Мемлекеттік орталық музейінде суретшілер Юнус, Зухра және Жасмин Ибрагимовтардың отбасылық «Мұра» атты көрме-вернисажы өтті.
Шіркін, бұл көрмеде жарасымды жанұяның меруерттей мұралары әспетті қалпында жүрегіңізді езіп, өзіне еліктіре түседі...
Жұбайлардың жарасымды жұбы – Ибрагимовтар Ташкент қаласындағы П.П.Беньков атындағы көркемсурет училищесін бітірді. Юнус училищенің театр декорациясы, Зухра Дизайн бөлімін және Островский атындағы театр-көркемсурет институтының кітап графикасы бөлімін оқып бітірді. Жұбайлар қазіргі уақытта сурет және кескіндеме сабақтары бойынша жеке ұстаздық қызмет атқарады.
Әрбір суретшінің көрмесі өзіндік жаңа көп қырлы шығармашылық қызметімен ерекшеленеді. Ю.Ибраимов монументалды және станокты кескіндеме техникасында жұмыс жасайды. Өз шығармаларын пленэрге шыққанда да, шеберханада жасағанда да ол сәуле мен көлеңкенің қозғалысын байқап, кез келген түс өзгерістерін сезінуге тырысады. Суретші барлық өзінің ішкі дүниесін жұмсақ және әдемі бояулар арқылы көрсетеді. Өзі туған жердің табиғатының сұлулығын бейнелеген «Қарғалы. Кеш», «Алексеевкаға барар жол», «Весновка», «Ремизовка», жыл мезгілдері – «Ақпан», «Шілде», «Күз таяп қалды» атты көптеген пейзаждық жұмыстары бар.
Зухра графикаға, ағашқа күйдіріп өрнек салуға, матаға көркем ою-өрнектер салып әшекейлеуге – батикке, өз шығармашылығында әр түрлі әдістерді, материалдарды пайдаланып, жиі сынақтар жасауға құштар, сондай-ақ ол майлы кескіндеме техникасында да жұмыс жасайды. Оның картиналары, әсіресе («Бутаковка», «Таңғы суық», «Ыстықкөл», «Қыстағы күннің батуы») пейзаждары өте көркем және әдемі. Соңғы жылдары жұбайлар мүсінмен және барельефпен шұғылдануда. Суретшілер отбасымен пленэрлерге шығып, көптеген жұмыстарын табиғат аясында салған.
Зухра және Юнус Ибрагимовтар өздерінің көрмелерін 2010 жылы көрермендер назарына ұсынған. Ал бүгінде отбасылық жұпқа олардың қыздары Жасмин қосылды. Көрмеге Жасмин алғаш рет өзінің акварель жұмыстарын қойды. Ол Қастеев атындағы мектептің көркемсурет бөлімінде оқиды, көптеген балалар шығармашылық байқауларының қатысушысы: «Гүлдер әлемі» (1-орын), «Менің Қазақстаным» (1-орын), «Балдәурен» және т.б. лагерьлердің эмблемасы үшін 1-орынды иеленген.
Наурыз мерекесіне орай шуақты шаңырақтың жарасымды шығармаларын жинақтаған бұл көрмеге 45-тен астам жұмыс қойылғанын айтуымыз керек.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан
АЛМАТЫ