Қазақ диаспорасы тығыз қоныстанған өлкенің бірі – Моңғолия аумағындағы Бай-өлке аймағы. Қазіргі таңда бұл елді мекенде 103 мыңға жуық халық болса, осылардың 96 мыңы қазақ. Аймақ көлеміндегі 43 орта мектепте 26 мың оқушы білім алып жатыр. Тіпті кейбір мектептер үш ауысыммен оқиды.
Яғни халықтың өсімі жақсы. Бірақ мұндағы ең бір күрделі мәселе – жұмыссыздық. Яғни жұмыс істеуге қабілеті зейнет жасына жетпеген 22 мың адам екі қолға бір күрек таппай қиналып жүр. Тіпті бұлардың 13 мыңында жоғары білімі бар.
Өткен аптаның аяғында осы бір қордаланған мәселені реттеу мақсатында Бай-өлке аймақтық Өкілеттер құрылтай төрағасы Бауыржан Дәлелұлы бастаған аймақ басшылары елордаға келіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының пәрменді ұйымдастыруымен келелі басқосу өткізді.
Жиынға диаспора ісіне қатысы бар еліміздегі салалық ведомстволардан арнайы өкілдер шақырылып, байөлкелік қандастарымызды алаңдатып отырған әлеуметтік жағдай талқыланды.
Осы орайда, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Мұхит Избанов, алыстағы қандастардың саяси және әлеуметтік мәселесіне бейжай қарауға тиіс емеспіз дегенді жиынға қатысушы ведомство өкілдеріне ескерте отырып, бұл туралы өткен жазда ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қандастарымызға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау мен көмек көрсетуді тапсырғанын атап айтты.
Басқосу үстінде қандастарымызға қатысты әлеуметтік мәселелермен айналысушы басты мекеме Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис- трлігінің өкілі Руслан Тлеубаев мырза сөз алып, шеттен келген бауырлар «Оралман куәлігін» алған сәттен бастап, қазақстандық азаматтармен бірдей әлеуметтік сұраныстарға иелік етуге тең құқылы екендігін жеткізіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 қаулысына сәйкес оралмандарды қоныстандыру үшін арнайы өңірлер айқындалғанын, мұндай мәртебеге Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары ие болғандығын, сол себепті бұл өңірлерге қоныстанған оралмандарға төмендегідей мемлекеттік қолдау шаралары ретінде субсидия қарастырылғандығын атап өтті:
1. Қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне біржолғы төлем 35 АЕК (84,2 мың теңге) беріледі;
2. Тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге кететін шығындарын жабу үшін әрбір жалдаушы отбасына 12 айдың көлемінде 15-тен 30 АЕК-ке (36,1 - 72,1 мың теңге аралығы) дейін қаржы төленеді;
3. 2018 жылдан бастап өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушіге 450 АЕК мөлшерінде субсидиялар беріледі және де бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде ұсынылады.
Яғни жоғарыда атап өтілген әлеуметтік-құқықтық көрсеткіштерді пайдалануға оралман қандастар толық құқылы деген сөз.
Жиын барысында қандастарымызға қатысты әлеуметтік мәселелердің сыртында, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда білім алу жайы, сонымен қатар басқа мемлекетте оқыған жеке тұлғаның мамандық дипломын отандық стандартқа сәйкестіру ісі, сондай-ақ қоныстанушыларға кәсіптік деңгейде білім берудің қажеттілігі т.б. сөз болып, бұлардың кейбірі сол жерде шешімін тапты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»