Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа әлеуметтік бастамаларында көкейтесті мәселелердің қамтылғандығына көз жеткіздім. Оның ішінде солтүстік өңірлерді газдандыру мәселесіне ерекше тоқталғым келеді.
Шындығында, біздің елдің шикізат қоры мол екені мәлім. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері газ өндіру 6 еседен аса өсті, бұл көрсеткіш арта беретіндігі де күдік тудырмайды. Ал газдандыру тек 50 пайызға ғана жетті. Елбасының өзі орталық және солтүстік облыстардың әлі де газсыз отырғандығын атап өтті. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Президент Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытымен магистралды газ құбырын тарту туралы бастама көтеріп отыр. Бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне де ықпал ететін жоба. Енді көгілдір отынның біздің Көкшетау қаласына да жететіндігіне шүбә келтірмеймін.
Елді газдандырудың экологиялық маңыздылығына да ерекше тоқталған абзал. Газбен жылыту жүйесіне көшу қалалар мен елді мекендерді артық ластанудан құтқарады. Президенттің айтуынша, тек Астананың өзінде ауадағы зиянды қалдықтар 6 есеге азайғалы отыр.
Газдандыру ауылдан үдере көшушілерге де тежеу болып, елді мекендерде агроөндірістік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ықпалын тигізері сөзсіз.
Бір сөзбен айтқанда, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы әлеуметтік мемлекетті қалыптастыруға және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған үлкен қадам деп есептеймін.
Әбілжан ХҰСАЙЫНОВ, Ақмола облысының қоғамдық кеңес мүшесі, «Ауыл» ХДПП» ҚБ Ақмола облысы бойынша төрағасы
КӨКШЕТАУ