Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі солтүстікқазақстандықтар тарапынан да зор қолдау тауып отыр.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы еліміздің дамуын одан әрі ілгерілететін, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсартатын есеп-қисабы мұқият жасалған ұсыныстарын жариялап, үдемелі жаңғыру жолын белгілеп берді.
Ауқымды бағдарлама бес әлеуметтік саланы қамтып, күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешудің басты бағыттарын айқындап берді. Бірінші бастамада әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері нақты қарастырылып, «7 – 20 – 25» бағдарламасы ұсынылды. Енді ол бойынша әрбір қазақстандық үшін қолжетімді пәтерге қол жеткізудің мүмкіндігі артары сөзсіз. Облыс орталығының өзінде ғана 13 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Соңғы жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде құрылыс индустриясын дамытуға баса мән беріліп, тек биылдың өзінде 1660 пәтерге лайықталған 15 үй тұрғызылады. Олардың 400-і көп балалы аналарға, жарымжан жандарға беріледі.
Жаңа шағын аудандар бой көтерді. Құрылыс саласына жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде жылына 200-220 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда 20-25 пайызға көп. Президент ұсынған айрықша әлеуметтік маңызы бар бағдарламаны жүзеге асырудың нақты тетіктерінің қарастырылуы арқасында ипотекалық баспанаға деген сұраныстың арта түсері сөзсіз. Бұл, әсіресе, баспанаға мұқтаж адамдар үшін үлкен жеңілдік.
Мемлекет басшысы атап өткендей, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың шеңберінде жеңілдетілген шағын несиелер беру неғұрлым тиімді тетік саналады. Былтыр өңірде 30714 адам жұмысқа орналастырылып, жаңадан ашылған жұмыс орындарына 13492 адам тартылды. Араларында шағын несие алып, өзгелерге жұмыс тауып берушілер аз емес. Бұл салаға еліміз бойынша қосымша 20 миллиард теңге бөлінуі ауылдықтар үшін айрықша маңызды. Өйткені тұрғындардың басым көпшілігі ауылдық елді мекендерде тұрады. Сондықтан олардың нақты істермен айналысуы бірінші кезекте қаржылық қолдауды қажет етеді. Биыл 27 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтушыға жан-жақты көмек көрсетіледі.
Владимир БУБЕНКО, облыстық мәслихаттың хатшысы
Солтүстік Қазақстан облысы