• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Сәуір, 2018

Тегін медициналық көмекті оңтайландыру не береді?

791 рет
көрсетілді

Елімізде тегін медициналық көмек пакетін оңтайландыру, медициналық көмектің тиімділігін арттыру және оның мейлінше қолжетімді болуы өте өзекті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында осы мәселелерді қамти отырып, тиісті тапсырмалар жүктеген болатын. Мем­лекет тарапынан кепілдік берілген медициналық көмек пакетін оңтайландыру және одан күтілетін нәтижелер туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Серік ТӘҢІРБЕРГЕНОВПЕН әңгімелескен едік.

– Жалпы, қоғамда тегін меди­циналық көмектің кепілден­дірілген көлемі (ТМККК) туралы түсінік аздау. Бұл пакет кім­дерге арналған?

– Жалпақ тілмен айтсақ, бұл тегін көрсетілетін медициналық қыз­меттер тізімі. Оған мемлекет тара­пынан кепілдік берілген және бұл пакетке жыл сайын бюд­­жеттен белгілі бір мөлшерде қар­­жы бөлініп отырады. Бұрын бұл қызметтерді ел азаматтары мен тарихи отанына оралған қан­дас­тарымыз пайдалана алатын болса, биыл 1 қаңтардан бастап ық­­тия­р­хаты бар шетел аза­мат­тары­­на да кепілдендірілген тегін қыз­мет­терді пайдалану құқы берілді.

– Бұл тізімге қандай қызмет түрлері кіреді?

– Жалпы, мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін медициналық көмек­тің негізгі түрлері «Халық ден­сау­лығы және денсаулық сақ­тау жүйесі» кодексінде көрсе­тіл­ген. Оған жедел жәрдем, сани­­тар­­лық авиация, алғашқы медиц­ина­лық-санитарлық көмек, консуль­та­тивтік-диагностикалық көмек, күндізгі стационар, стационарлық көмек, жоғары технологиялы медициналық қызметтер жатады. ТМККК тізімі Үкіметтің арнайы қаулысында нақты берілген.

– Елбасы Жолдауында осы пакетті оңтайландыру қажет­тігі айтылған болатын. Оның себебі неде?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұ­рын осы бастамаға негіз бол­ған бірнеше жайтты атап өткім келе­ді. Жолдауда медициналық көмек­тің құрылымын өзгерту, бюд­жет үшін қымбатқа түсетін ста­цио­нарлық медицинадан тиім­ділігі әлдеқайда жоғары про­фи­лактикалық медицинаға көшу, созылмалы сырқаттарды дис­пан­серлік бақылаудың орнына ауруларды тиімді басқару тәсі­ліне көшу жайлы айтылған. Жал­пы, биылғы Жолдауда Қазақ­стан­ның денсаулық сақтау сала­сын­дағы бірқатар жобаларға қаты­суы­на мүмкіндік беретін бір­неше стратегиялық бағыттар айқындалған.

– Тегін медициналық көмек пакетін оңтайландыру мәсе­лесі­нің дәл қазір көтері­луінің себебі неде?

– Мемлекет басшысы осы жолы мемлекеттің міндеттемелеріне ревизия жасау мәселесін көтерді. Соның бірі осы ТМККК пакеті. Жалпы, тегін медициналық көмек­тің қазіргі тізімі 2004-2005 жыл­дары жасалды. Тізім деген аты ғана. Онда көрсетілетін қызмет түрлерінің нақты тізімі берілмеген. Мәселе осыда. 3 мыңға жуық медициналық қызметке кепілдік берілгенімен, өкінішке қарай, оның толық тізімі жоқ. Қағаз жүзінде кепілдік берілген қызметтерді алу үшін халық шын мәнінде апталап кезекке тұруға мәжбүр. Квотаны жылдап күтеді. Тиісті қондырғының жоқтығы немесе маман тапшылығы туралы айтпаса да түсінікті. Себебі тізім жасалған 14 жыл бұрын ме­ди­цинаның даму деңгейі бас­қаша болатын. Осы уақыт ішін­де дәрі-дәрмектің бірнеше буы­ны ауысып үлгерді. Микроб атау­лы бізге таныс антибиотик­терге төзімді болып алды. Қазір зеңге қарсы бұрынғыдан бір­не­ше есе қымбат препараттарды пай­да­ланамыз. Бүгінгі инсулиндер бұрынғыға қарағанда едәуір «таза», демікпені емдеуге ар­­нал­ған дәрілер құрамындағы гор­­мон­дар азайды. Мысалы, он­ко­ло­гия саласында ең қымбат, соң­ғы үлгідегі дәрі-дәрмектер пай­да­ланылады. Бұрын түсімізге кіріп те шықпаған, қатерлі ісік жасу­ша­ларына тікелей әсер ететін «тар­гет­тік» дәрілер қолданылып жүр. Зертханалық диагностика жа­сау тәсілдерінің өзі қаншама өз­герді? Бұрын талдаудың бәрі қол­мен жасалатын болса, қазір зерт­теулердің басым бөлігі арна­йы құрылғылардың көмегімен жа­са­лады. Бірақ талдау құны да бір­неше есе қымбаттады. Соң­ғы жыл­дары еліміздегі бар­л­ық меди­цина ұйымдары қымбат қон­дыр­ғылар­мен жабдық­тал­ды. Бірақ бәрі шет­елде шығарылғандықтан, қон­дырғыны техникалық жағынан сү­йе­­мелдеу құны да арзанға түспейді.

Біз қазір ТМККК пакеті толық көрсетілмейтін, қағаз жүзіндегі қызметтер жиынтығына айналды деп жүрміз. Бірақ бұған денсаулық сақтау саласы берілген қаржыны иге­ре алмай отырғандықтан емес, мед­­и­цинаның тоқтаусыз алға ілге­рі­леуі, технологиялық өз­геріс­тер себеп болып отыр. Яғ­ни мем­лекет өз мүмкіндіктерін жиі-жиі қайта таразылап, шыққан шы­ғын өзін-өзі ақтай ма деген мәсе­­лені пысықтап тұруы тиіс. Тиім­­ділігі төмен технологияларға шы­ғ­ын­далғанша, тізімде қажетті қы­з­­мет түрлерін ғана қалдырған жөн.

– Ендеше ТМККК пакетін қайта қарау барысында қандай мәселелерге ден қойған жөн?

– Мемлекет басшысы тегін медициналық көмек пакетін қайта қарау туралы тапсырма берді. Жал­пы, бұл өте күрделі процесс. Меди­цина ғылымының түр­лі бағыт­тары бойынша тәжіри­бе­лі сарап­шылар, экономистер, заң­гер­лер мен жұртшылық өкіл­дері­нен құралған үлкен жұмыс тобын құру қажет. ТМККК пакетін қай­та қарау барысында негізгі деген екі мәселенің басын ашып алу қажет. Оның біріншісі – этика­ға қатыс­ты мәселе. ТМККК паке­ті бәрі­мізге ортақ игілік. Сол себеп­ті тізімдегі қызметтердің қай­сы­сын алып тастап, қайсысын қал­дыру керек деген мәселе жұртшы­лық­тың талқысына салынуы ­тиіс.

Екін­шісі – техникалық мәселе. Оның бір ұшы тізім қандай болуы керек деген сұраққа келіп тіре­леді. Үкіметтің қаулысымен бекі­тіл­ген қазіргі ТМККК тізімі А4 фор­матындағы төрт парақтан тұра­ды. Қарапайым азаматқа оның не екенін түсіну үшін бұл құжат аздық етеді. Бұл үшін денсаулық сақтау саласындағы заңдарды біліп қана қоймай, медициналық көмек көр­сету тәртібі мен шарттары ж­а­зыл­ған көптеген заң актілерімен танысып шығу қажет. Сондықтан мазмұны толық, нақты жазылған, көлемді құжат әзірлеу қажеттігі туындайды. Одан қорқудың қаже­ті жоқ. Бұл әлемнің дамыған ел­дерінде бұрыннан қалыптасқан тәжі­рибе. Тегін медициналық көмек тізімі қалың кітап болса да көп­тік етпейді. Себебі тізімдегі қыз­мет түрлерімен танысу үшін қан­дай құжаттарды қарау керек­тігін елдің бәрі біле бермейді. Бұл үшін заңгер немесе медицина ма­ман­дығының иесі болу керек. Сон­дықтан көрсетілетін қызмет­терді жан-жақты сипаттап беретін бір құжат жасаған абзал. Түптеп келгенде, бұл халықпен ашық та өзара сенімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.

