Елбасы Үндеуі көктемнің самал желіндей жастардың жүрегін ерекше қуанышқа бөлегені анық. Қазір білім, мамандық алуға құштар, бірақ грантқа іліне алмай, ақылы бөлімдерде оқуға қаржысы болмай уақытын жоғалтатын жастар аз емес.
Енді Елбасы қолдауының арқасында жастарымызға өзіміздің елде ақысыз білім алуға зор мүмкіндік туды. Әр оқу жылында бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлінуі көптеген жастардың үмітін жағып, жоғары білімге деген қолжетімділікті арттырып отыр.
Қазіргі таңда аймақтық университеттердің барлығы көп салалы жоғары оқу орындары. Яғни тек бір бағытта емес, экономикалық, педагогикалық, гуманитарлық, техникалық, аграрлық, құқық, жаратылыстану, тағы басқа салаларға мамандар даярлайды. Елбасының қосымша бөліп отырған білім грантын аймақтық жоғары оқу орындарына тапсырған талапкерлер де иелене алады. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті де өңірде орналасқан бірден-бір көп салалы білім ордасы болғандықтан Алматы облысының, жалпы республикамыздың жас тұрғындары біздің университетке талапкер болу арқылы бақтарын сынауға мүмкіндіктері зор. Тағы бір айта кететін жағымды жаңалық, жыл сайын Алматы облысының әкімдігі әлеуметтік көмек көрсету жолымен жүздеген жастарға жергілікті бюджет есебінен білім беру грантын тағайындайды. Мәселен, былтырғы оқу жылында 83 жас түрлі мамандықтар бойынша әкім грантымен білім алып жатыр. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табады деген сенім жоғары. Себебі Елбасының бес әлеуметтік бастамасы жарық көрген күннен облыс әкімі Амандық Баталов І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне үлкен қолдау көрсетіп, алдағы 2018-2019 оқу жылында 100 грант бөлетінін жеткізді. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да елді цифрландыру үдерісіне байланысты техникалық мамандар дайындау керектігін айтқан болатын. Осы жолғы Үндеуінде бөлген 20 мың білім грантының 11 мыңы техникалық мамандар дайындауға жұмсалатынын еске салды. Бұл өте дұрыс шешім. Елдің экономикасын дамыту үшін өндіріс қашанда ту ұстаушы болып қала бермек. Қазір бұл саланы жаңа технологиялармен дамыту үшін цифрландыру жұмыстары басталды. Оған инженерлермен, технологтермен қатар ІТ-мамандар өте қажет. Осы мақсатта біз алдағы оқу жылында техникалық, аграрлық сала бойынша жаңа мамандықтар ашуды көздеп отырмыз. Жаңа мамандықтар есебінен Елбасы бөлген қосымша грант жетісулық жастарға да бұйырады деп ойлаймын. Университеттегі құрылымдық бөлімдер жұмысын, оқу процесінің кейбір тұстарын цифрландыру мақсатында жоспарлау және цифрландыру департаментін құрып, нақты жұмыстарды қолға алдық.
Елбасы Үндеуінде айтылған студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі өте орынды. Әрине бұған дейін де студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Десек те Президенттің «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын», деуі түйінді мәселені тарқатқандай болды. Мұның білім ордаларының жағдайын жақсартуға, студенттердің күнкөрісіне, сабаққа алаңсыз қарауына ықпалы зор болары сөзсіз. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде 524 орындық екі жатақхана бар. Онда ата-анасы жоқ студенттер тегін тұрады. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан елді мекеннен келген студенттер, әлеуметтік жағынан аз қорғалған, көп балалы отбасынан шыққан, жатақханада тұруға ниет білдірген студенттердің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген. Барлық бөлмелер тұрмыстық техникамен, жұмсақ жиһаздармен жабдықталған. Дегенмен де Елбасы Үндеуінен кейін студенттерге жаңа жатақхана салу мәселесі көтеріліп, облыстық әкімдікпен келісім жүргізілді. Алдағы уақытта 500 орындық жаңа жатақхана салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жер бөлініп, құжаттар дайындалып жатыр.
Әлеуметтік жағдайдың жақсаруы – қуатты елге айналу жолындағы қарекет.
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің
ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор