Теледидардың дидарын ашып «көксандықтың» ажарын кіргізіп жан-жақты ойластырған бағдарлама, сол бағдарламаны тілі мүдірмей, дидарларынан нұр төгіле отырып жүргізетін азаматтарға тәуелді екені белгілі. Бұл жағынан келгенде әр хабардың қаймағына айналып, жұрттың ілтипатына бөленген жақсылар аз болған жоқ. Ондай мықтылар қазір қазақ теледидарының ардагерлер санатындағы сарбаздар саналады.
Бұрын радионы серік етіп келген қазақ жұрты осыдан 60 жыл бұрын, нақтылай түссек 1958 жылы көктемде ұлттық теледидардың тұсауы кесіліп , айна бетінен адамдар көріне бастады. Бұл ел өміріндегі керемет оқиға саналғаны да мәлім. Сол қазақ теледидарының қара шаңырағы бүгінде төрт құбыласы түгел деуге тұрарлық «Қазақстан» Ұлттық арнасы екені белгілі. Көл-көсір хабарлар мен небір айтулы бағдарламалар ұлт тарихының шежіресіне айналғаны туралы атаулы 60 жылда сараланып, мерейтой мемлекеттік дәрежеде дүрілдеп өтті. Сән-салтанат келісті болды. Тарту-таралғы да жетіп-артылды. Соның қатарында 1958-2018 жылдар ішіндегі бағдарламаларды баяндаған «Елдидар» атты әдемі безендірілген, сапалы қағазға басылған, түрлі-түсті суреттермен көмкерілген кітап жұрт қолына тиді. Бұл рухани құндылықты құрастырғандар: филология ғылымдарының докторы, Сүлеймен Демирель университетінің профессоры, телезерттеуші Құдайберген Тұрсын мен өнертану магистрі Ержанар Әшейхан екенін айта кетелік.
Эфирден сағат санап, минут есептеп көрермендермен жүздесуге, тілдесуге, пікірлесіп сырласуға жол тартқан алпыс жылдағы айтулы бағдарламалар легі туралы ой қозғай келіп, оны алфавит бойынша беруі де жақсы әсерге бөлейді. Кітапты парақтап отырғанда небір оқиғалар, жұртшылықпен дидарласу, ұлт зиялыларымен әңгіме дүкен құру, әдебиет пен мәдениеттің алыптарымен сыр-сұхбат жасау – бәрі де жарасымды берілген.
Жылдар жылжып, заман өзгерген сайын ескі сүрлеудің орнын жаңа ізденістер басып жатады. Бүгінгінің өлшемі, ертеңге бедел болмасы да белгілі. Сондықтан да дәуірге қарай тәуір талпынбасаң тасада қалып қоюың кәдік. Бұл алған биігіңді, жеткен жетістігіңді көмескілендіріп жіберуі де мүмкін. Сондықтан да болар кітаптың беташары «қазақтың бас ақыны» (Ә.Бөкейхан), ұлттың бары мен жоғын, ащысы мен тәтісін аянбай айтып, осыны түзесең түгел боласың деген Абайдай данадан басталыпты. Әр кездерде «Абай әлемі», «Абай – халықтың ұлы», «Абайтану» – осылай жалғасып кете береді. Тәуелсіз елдің бақ пен бақыты туралы алуан түрлі бағдарламалар да аз болмаған екен. Әсіресе Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, А.Машанов, Н.Тілендиев, Ә.Кекілбаев, басқа да ұлт зиялылары жайлы берілген ауқымды хабарларда көтерген мәселелер қамтылыпты. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақстан» Ұлттық арнасының өткенін шежіредей шерткен кітаптан алар тағылым аз емес.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»