• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2018

Заң жобасы қоғамның нәзік саласын реттеуге бағытталған

376 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылғы 10 қаңтарда Ұлт көшбасшысы – Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Мемлекетіміздің бұдан әрі даму, өркендеу бағыттарын айқындайтын құжатта Елбасы: «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық, бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім», - деп ерекше атап өтті. 

Ұлт көшбасшысы бұдан бұрынғы түрлі халықаралық жиындарда, құрылтайларда, саммиттерде сөйлеген сөздерінде де халқымыздың діни тұрақтылығы үшін конфессияаралық келісім мен дінаралық сұхбаттастықтың қаншалықты маңызды екенін айрықша атап өтетін. Президент биылғы Жолдауында да Қазақстанның мәмлегерлік және төзімділік пен тағаттылықты ту етіп ұстаған ілкі ұстанымынан танбайтынын тағы паш етті.

Қазақстан әуелден күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерді кешенді түрде қарастырып, сатылап шешу саясатын ұстанып келеді. Мәселен, қалың бұқараның әл-ауқатын арттыруды және мемлекеттіліктің тұғырын нығайта түсуді көздейтін саяси реформалар сәтті жүзеге асты. Ел экономикасы бір арнаға түскен шақта тарихи санамызға сәуле түсіретін рухани жаңғыру реформаларын қолға алды. Биылғы өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму мүмкіндіктерін қоса алғанда, Қазақстанның төрт аяғын тең басқан өркениет көшіне ерген іргелі мемлекет құруға ұмтылғанына әлем куә.

Қоғамда жіті бақылап, ұдайы назарда ұстайтын нәзік салалардың бірі – дін мәселесі. Салада күрмеулі, шиеленісті және шетін мәселелердің бар екені жасырын емес. Әсіресе, соңғы жылдары орын алған оқыс оқиғалар бұл салаға немқұрайлықпен қарауға болмайтындығын көрсетті.

Елбасының 2016 жылғы Жарлығымен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін құрылып, ведомствоға қоғамның осы саласын түбегейлі реттеуді тапсырылған болатын. Өткен жылы тұңғыш рет Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгені мәлім. Тұжырымдама мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша ресми көзқарастар жүйесі болып табылады. Министрлік күн тәртібіндегі және туындауы ықтимал мәселелердің алдын алу мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қалың бұқараның талқысына салды. Бұл жобаға ғалым-сарапшылар мен дін саласындағы білікті мамандар тартылып, олардың белсенді ат салысқандығы, заң жобасының жан-жақты зерделенгенін айшықтайды.

Жобаның аталған уәкілетті органның ресми веб-порталына ілініп, өзге де мүдделі мемлекеттік ведомстволардың келісімі мен азаматтық қоғамның белсенді мүшелерінің қызу талқысынан өтуі, жобаның транспарентті құндылықтар жүйесімен әзірленгендігін көрсетеді. Жақында еліміздің бірқатар маңызды салаларын реттейтін тоғыз заң мен екі кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілді. Онда мынадай өзекті мәселелерін қамтылған:

– діннің деструктивті және радикалды белгілеріне құқықтық баға беру;

– кәмелет жасқа толмағандардың діни іс-шараларға қатысу тәртібін реттеу;

– шетелде діни білім алуды реттеу тетіктерін қарастыру;

– қоғамдық орындарда адамдардың бет-жүзін анықтауға кедергі келтіретін киім үлгілеріне, қоғамдық қауіпсіздік үшін тыйымдар жүйесін ұйымдастыру;

– діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету;

– мемлекеттік қызметкерлердің діни рәсімдер мен жоралғыларға қатысуын реттеу және т.б.

