Бүгінде қазақстандық гүрзі жұдырық иелерінен әлемнің кез келген боксшылары қаймығып, біздің батырлармен санасатыны белгілі. Бұл әлемдік бокста қазақстандық спортшылардың өзіндік ойын өрнегі бар екендігін көрсетке керек. Дүниенің әр қиырынан 300-ге тарта спортшы қатысқан Венгриядағы жастар арасындағы айтулы халықаралық турнирде ақмолалық спортшы жасындай жарқырады.
Венгрияның Эдер қаласында жастар арасында өткен халықаралық турнирде Ақмола облысының боксшысы Талғат Шайкен ешкімге дес берген жоқ. Қазақстан жастар құрама командасы сапында сынға түскен ол 64 кило салмақта чемпион атанды. Бірінші жекпе-жекте Талғат германиялық боксшыны жеңіп, алға озды. Келесі айқаста ол жергілікті венгр боксшысын тізе бүктіріп, өзінің мықты екендігін тағы дәлелдеді. Бұдан кейінгі жұдырықтасу Дания спортшысымен жалғасты. Финалдық сайыста ақмолалық спортшы әлсіздік танытпай, қарсыласын тықсыра жүріп қапы қалдырды. Осылайша үш кездесу нәтижесі бойынша жерлесіміз алтын жүлде алды.
Реті келгенде айта кетейік, Талғат Қажымұқан атындағы №3 арнайы облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Сондай-ақ ол жаттықтырушы Қуат Бейсенбаевтың жеке жетекшілігімен шеберлігін шыңдап келеді. Алда Талғат Шайкенді әлі оқу-жаттығу жиындары мен жоспарланып отырған Бангкок қаласында (Тайланд) өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы