аз емес. Катя – Азия ойындарының үш дүркін күміс жүлдегері. Яғ­ни жұмыс жүйеленіп келеді. Бағы­тымыздың дұрыстығын, дарынды балалардың барын басшылық та көріп жатыр. Осы қарқыннан тай­масақ, әлі талай жетістікке жетеміз.

– Енді өзіңіз бапкерсіз. Адам­дар­мен жұмыс істеу қалай екен?

– Мен үшін қиын емес. Кері­сінше, көңіл-күйімді көтереді. Жат­тығуымыз қызықты өтеді. Оның үстіне бапкерімнің жанын­да жүріп те балаларды дайын­да­ғанбыз. Солардың ішінде спорт шебері атанғандары бар. Яғ­ни нұсқау беріп, дұрыс бағдар көр­сете аламын.

– Жүзуде салмақ дережелері жоқ. Соған қарамастан әр ки­ло­ға қатты мән бересіздер ме?

– Сөзсіз. Спортшының қа­лып­ты салмағы, сонан соң жарысқа қатысатын салмағы болады. Бұл ережені сақтамау турнирдегі нә­ти­жеңе кері әсер ететіні анық. Қа­зір өзімде артық салмақ барын бі­лемін, нақтырағы бұлшықеттер көп. Одан арылу қиынның-қиыны.

– Бәлкім, сіздің әлеуметтік же­лідегі танымалдылығыңыз, тіл­ші­лердің назарынан тыс қал­мауыңыз кескін-келбетіңіздің де арқасы шығар?

– Әлеуметтік желідегі оқыр­мандарыма жазған пікірлерім, адам ретінде ашықтығым, өмірге деген құштарлығым ұнайтын секілді. Шындықты жасырмай, бетке айта салатын батылдығыма да көпшілік риза болып жатады.

– Сіз жайлы пікірлердің басым бөлігі қай сарында жазылады? Жалпы, сынға қалай қарайсыз?

– Қуанатыным, оқырман­дарым­ның арасында теріс пікір ай­тып, сынайтындар аз. Басым бө­лігі қолдап, соның арқасында жігер­лене түсемін. Жалпы, қыз бала бо­лған­дықтан, біз үшін жұрттың назарында жүру маңызды. Шомы­латын киімде түскен суреттеріме қа­тыс­ты түрлі пікірлер оқып та жа­тамын. Дегенмен оған бола көңіл-күйімді түсірген емеспін. Әркімнің көзқарасы, ұста­ны­мы бар. Олармен сөз таластыр­ғым кел­мейді. Мені біреу талқы­ласа, маған, өміріме деген қызығу­шы­лықтарынан деп білемін. Кейде сынның өзі адамға күш береді.

– Жаттығуыңыз бар, бү­гін­де жұмыс істейсіз. Влогтар тү­сіріп, оқырмандарыңызды қы­зықтыратындай постар жазуға уақытты қайдан табасыз?

– Ешкім тәулігіне 24 сағат жұмыс істемейді. Қаласаң, негізгі жұмысыңнан бөлек өзіңе ұнайтын іске уақыт табуға болады. Мен адамдармен тілдескенді, пікір алмасқанды жақсы көремін. Тиісінше белгілі бір жайтқа байланысты өз ойымды білдіргім келеді. Ондайды инстаграмдағы парақшама жазып қоямын. Ал­матыда өткен аралас жекпе-жек кешінен влог түсіргенімді де мақ­танышпен айта аламын. Сол ар­қылы спортшылармен жақынырақ танысып, олардың да қарапайым адам екендігін, әзілдей алатынын, қызығушылықтары бар екендігін көрсетуге тырыстым. Бала күнімде ән айтатынмын. Қа­зір ара-тұра караокеге барып тұра­мыз. Билегенді ұнатамын. Бұларға да уақыт тауып жүрмін.

– Жаттығу бар, жарыс, енді жұмыс бар. Жүзуден жалыққан жоқсыз ба?

– Күнделікті қайталана беретін істен шынымен де жалықтым. Демалыс алып өзім үшін өмір сүріп жатқаным да сондықтан. Мен Баландин емеспін, нәтижелерім де көңіл көншітпей жүр. Назардан тыс қала бастағанымды да сезе бастадым. Бапкерлердің де жаттықтырудан, менімен жұмыс істеуден жалыққанын байқаймын.

– Токио Олимпиадасына қатысуыңыз мүмкін бе?

– Токиодағы аламанға қатысу жайлы үмітім үзілген. Бірақ тағ­дырдың бізге қандай тосынсый да­йындап қойғанын кім білсін. Егер сәті түсіп жатса, 2020 жыл­ғы Олимпиадада бақ сынауым әбден мүмкін. Спорттан біржола кет­сем бе деймін. Ойым сан-сақ­қа бө­лінді. Не де болса уақыт көр­сетер.

– Бәрі сәтімен болсын дейміз! Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист