• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Сәуір, 2018

СҚО-ға Парламент депутаттары жұмыс сапармен келді

264 рет
көрсетілді

Парламент депутаттары «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінен туындайтын міндеттер мен талаптарды түсіндіру мақсатымен облысқа келіп, ұжым мүшелерімен кездесті.

Мәжіліс депутаттары  Светлана Бычкова, Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина, Жәмила Нұрманбетова, Қанат Мусин  облыстық ішкі істер департаментінде болып, көші-қон қызметінің, жедел басқару орталығының, учакелік бекеттердің жұмыстарымен танысты. ОІІД-нің басшысы, генерал-майор Берік Біләлов өз сөзінде 977 бейнебақылау камерасы жұмыс істейтінін, биыл 300 миллион теңгеге 336 заманауи құрылғы сатып алынатынын жеткізді. Былтыр пайдалануға берілген жатақханаға 102 полиция қызметкерінің отбасылары қоныстанған. 40 қызметкер «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қолжетімді баспанаға ие болған. 300 қызметкердің пәтер кезегінде тұрғаны ескеріліп, алдағы уақытта 100 пәтерлі үй тұрғызылатын болады.

А.Нұркина «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» департаментте  атқарылып жатқан шараларға оң баға беріп, бірінші бағыттың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Мемлекет тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып келеді. Оның нақты бір мысалы ретінде «7-20-25» бағдарламасын ерекше атап өтті. Несие мөлшерлемесі де жеңілдетілді, деді ол. Басқа халық қалаулылары жоғары білім алудың сапасын арттыруға, ауылдықтарды шағын және орта бизнес саласына көптеп тартуға байланысты іргелі істер жүзеге асырылатынын әңгімеледі.

№1 қалалық емхананың ұжымымен өткен жүздесуде Светлана Бычкова, Жәмила Нұрманбетова, тағы басқалары жалақысы төмен жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысын көбейту бағытында Үкімет тарапынан қосымша қаржы бөлінетінін айтты.

Сенатор Ерік Сұлтанов Шал ақын ауданы тұрғындарымен кездесіп, қазақстандықтар үшін жайлы баспана әлеуметтік маңызы айрықша мәселе болып есептелетінін сөз етті. Өңірде 20 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Салымшылардың «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкісіне құйған қаражаттары 15 миллиард теңгені құрайды. Елбасының үндеуін шалақындықтар да қызу қолдап отыр. 15 пәтерлік екі үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттар рәсімделіп, облыстық қазынадан 200 миллион теңге бөлінген. Мен аудандық кітапханада еңбек етемін. Айлық жалақым – 49 мың теңге. Енді біз үшін салық жүктемесі 10 есе азайтылып, 1 пайызға дейін төмендетілді. Бұл қадам бәрімізді қуантады, деді жиында өз ойын білдірген кітапханашы Айгүл Тасжанова.

Аудан әкімі Нұрлан Есімов былтыр жоспардағы 90 миллион теңгенің орнына 120 миллион теңге жеңілдікті несие берілгенін, биыл бұл деңгейден төмендемейтінін алға тарта келіп, шағын несие беруді көбейту өзін-өзі еңбекпен қамтығандар және жұмыссыздар үшін тиімді тетік саналатынына тоқталды.

Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттарының кездесулері 5 әлеуметтік бастама тұрғындардың жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шара, қолайлы тетік, қолайлы мүмкіндік екенін анық байқатты.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»