• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2018

Солтүстік Қазақстанда Сегіз серіге арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

558 рет
көрсетілді

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Қызылжардың қасиетті жерінде Мұхамедқанапия Баhрамұлы Шақшақовтың /Сегіз сері/200 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тәлімі мол алқалы басқосуды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды. Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Қазақстан композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев, филология ғылымдарының докторлары Күләш Ахмет, Серік Негимов, халықаралық манасшылар конкурсының жеңімпазы Баянғали Әлімжанов, танымал әнші Серік Оспанов тағы басқа шешендер сал-серілердің серкесінің өмірі мен шығармашылығын, Арқада аты шыққан дүлдүл өнерпаздар ішінде алар орнының айшықтығын жан-жақты саралап берді.

Конференцияда Дәулеткерей «Сегіз сері байып батқан күндей шапағы әлі күнге ел-жұртының жүрегіне нұрын құйып тұрғаны айдай әлемге айқын. Әрине, Сегіз серіні аспандатып жібереміз деп жербауырлатып алған кейбір авторларымыз да болды. Ендігі кезекте атын ұлықтаймыз деп тыртық қыла жаздағанымызды ескеріп, бір адамның бойына шақ өнерін, тамаша қолтаңбалы әндерін ғана насихаттап, барымен базарлай білейік» деп ағынан жарылса, Б. Әлімжанов Сегіз Сері мұрасы деп жүрген дүниелердің арасында қоспалары аз емесіне нақты мысалдар келтіріп, ондай күштеп таңудан арылу қажеттігін ескертті. Онсыз да өшпес мұралары жеткілікті. Асылды ешқашан тот баспайды, деді.

«Бабамыз «Бозқараған» деген өлеңінде «Мен тудым Қожаберген ауылында, Ну орман «Толыбай жалы» бауырында. Жазықсыз қуғындалып, қашқын болдық, Жолығып замананың дауылына» деп жырлаған. Туған жері– әйгілі «Елім-ай дастанының авторы Қожаберген жырау Толыбайсыншының баласының ауылы. Керейдің ішінде Ашамайлы, Көшебеден тарайды. Сегіз Серінің ұлы Мұстафадан менің әкем Беген туған. Ғибратты ғұмыры көп жылдар бойы көмескі тартып, көлеңкеде қалып келді. 30-ға жуық ән, 4 дастан, 5-6 күй шығарған. Біразы халық шығармалары на телініп кеткен. Ұрпақтары қазір Жамбыл ауданында тұрады», деді шөбересі Амантай Бегенов. Ұрпақтары атынан тағылымды конференцияны ұйымдастырушыларға ақ алғысын арнады. Басқа да сөйлеушілер өз пайымдарымен бөлісіп, мазмұнды баяндамалар жасады.

С.Оспанов сал-серілер серкесінің «Гауhартас», «Ғайни» әндерін әуелете шырқап, жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы.