• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Наурыз, 2018

Кесарь тілігі – амалсыздан жүгінетін тәсіл

11687 рет
көрсетілді

Кесарь тілігі – ғасырлар бойы жасалып келе жатқан хирургиялық тәсіл. Небір жансыздандыру әдістері мен антибиотик дәрілер көбейген сайын жатырды тілу арқылы босандыру әлемде қалыпты құбылысқа айналды. Бүгінде Америка, Батыс Еуропа мемлекеттері ешқандай медициналық көрсеткіштерсіз-ақ, тек әйелдің қалауымен бұл отаны оп-оңай жасай беретін болды. Ал Қазақстандағы жағдай қандай? Жалпы, іштегі шарананы кесарь жолымен алу міндетті әдіс пе, әлде ана мен бала өмірін сақтаудың жалғыз жолы ма? Бұл туралы Астана қаласының №3 перинаталды орталығы қабылдау-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі, 25 жыл бойы талай сәбидің кіндігін кескен жоғары санатты дәрігер Гүлшат СЕРІКБАЕВАМЕН әңгімелескен едік. 

– Гүлшат Сапаралықызы, қазіргі таң­да кесарь тілігі қалыпты отаға ай­нал­ғаны соншалық, ешкім оған елең­демейтін де болды. Статистикаға сүйе­нсек, жүкті әйелдердің 15-25 пайы­зы сәбиін кесарь тілігі арқылы дү­ниеге әкеледі екен. Мұндай хирур­гиялық әдіс – әйелдің қалауы ма, әлде дәрі­герлердің шешімі ме?

– Кесарь тілігі деп құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы нәресте мен оның жолдасын алып шығуды ай­та­ды. Бұл – хирургиялық жолмен жасалатын әдіс. Кез келген отаның асқынулары болатыны секілді, кесарь тілігінің де өзіндік зиянды жақтары бар. Сондықтан біздің елде жатырды тілу арқылы босандыру – ешқашан әйелдің қалауымен жасалмайды. Ол үшін қатаң түрде медициналық көрсеткіштер болуы керек. Айталық, толғақ кезінде жа­тырдың мойны ашылмай, ана мен ба­ланың өміріне қауіп төнсе немесе әйелдің денсаулық жағдайы табиғи жолмен босануды көтермесе, осы әдіс қолданылуы мүмкін. Әрі ота жасауды бір ғана дәрігер шешпейді. Ар­найы консилиум құрылып, бірнеше дәрі­гердің қорытындысымен ғана мәсе­ле анықталады.

Кесарь тілігі жоспарлы және шұғыл түрде жасалатын деп екіге бөлінеді. Егер жүкті әйелдің алғашқы екі баласы кесарь тілігімен алынған болса, онда одан кейінгі сәбилері де осы жолмен дүниеге келеді. Ондай жағдайда жүкті әйелдің айы-күні таяғанда ота жасалатын күн алдын-ала белгіленіп, ол операциядан бірнеше күн бұрын ауруханаға келіп жатады. Бұл – жоспарлы кесарь тілігі. Ал толғақ кезінде ананың денсаулығында әртүрлі асқынулар пайда болса, яғни қан қысымы көтеріліп, бүйрек, бауыр қызметтерінде қалыптан тыс өзгерістер пайда болса немесе толғақ кезінде баланың жүрек соғысы нашарлай бастаса, қағанақ суының түсі өзгерсе, онда екеуінің өмірін сақтап қалу үшін, амал жоқ, кесарь тілігіне жүгінуге тура келеді. Бұл – кесарь ті­лігінің шұғыл түрі.

– Кесарь тілігімен босанатын әйел­­дердің қатары соңғы кездері кө­бейіп кетуіне не себеп?

– Кесарь тілігін жасаудың басты себеп­терінің бірі – іштегі ұрықтың шамадан тыс үлкен болуы. Соңғы кездері салмағы үлкен балалар жиі дүниеге келіп жатыр. Егер шарананың салмағы 4 килодан асса, ол ірі ұрық болып саналады, 5 килодан кейін гигант ұрық болып есептеледі. Қараңыз енді, 3 кило салмақтағы баланы босану оңай ма, әлде 4 кило баланың тууы жеңіл ме? Әлбетте, іштегі сәбидің салмағы шамадан тыс үлкен болса, онда кесарь тілігімен босандырып аламыз. Өйткені ірі салмақты балалар көбейгенімен, әйелдің жамбас сүйегінің кеңдігі мен дене бітімі бұрынғы қалпы. Тым ірі баланы кез келген әйел табиғи жолмен дүниеге әкеле алмайды. Сондықтан мұндағы жалғыз жол – кесарь тілігі.

– Сонда ұрықтың іріленіп кетуі тұ­қым қуалай ма, әлде жүкті әйелдің қимыл-қозғалысына байланысты ма?

– Оның себебін ешкім тап басып айта алмайды. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыздың да құрамы өзгерді. Оның ішінде қоспалар көп. Бұл да бір себеп болуы мүмкін. Екіншіден, бүгінгі заман әйелінің қимыл-қозғалысы күрт төмендеп кетті. Қимылы аз әйелдің іштегі баласы шамадан тыс өсіп кетуі мүмкін. Сондықтан жүкті әйелдің денсаулығын бақылаушы дәрігердің арнайы нұсқамасы болмаса, әйел адам өзін жақсы сезінсе, баланың түсу қаупі болмаса, онда аяғы ауыр әйел неғұрлым қозғалыста жүргені дұрыс.

– Жұртшылықтың арасында «дә­рі­герлер кей жағдайда үстеме ақы алу үшін жүкті әйелдерді кесарь тілі­гімен босандырып алады» деген де пікір бар...

– Кесарь тілігін жасағанымыз үшін біздің жалақымызға ешқандай да үстемақы қосылмайды. Қанша ота жа­сасақ та өзімізге бекітіліп берілген айлығымыздан артық ақша алмаймыз. Әрі кесарь тілігі кез келген жағдайда жасала бермейтінін жоғарыда айттым. Бұл үшін арнайы медициналық көрсеткіштер болуы керек. Біздің жұ­мысымызды да қадағалап отыратын басшыларымыз, арнайы мекемелер бар. Дәрігерлер арнайы бекітілген хаттамадан асып ештеңе де жасай алмайды. Оның сыртында дәрігерлер де – адам. Біз де Алладан қорқамыз. Кейде қатты қиналып жатқан әйелге «алдымен Алладан тілеңіз, ал біз сізді және сәбиіңізді аман алып қалу үшін қолымыздан келгенін жасаймыз» деп айтатынымыз бар. Өйткені өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан жүкті әйел мен құртақандай сәбидің өмірін сақтап қалу үшін ақ тер, көк тер болып, жанталасатын сәттеріміз жиі кездеседі. Ондай кезде ақшаны ойламақ түгілі, өзіңді де ұмытып кететін кездер аз болмайды...

– Кесарь тілігінен кейін табиғи жол­мен босану мүмкіндігі бар ма?

– Әрине. Егер әйел адам алғаш рет кесарь тілігін жасатса, одан кейін ара­ға кемі 1,5-2 жыл салып жүкті бол­са, онда баланы табиғи жолмен әке­луге мүмкіндігі бар. Ол үшін әйелдің ден­саулығы қалыпты болуы қажет және операциядан кейін ешқандай асқынулар мен қабыну белгілері болмауы тиіс. Ал егер жатырға қатарынан екі немесе одан да көп тілік түскен болса, онда баланы тек отамен ғана аламыз, басқа ешқандай жо­лы жоқ.

– Бұрын кесарь тілігімен босанған әйел­дерге үштен артық бала тууға ты­йым салынғаны белгілі. Қазір төрт, ­одан да көп сәбилі болуға мүм­кін­дік бар деп естиміз...

– Иә, қазір медицинаның дамуына байланысты кесарь тілігін жасау әдісі де өзгеріп келеді. Бірақ айналып келгенде, бәрі де әйелдің денсаулығына байланысты. Ағзасы мықты, жатырында, жатыр түтікшелерінде жабысқақ, қабыну секілді аурулары, басқа да инфекциялық сырқаттары жоқ, қан қысымы мен өзге де ағзаларының жұмысы қалыпты жұмыс істейтін әйел адам кесарь тілігімен төрт, одан да көп балалы болуға мүмкіндігі бар.

– Кесарь тілігін жасар алдында әйел­ге эпидуральды жансыздандыру әді­сі салынатыны белгілі. Белден тө­мен жансыздандыратын бұл тәсіл ана мен балаға қаншалықты қауіпсіз?

– Жұлынға салынатын эпидуральды анастезия ана мен бала үшін ең қауіп­сіз әдіс болып саналады. Оның ар­­тықшылығы сол, ана баласының «шыр» етіп дүниеге келгеніне куә болып, сәбиін мейірленіп, қолына ала ала­ды. Былайша айтқанда, әйел есін біліп жатады. Қазір біз операция жасайтын блокта музыка қоюды дәстүрге айналдырдық. Әдемі әуен әйелдің қорқынышын басып, нәрестесіне деген мейірімін еселей түседі. Ал жалпы жансыздандыру әдісі кезінде әйел ұйықтап жатады да, айналадағы дүниеде не болып жатқанын сезбейді. Тіпті сәбидің алғашқы дауысын да ести алмайды. Қазір медицина босанатын әйелге көбіне эпидуральдық жансыздандыру әдісін қолданатыны да сондықтан.

Әңгімелескен

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»