– Жалпы, оңтайландыру халыққа не береді?

– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін оңтайландыру, нақтылау барысында мейлінше тиімді медициналық қызметтерге басымдық берілуі тиіс. Сонымен қатар аурудың алдын алуға бет бұрғанымыз жөн. Мысалы, кеңестік заман­да созылма­лы ауруларды дис­пансер­лік бақылау деген түсі­нік болды. Ол кезде дис­пан­сер­лік бақылау жүйесі денсаулық сақтау саласында маңызды рөл атқарғаны рас. Бірақ қазір заман өзгерді. Соған қарамастан бұл түсінік әлі күнге өзгере қойған жоқ. Бірнеше миллион адам диспансерлік тіркеуде тұ­ра­ды. Нормативтік құжаттар бо­йын­ша осы пациенттер жыл сайын міндетті түрде тексеруден өтеді, кей жағдайда оларға дәрі-дәрмек те тегін беріледі. Бірақ қазір өлім-жітімге, мүгедектікке соғатын сырқаттар саны азайғаны, зерттеу технологиялары мен әдістері өзгергені рас. Сол себепті диспансерлеу бағдарламаларын да құрылымдық жағынан қайта қарау қажет.

Диспансерлік бақылауды қажет ететін сырқаттар тізімін де қайта қараған дұрыс шығар. Екіншіден, диспансерлеу қай кезде де бұлжытпай орындауды талап ететін нормативтік акт болып келді. Оның тиімді-тиімсіздігі ешкімді қызықтырмайды. Әйтеуір орындалса болды. Салдарынан науқас та, дәрігер де уақыт жоғал­тады. Мәселенің шешімі сырқатты басқару бағдарламалары болуы керек. Жұқпалы емес созылмалы ауруларды бақылаудың жаңа тәсілі екі жақтан да белсенділікті талап ететін процесс. Былайша айтқанда, дәрігер пациентпен серіктестік орната отырып бақылайды. Яғни денсаулық сақтау жүйесі оған медициналық қызмет көрсетеді, дәрі-дәрмек береді. Ал науқас оны көзді жұмып іше бермей, өмір салтын да өзгертеді. Мәселен, қан қысымы жоғары адамдар қауіп-қатер факторларын төмендетуге күш салуы тиіс. Олар диета ұстаса, көбірек қимылдап, темекіден бас тартса, ең бастысы, қан қысымын тұрақ­ты түрде өлшеп отырса дәрі­герге де, өзіне де жақсы. Па­циент жүрек қағысын, қан қысы­мын үнемі өлшеп, қағазға немесе смартфонға түртіп жүретін бол­­са, дәрі-дәрмек дозасын анық­тау қиындық тудырмайды. Се­бебі дәрінің мөлшерін дұрыс тағ­айын­дау арқылы пациенттің өмірі ұзарады, жақсарады.

Па­циент дәріні дұрыс мөлшерде ішсе жүрек-қан тамыры жүйесіне кері әсері де аз болады. Жалпы ал­ған­да, науқас өз өміріне өзі белсен­ді түр­де атса­лысады. Өз ден­сау­лы­ғы­на жауап­кершілігі кү­ше­йіп, ме­ди­­ци­на­лық білімі артады, ме­ди­ци­на­лық қызметтің қан­дай түрін те­гін алу­ға болатынын ажы­рата бас­тай­ды. Ауруларды бас­қару бағ­дар­ла­масының диспансерлеу жү­йес­і­нен басты ерекшелігі де осында.

Әңгімелескен Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»