Аягөзде үйін су басқан 12 отбасы жаңа пәтерге кірді. Баспана кілтін облыстың әкімі Даниал Ахметов тапсырды.
Осыдан тура тоғыз күн бұрын Аягөз қаласындағы кіші Аягөз өзені арнасынан асып, 100-ден астам үйді су басып, 8 үй мүлде жарамсыз, 10 үй апатты деп танылған еді. Алайда арнайы құрылған комиссия кейін тасқыннан 189 үйдің зардап шегіп, 8 үйдің қирап қалғанын, 32 үйдің тұруға жарамсыз екенін анықтаған-ды. Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов Аягөз қаласына арнайы барып, қарғын судың кесірінен баспанасыз қалған 12 отбасыға пәтер кілттерін табыстады.
«Міне, қысқа мерзім ішінде 49 млн 500 теңгеге он екі үйді сатып алып, өздеріңізге беріп отырмыз. Енді бір он күннен соң тағы да 15 отбасын пәтерлермен қамтамасыз етеміз бе деген ойымыз бар. Сәл сабыр сақтаңыздар. Сіздердің осындай қуанышты, риза көңілді жүздеріңізді көру біз үшін де бір бақыт. Келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын», - деді аймақ басшысы.
Табиғаттың тосын мінезінен әп сәтте баспанасынан айырылып қалса да, сын сағатта елдің, жергілікті биліктің қамқорлығын, қолдауын сезінген Аягөз тұрғындары ағынан жарыла лебіздерін жеткізді. «Күл деп едіңіз міне, күліп жүрміз. Сіз табиғат апаты басталғаннан бері екінші мәрте келіп тұрсыз. Бір апта ішінде талай шаруа тындырылды. Оған халық та куә. Жан-жақтан азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары лег-легімен келіп жатыр. Мың да бір рахмет. Мемлекетке, Елбасымызға, өзіңіңізге, жергілікті азаматтарға алғысымыз шексіз», - деді тілсіз жаудан зардап шеккен Аягөз қаласының тұрғыны Меруерт Дауытбаева.
Реті келгенде айта кетейік, Аягөз ауданына осы уақытқа дейін 34 млн 255 мың теңгенің гуманитарлық көмегі көрсетіліпті. Облыстық «Парыз» қорынан бөлінген 100 млн теңгені қоса алғанда «Аягөз Болашақ» қайырымдылық қорына 169 млн теңге түсіпті.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы