Қазір әлемде небір өзгерістер болып жатыр, сол өзгерістерге Қазақстан түбегейлі дайын деуге болады. Жаңа дәуірге қадам басу жолында еліміздің алдына қойылған бірқатар міндеттерді қамтыған Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында соның нақты межелері көзделген.
Елбасының былтырғы Жолдауы еліміздің ширек ғасыр ішіндегі екі жаңғыру үрдісін аяқтап, үшінші жаңғыруға негіз салған болса, биылғы Жолдауы төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында заманауи технологиялық дамудың нақты жолдарын нұсқады.
Жолдауда алғашқы міндет индустрияландырудағы жаңа технологияларға арналса, қалған бағыттары ресурстық әлеует, ақылды технологиялар, көлік-логистика, құрылыс пен коммуналдық сектор, қаржы секторы, адами капитал, мемлекеттік басқару және жемқорлықпен күрес бойынша мақсат-міндеттерді нақтылайды.
Қазір әлем жұртшылығы соңғы технологияларды кеңінен қолданады, сол себепті біздің еліміз де мұндай технологиялық жаңашылдықтардан шет қалмауы қажет. Цифрлы жүйені өркендетудің арқасында біз тұрғындардың технологиялық сауатын жетілдіруге күш салуымыз керек. Бұл бағыт Қазақстанның цифрлы жүйені жетілдіруіне, ақылды қалалардың санын арттыруға бірден бір септігін тигізеді.
Бүгінгі күні еліміздегі әр мектеп жаппай компьютер сыныбымен қамтылған. Сонымен қатар компьютер әрбір үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланылады. Компьютермен ақпаратты тасымалдау да, оны сақтау да жолға қойылды, мемлекеттік кітапханалар мен архивтердің біразы электронды жүйеге көшірілді, электронды құжат айналымы да өз кезегімен дамып келеді. Соның арқасында осы құжаттарды ресімдеу, коммуналдық қызметтің кез келген түрлерінің ақысын, айыппұлдар, салық және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге әр азаматтың мүмкіндігі бар. Өркениетті елдердің барлығы бүгінгі күні осы цифрлы жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді. Осы дамыған елдердің қатарына кіру үшін біз де цифрландыруды, әр салаға заманауи технологияларды енгізуді одан әрі қарқындатуымыз керек.
Жолдауда ресурстық әлеуеттің одан әрі дамуына баса мән берілген. Соған сәйкес Елбасы табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау, кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемділігін, жаңғырмалы энергия саласын дамытуға күш салып, 2050 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 пайызға, Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға жеткізу міндетін қойды. «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандырудың маңыздылығын да атап өтті. Тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Жыл сайын өндіріс орындары кәсіпорындар санының ұлғаюына, халық санының өсуіне байланысты әлем бойынша энергияға сұраныс күннен-күнге артып барады. Дәстүрлі жер асты қазбаларынан алынатын отын қоры азайып келеді.
Бүгін де әр ел жер асты отын қорын сақтаудың бірден-бір жолы ретінде жаңғырмалы энергия көздерін зерделеп, мамандар даярлауда ауқымды істерді қолға алып отыр.
Әртүрлі өндірістік және ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде жаңғырмалы энергия көздерімен жылу-энергетикалық және материалдық қорлардың тиімділігін арттыру үшін озық технология пайдаланылуда.
Мәселен, бүгінде дүниежүзінде қуаты 2500 МВт болатын 100 мыңнан аса жел электр стансалары жұмыс істейді екен. Дүниежүзілік энергетикалық конгрестің болжамы бойынша 2020 жылы жаңғырмалы энергияның үлесіне 1150-140 миллион тонна шартты отын келеді. Бұл жалпы энергия тұтынудың 5, 6-5, 8 пайызын құрайды. Әлемдегі дамыған мемлекеттерде пайдаланатын жалпы энергиядағы жаңғырмалы энергия үлесі АҚШ-та 20-25 пайыз, Англияда 20 пайыз (600 МВт), Жапонияда 7-9 пайыз, Германияда 12 пайызға дейін екен.
