• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Наурыз, 2018

Семейді су басуына  байланысты шұғыл жиын өткізілді

267 рет
көрсетілді

28 наурызда Ертіс өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, Семейдегі Түйемойнақ аралындағы 10 үйді су басқан еді. Қазіргі уақытта өзендегі су деңгейі көтерілгендіктен қалаға тақау Бесқарағай ауданының 11 ауылдық округін су басу қаупі төніп тұр. 

Бүгін Өскеменде осы мәселеге байланысты шұғыл жиын өткізіліп, жағдайдың орын алуына Ертіс бассейні инспекциясының өз жұмысына салғырт қарағаны, су деңгейіне дұрыс мониторинг жүргізбегені, үш есе мөлшердегі су жіберетінін жергілікті билікке алдын ала ескертпегені, соның кесірінен жүздеген адамның өміріне қауіп төнгені айтылды.

«Үш күн ішінде түсініксіз себептермен су тоқтаусыз жіберілген. Шүлбі су қоймасында 1 наурызда судың орташа босатылу көлемі секундына 501 текше метрді құраған. 20 наурызда су көлемі шұғыл артып, секундына 661 текше метрге жеткен. 25 наурызда секундына 721, 27 наурызда секундына 1127, ал 28 наурызда апатты жіберу, яғни секундына 1800 текше метр су жіберілген. Бұл су қоймасында су жіберу жүйелі түрде жүргізілмегенін көрсетеді. Сіздер ешбір ескертусіз жіберілетін су мөлшерін үш есеге асырғансыздар. Жағдайды неге алдын ала болжамағансыздар?», - деді жиында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов.

Ертіс бассейні инспекцияның басшысы Қазымбек Баймағамбетов 23 наурыз бен 26 наурыз аралығында қар аралас жаңбыр жауып, қоймадағы су молайып, су деңгейі апатты шамаға жеткендіктен, бөген қауіпсіздігі үшін суды көптеп жіберуге мәжбүр болғандықтарын жеткізді. Жиынға қатысқан облыс прокуроры Құсайын Игембаев орын алған жағдай қазір тексеріліп жатқанын атап өтті. «7 наурызда арнайы жиын өткізіп, қала мен аудан әкімдеріне, тиісті мемлекеттік органдарға жағдайды күнделікті қадағалап, мониторинг жүргізуді тапсырғанбыз. Қазіргі уақытта төтенше жағдай жарияланған аудандарда да тексеру жүргізілуде», - деді облыс прокуроры.

28 наурыз күні түнде Ертістегі су деңгейі 525 сантиметрге (шекті деңгей – 450) жетіпті. Түйемойнақ аралынан 192 адам қауіпсіз жерге көшірілген. 139 адам (оның – 40-ы бала) қонақүйге орналастырылған.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы