• RUB:
    4.76
  • USD:
    526.11
  • EUR:
    542.31
Басты сайтқа өту
Кино 30 Наурыз, 2018

«Қасқырлар қоршауынан» «Жерұйыққа» дейін

1103 рет
көрсетілді

Туған ауылынан 30 ша­қырым қашықтықта орна­ласқан мектеп-интернатта оқитын 13-14 жастағы жасөспірім бала жаңа жыл қар­саңында шаңғымен үйіне қарай жолға шығады. Кенет бас­талған алай-дүлей боран ен далада жалғыз қалған қаршадай баланы алған бағытынан адастырады да жібереді. 

Бір кезде аспан да, жер де көрінбейтін уілдеген ап­пақ әлемде ұлыған боран мен қасқырдың дауы­сы қосарлана шығады. Соңынан ерген екі-үш қасқырды бай­қаған бала алдынан шыға келген мая шөптің арасына ойлан­бастан күмп береді де ке­теді. Қасқырдың азуына ілінбеудің амалын жасамақ болған бала жаңағы мая шөптің ішіне қарай тере­ңірек барып тығылады. Сөйтіп мая шөптің маңайын торуылдаған қасқырдың, ішіндегі жан-жағын қау­малап, үсті-басын жыбырлатып, «ойнақ салған» ақ тышқанның қоршауында жаңа жылды қарсы алып, түні бойы сол жерде отырады. Осылайша қиын кез­де еш сасқалақтамай, ты­ғы­рықтан шыға білген жас­өспірім – бүгіндері қазақ өне­­рі мен мәдениетінің белді өкілдерінің біріне айналған белгілі кинорежиссер, продюсер, Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген қайраткері Сламбек Тәуе­кел еді. 

Жалпы, адам болмысын,­ тұл­ғалық қасиетін тану­да балалық шағына назар ауда­ру өте маңызды ғой. «Ка­­захстанская правда» га­зе­тінің 2009 жылғы қаң­тар айын­да жарияланған «В ком­пании волков» атты естелік мақалада баян­дал­ған жа­ңағы оқиға бүкіл са­налы ғұ­мыры қазақ киносымен біте қай­насып кет­кен Сламбек Тәуекелдің тұлғалық қасие­тінің ең бір маңызды кілті іспетті. 

Ұзақ жылдар кино саласында басшылық қызмет­тер­де болған Сламбек Тілеу­ғабылұлының бойында әрі ұйым­дастырушылық, әрі режиссерлік, продюсерлік қа­сиеттердің бірдей тоғы­суы да кездейсоқ емес. 

Ізденімпаздық пен ең­бек­­қорлық кейіпкеріміз үшін,­ шынында да, бала кезі­нен-ақ жат болмапты. 

Павлодар облысының Ми­хай­лов ауданы Жаңабет ауы­­лынд­а дүниеге келген Слам­­бек әкесінен ерте айырылады. Ағасы Ескен екеуі кезін­де Қаугөл деп аталған Железинка ауданының сол­­түс­тік-шығыс өңірі­нің болысы болған, ше­шен­­­дігімен, әділет сүйгіш­тігімен елге ке­ңінен таныл­ған нағашы атасы Мұқамет­жан Едігеұлы және әжесі Ырысалдының қо­лында тәрбиеленеді. Анасы Мағы­пира сырмақ сырып, алаша, кесте тоқу, киім тігу сияқ­ты он саусағынан өнер тамған қолөнерші болған екен. Ана­сының осы қасиеті дары­ған болуы керек, мектепте оқып жүргенде сурет салуға деген құмарлық пайда болады. Оған қоса, аудандық газет­ке тілші ретінде мақа­лалар жазып тұрады. Мәс­кеудегі Бүкілодақтық мем­­лекеттік кинематография инс­титутының экономика­ факультетін бітіріп кел­ген алғашқы жылдары-ақ «Кү­найна» мультфильмінің сце­­нарийін жазуы (1975, реж. Әмен Қайдаров), 1990 жыл­­дардың басында көр­кем­суретті және деректі фильм­дерді түсіруге бет бұ­руының өзі кездейсоқ емес екені осы­дан-ақ белгілі болса керек.  23 жастағы жас жігітке институт бітіріп келе салы­сымен «Қазақфильм» ки­­­но­­студиясындағы муль­­ти­п­ликациялық бірлестіктің ди­ректоры деген жауапт­ы қызмет жүктеледі (1971).­ Бұл – қазақ муль­типлика­циялық киносының өмір­ге келгеніне үш-төрт-ақ­­ жыл ғана болған кез еді.­ Дүниеге жаңа келген өнер­­дің аяққа нық тұр­уы жо­лында атқарылар жұ­мыстың шаш етектен болары белгілі. Осынау қиын да күрделі әрі қызықты іске үлкен құлшыныспен бі­лек сыбана кірісіп кеткен жас маман ә дегеннен өзі­нің ұйым­дастырушылық-шы­ғар­машылық әлеуетін дәлелдеп үлгереді.  Арада екі жыл өткенде (1973) Қазақ КСР-інің кинематография жөніндегі Мем­­лекеттік комитеттің ки­но­өндірісі бөлімінің басшысы бо­лып тағайындалады. Кино өндірісі мен шығар­машылық жұмыстарды ұйым­дастыруда біраз тәжі­рибе жинап үлгер­ген жас маман 1975-1980 жыл­­дары Ш.Айманов атын­дағы «Қа­зақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары болады. 1980-1990 жылдар аралығында Мемлекеттік кинематография комитеті тө­рағасының орынбасары – ки­ностудияның директоры қызметін атқарады. Осы жылдары кино өнері бойын­ша көркемдік кеңестің тө­р­аға­сы қызметі де бірге ат­­қарылады. 

Қазақ киносының бағыт-бағ­дарын айқындауда, күн­діз-түні тынбай еңбек етуде ол жалғыз болған жоқ. Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Әмен Қай­дар, Мәжит Бегалин, Ораз Әбішев, Әзір­байжан Мәмбетов, т.б. сияқ­ты су­рет­керлер мен­ Өзбек­әлі Жәнібеков, Ми­хаил Есен­әлиевтей қо­ғам­ қайрат­керлері, Камал Сма­йылов, Лейлә Ғалым­жа­нова, Олжас Сүлейменов сияқ­ты кинокомитет төраға­лары – министрлер, Қалтай Мұ­қамет­жанов, Әбіш Кекіл­баев, Әкім Тарази, Тө­лен Әбдік, Мұрат Әуезов сын­ды қазақ әдебиеті мен өне­рінің ірі қайраткерлерімен бірге атқарылған істер кино өнерінің сан қырлы құпиясын мейлінше жетік меңгеруге, оның даму бағыттарын болжап, жүзеге асыруға көп әсер етті әрі тә­жірибе салмағы басым бола түседі.  Жалпы, қазақ киносы үшін мамандар тапшылығы ылғи да сезілген ең бір өзекті мәселе болғаны белгілі. Бауыр­жан Нөгербек, Ораз Рымжанов, Серік Райбаев, Болат Омаров, Максим Смағұловтармен бірге инс­­титут бітіріп, киностудия жұмысына араласа бас­таған 1970 жылдардың басында да бұл мәселе күн тәртібінен түспеген еді.  Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықовтар бірінен кейін бірі өмірден өткен жыл­дары, қазақ киносы біраз уақыт тоқырау кезе­ңін басынан кешті. Қазақ кино­сының бола­шағы үшін өз мамандарын даяр­лау керектігі оны мазалаумен болады. Осы бір өзекті мәселенің ше­ші­мін табудың бір жолы ре­тінде республиканың сол кез­дегі кино басшылығына Мәс­кеудегі Бүкілодақтық мем­лекеттік кинематография институтына қазақ жастарын оқуға жіберуге ұсыныс жасайды. Киностудия жанынан арнайы курстың ашылып, оған келген талап­керлер арасынан талантты жастардың іріктеліп, оқуға аттануына ықпал етеді. Көп уақыт өт­пей-ақ бұл жастардың фильм­дері «жаңа толқын» деген атау­­мен қазақ киносының та­ри­хына енді. Осылайша Л.Ғалымжанова, О.Сүлей­менов, М.Әуезовтер­мен бір­ге «жа­ңа толқын» кино­­ның дүниеге келуіне себепкер бол­ды. 