Сол бағытқа біз де бет түзеп, қазір елімізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңғырмалы энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Олар 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірді. Бұл – біз үшін азды-көпті болса да жетістік.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпараты бойынша, Қазақстандағы инвестициялардың үштен бір бөлігі пайдалы қазбаларды өндіруге тиесілі. Сөйтіп негізгі капиталдағы инвестициялардың көлемі 2017 жылы 1 триллион теңгеге өсіп, оның көлемі 8 триллион 749,3 миллиард теңгені құрап отыр.
Негізгі инвестициялар дәстүрлі түрде ірі кәсіпорындарға тиесілі, 2016 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1,5 пайызға жоғарылап, 4247,3 миллиард теңгені құрайды, ал шағын бизнеске – 3757 миллиард теңге, орта бизнеске 745 миллиард теңге сомасында тиесілі. Бұл ретте инвесторлар пайдалы қазбаларды қайта өңдеуден гөрі, өндірумен айналысқанды жөн көреді. Өңдеу өнеркәсібі болса өндірудің өсу қарқыны бойынша да, инвестиция көлемі бойынша да ілесе алмай жатыр.
Инвестицияларды негізгі капиталға тартудың екінші бағыты көлік пен қоймалар болса, 2017 жылы 1 триллион 232,9 миллиард теңгені құрап отыр.
Қазіргі уақытта жаңа техника, технологияның арқасында «жасыл» энергия саласы да өз қарқынымен бастау алып келеді. Алайда бұл салаға да инвестициялар тартудың өзіндік қиындықтары бар, себебі ел бизнесмендері де тез арада табыс тапқысы келеді, ал «жасыл» энергия саласы бойынша ұсынылып отырған жобаларды жүзеге асыру көп қаражат бөлуден басқа, көп уақытты талап етеді. Бұл бизнесмендерді аса көп қызықтырмай отыр. Сол себепті Елбасы өз Жолдауында «жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыруға айрықша көңіл бөліп, маңыздылығын атап өткен болатын.
Жаңғырмалы энергия көзін игерудің бірден-бір тетігі ретінде осы салаға қажетті жаңа мамандарды даярлау керек. Себебі күн, жел энергияларын жылу, электр энергиясына түрлендіретін гелиоқондырғылардағы, жел қозғағыштарындағы жылу, электр энергетикасының физикасын түсінетін физик-инженерлер әзірлеу өзекті. Елбасының таяудағы бес әлеуметтік бастамасында жоғары оқу орындарында оқитын жастарға бөлінетін мемлекеттік грантты 20 мыңға дейін көбейту ұсынысы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл еліміздің шекара маңайындағы аймақтар жастарының көрші мемлекеттерге кетуіне тосқауыл болары сөзсіз. Мемлекет тапсырысы бойынша тегін оқуға ілігетін жастар көбейетіні игі іс екені даусыз.
Заман талабына толық жауап бере алатын жаңа технологияның мамандары, яғни физик-инженерлер, физик-энергетиктер бізге өте қажет. Әр оқу орындарына арнайы инвестиция бөліп, оларда жаңғырмалы энергия көздерінің қондырғыларын жасайтын ғылыми оқу-өндірістік база, жаңа технологиялық лабораториялар ашып, елімізге күн, жел, жер асты жылуы және тағы басқа салалар бойынша білікті мамандарды, ғылым докторларын, ғылым кандидаттарын шақыру керек. Бұл жаңғырмалы энергия көздері тек тұрмыстық мақсатта ғана емес, ауыл шаруашылығына да ауадай қажет. Сондықтан ауыл шаруашылығының энергетик инженерлерін де арнайы даярлау қажет. Әр облыстың жоғары оқу орындарындағы талантты жас инженер, математик, физиктер арасынан ғылыми кадр әзірленуі тиіс. Сөйтіп сапалы кадрларды даярлаудың арқасында біз еліміздегі тегін күн, жел, су және т.б. энергия көздерін пайдаланып, ел экономикасын байытуға, экологиясын жақсартуға ықпал ете аламыз.
Ерболат МҰҚАЕВ, Парламент Сенатының депутаты