Жоғарыда аталған заңнамалық өзгерістер мен кейбір құқықтық нормаларды қарау дін саласындағы өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталған. Бұл өзгерістер еліміздің тұрақты діни ахуалын одан әрі жақсарту мақсатында, халықаралық аренадағы діни қатынастарды құқықтық реттеу бойынша оң нәтижелерге ие шет мемлекеттердің озық тәжірибелері ескеріліп, жан-жақты зерттеліп, әзірленді. Мәселен, Әзербайжанда кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни ағымдар мен олардың рәсім-жоралғыларына еркінен тыс тартуға немесе қатыстыруға қатаң тыйым салынған. Ал Беларусь Республикасының «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңының 39-бабында жасөспірімдерді діни ұйымдар мен олар өткізетін іс-шараларға еркінен тыс не болмаса ата-аналарының (оларды алмастыратын тұлғалардың) рұқсатынсыз тартуға тыйым салынған және заңмен бекітілген жауапкершілікке апарады.

Өз Отанынан тыс мемлекетте діни білім алуға келетін болсақ, бұл мәселе де халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, толыққанды зерттелді. Мысалы, Тәжікстанда шет елдерде діни білім алу тәртібі Үкімет қаулысымен реттелген. Сондай-ақ бұл мемлекеттің заңнамасына сай, тек өз елінде бастапқы діни білім алғанннан кейін ғана өзге елде жоғарғы діни оқу орындарында білім алуға рұқсат етілген. Ал Францияда азаматтары шетелде күмәнді діни оқу орындарында білім алғаны анықталса, арнайы қызмет органдарының назарына алынып, елде орын алған кез келген лаңкестік әрекеттерге қатыстылығының бар-жоғын анықтау үшін қатаң тексерістер жүргізеді. Айталық, 2015 жылғы «Шарли Эбдо» журналы редакциясына жасалған террорлық шабуылды ұйымдастырған ағайынды Кулибалидың бірі Йеменде діни білім алғандығы және радикалды діни көңіл-күйдің рекрутына сол географиялық аймақта тап болғаны белгілі болды.

Заң жобасында қоғамдық орындарда бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім үлгісін киюге не болмаса пайдалануға тыйым салу мәселесі қарастырылды. Бұл мәселенің заң жобасында қаралуының себебі – бет-әлпетін тұмшалайтын киім кию үлгісі ата-баба мирас етіп қалдырған дәстүрімізге, сан ғасырлық тарихымызға, мәдениетімізге, рухани құндылықтарымызға және еліміздің зайырлы қағидаттарына жат болатын. Осыған байланысты былтырғы сәуірде ҚМДБ-ның өкілдерімен кездесу барысында Елбасы: «Діни сауатсыздықтың нәтижесінде... қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбеюде. Бұл – біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киген», - деп айтқаны есімізде.

Бүгінде осы мәселені әлем елдерінің көпшілігі құқықтық тұрғыда зерттеп, бет-ауызды тұмшалайтын киім үлгісін санкциялауға көшті. Мәселен, Франция, Бельгия, Австрия, Германия және т.б. елдерде адамның бет әлпетін тұмшалайтын киімге заңды түрде тыйым салынған. Яғни, заң жобасында көзделген барлық мәселелер – әлем елдерінің тәжірибелерінде бар дүниелер.

Сайып келгенде, бүгінде заң шығарушы органның қарауына өткен заң жобасы қоғамның нәзік саласын реттеуге бағытталып отыр. Олай дейтін себебіміз, бұл құжат дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеуге негізделіп, мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы өзара ықпалдастықты арттыруға, қоғамда зайырлы қағидаттарды нығайтуға бағытталған. Яғни, дін саласындағы уәкілетті орган басқа да мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, елімізге жат діни ағымдардың идеологиясының таралуының алдын алатын маңызды құжат әзірледі. Бұл құқықтық құжат дін саласын реттеу арқылы ел қауіпсіздігін және Ата Заңымызда көрініс тапқан зайырлы құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз етуде игі мақсаттарды басшылыққа алып, қоғам мен азаматтардың мүддесіне қызмет ететін болады. Елімізде дінге деген көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасқан. Мемлекеттің зайырлы құрылысы – Қазақстан халқының маңызды тарихи жетістігі.

Берік Арын,

Дін істері және азаматтық қоғам вице министрі