Сламбек Тәуекелдің қа­зақ киносын насихат­тау­дағы та­ғы бір маңызды жобасы – 1996 жылы Тәуел­сіздігіміздің бес жыл­ды­ғына әрі кино өнерінің жүз жылдығына орай «Си­не­ма-100» халық­ара­лық киномарафонын ұйым­­­дастырды. Әлемнің 23 мем­лекетін аралап өт­кен кино­марафон, шынында да, Орталық Азия, ТМД, Еуропа елдерінің мә­дени өмірінде ерекше оқи­ға ретінде орын алғаны есі­мізде. Сондай-ақ, 1998 жы­лы тұңғыш рет өткен, бү­­гіндері Қазақстанның ғана емес, әлемдік кино өне­рі­нің кеңістігінде ма­ңыз­­­ды шаралардың біріне ай­налған «Еуразия» ха­лық­­ара­лық кино­фестивалін ұйым­дасты­ру­шылардың бі­рі болды. 

Жалпы, Сламбек Тәуе­кел­­ге суреткер ретінде тұл­ға және халық, тұлға және қоғам та­қырыптары аса жақын. Уақыттың, кейіп­кердің бей­несі тұтастықтан жеке-жеке бөлшектерге бө­лініп барып, сол тұтас­тық­қа қайта оралады. Мәселен, «Сәтбаев: ғасыр адамының толғауы» (2000) атты деректі фильмін ала­йық. Сламбек Тәуекел ұлы ғалым­ның бейнесін көр­сетуде шы­ғар­машылық ізденістерге толы қызықты жолды таң­дай­ды. Шынында да  бұл фильмнің жеке тұл­ғалардың өміріне арнал­ған біраз еңбек­термен са­лыс­­тырғанда ерек­шелігі көп. Архив материалдарын ұйымдастыру, кине­ма­то­­графиялық формасы­ жа­ғынан өте қызықты шық­­қан бұл фильмде тек кейіп­кердің ғана емес, ол өмір сүрген уа­қыттың, халық­тың бейнесі кезек­тесе оты­рып, алдыңғы қатарға бірі­нен кейін бірі шығады. Осы­лайша олар бір кезде тұтас бейнеге айналады. Нәти­жесінде уақыт, халық, Сәт­баев біртұтас бейне болып шыға келеді. 

Сламбек Тәуекелдің фильм­­дерінде кейіп­кер­леріне де­ген ғажап бір сүйіс­пеншілік, сый-құр­мет, ілтипат бар. Ол үшін әрбір кейіпкер – қай­та­ланбас, аяулы да нәзік әлем. Кинематографиялық қа­лып­­қа саларда оған өзі үшін баға жетпес аса бір құнды әлемдей назар аударады. Әсіресе белгілі театр және кино әртістері Та­мара Қосыбаева, Сағи Әшімов, Кененбай Қо­жа­бе­­ковтердің өмірі мен шы­ғармашылығына арнал­ған «Актриса апа» (2008), «Са­ғыныш» (2011) және «Төзім» (2013) деректі фильмдерін осындай шы­ғар­маларының қатары­нан еке­нін айтқымыз келеді. 

Тұлға және қоғам, уақыт және халық – Сламбек Тәуе­келдің «Батыр Баян» (1993), «Махамбет» (2008), «Жер­ұйық» (2010) атты көр­кемсуретті фильмдеріне де тән тақырыптар. Белгілі кино­­танушы Бауыржан Нөгер­бек «Істің адамы» деген мақаласында «Слам­бек Тәуекел режиссер ретін­де халықтық киноның дәс­түрлерін жалғастырып келеді» деп жазды («Кино­ман» журналы, №4, 2008, 13-бет). Шынында да Слам­бек Тәуекел – тек де­ректі шығармаларымен ғана емес, көркемсуретті фильм­­де­­рімен де халықтық кино тү­сіріп келе жатқан режиссер.

«Бұлақ көрсең кө­зін аш» дейді қазақ. Бүгін­дері Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінде бола­шақ режиссерлер мен продю­серлерді тәрбиелеп жүрген Сламбек Тәуекел жас кине­матографистердің шы­ғар­машылығын үнемі қол­даудан, ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Олар түсірген бір жақсы фильмді көре қалса, шынайы қуанған сәттеріне талай куә болдық. «Ұстазы жақсының – ұстанымы мық­ты» дейді. Ертең қазақ киносына дәл өзіндей адал қызмет ететін жалынды, дарынды жастардың келіп қосылатынына, әрине, бек сенімдіміз.         Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты