Тасын түртсең, тарихы сайрап қоя беретін Жуалы ауданына қарасты Бұрхансай шатқалынан мыңнан аса таңба табылды. Ғалымдардың айтуынша, қола дәуірі мен түркі кезеңінен сыр шертетін бұл тастардың Бұрхансай мен кіші Қаратау жотасынан табылуы – үлкен олжа. Ал жартастағы таңбалардың тарихы тым тереңде жатса керек.
Жартастағы жазулардың тарихына терең бойлаған мамандар петроглифтер біздің заманымызға дейінгі 4 мың жыл бұрын салынған дегенді алға тартып отыр. Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан 50–60 шақырым жерде орналасқан Бұрхансай шатқалы 8 шақырымға созылып жатыр. Мұндағы тарихи жазулар қола дәуірінен бастап темір, түркі кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды.
Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, Жуалы тауларында алғаш рет 54 жыл бұрын кеңестік археологтер петроглифтерді зерттепті. Ал Күркіреусу ауылы маңына 2006 жылы Тұран археологиялық экспедициясы алғаш рет ат басын бұрған. Сол кезде біршама таңбалы тасты кездестірген. Алайда ол кезде шатқал қойнауындағы тарихи байлық толық зерделенбепті. Аталған жұмысты жалғастыруды жөн көрген ғалымдар мыңнан астам жартастағы суреттермен танысқан.
«Мұндағы бірегей суреттердің ғылым үшін маңызы зор. Жергілікті немесе республикалық маңызы бар ескерткіштердің қатарына енгізілмеген. Ендігі міндет, ғылыми ортада және өзге кеңістікте кеңінен таныту. Сол бағытта жұмылған жұдырықтай бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Ералы Ақынбек.
Шатқалдағы тау ешкілердің бейнесі көзге оттай басылады. Бұғы аулау бейнесі мен өркешті түйелердің де жиі ұшырасатынын байқау қиын емес. Ол әрекеттерді мамандар сақ дәуірі және қаңлы кезеңімен сабақтастырып отыр.
«Мұндағы таңбалардың өзіндік терең тарихы бар. Сондықтан оларды жеті кезеңге бөліп отырмыз. Аса өзені мен Терісащыбұлақ су қоймасының аралығын, сондай-ақ Маймаққа дейінгі аралықты қайта зерделейміз. Тек Бұрхансай шатқалымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта Сырдария-Қаратау бойындағы ескерткіштер мен қорымдарды толықтай зерттеуге кірісеміз. Қысқасы, тас ғасырынан қазіргі кезеңге дейінгі тарихи орындарды мемлекет қорғауына алу бойынша жұмыстанамыз», дейді Ә.Марғұлан атындағы ғылыми археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Борис Железняков.