• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Сәуір, 2018

СҚО-ның денсаулық сақтау басқармасы басшысы жұмыстан шығарылды

251 рет
көрсетілді

Бұл туралы  мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы департаменттерінің медицина қызметкерлерімен кездесуінде мәлім етілді.

 Жиында  денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу бағытында келелі әңгімелер қозғалып, бармақ басты, көз қыстыға жол берген тұлғалардың аты  аталып, түсі түстелді. Солардың бірі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлердің  қызмет бабын асыра  пайдаланғаны үшін қызметтен аластатылғаны  мысалға келтірілді.

 Оның басшы болып тағайындалғанына аз ғана уақыт болса да қол астындағы қызметкерлерден  сыйақы жинап, мемлекеттік қызметшіге тән емес өрескел әрекетке жол берген. Денсаулық сақтау басқармасының жұмысына қатысты жемқорлық тәуекелдеріне ішкі сараптама жүргізіліп, № 1 қалалық аурухана , облыстық аурухана мен облыстық наркологиялық диспансер тексерістен өткен. Нәтижесінде наркологиялық орталықтың бас дәрігері жауапкершілікке тартылған.

Облыста жемқорлық әрекет бойынша 30 қылмыс әшкереленіп, 20 жауапты тұлға сотталған. Департамент жетекшілерінің  айтуларынша  сыбайлас жемқорлыққа қатысты түсетін өтініш-шағымдар аз емес. Оның басты себебі шенеуніктердің   қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалануына, індетке қарсы іс-шаралардың жүйелі жүргізілмейтініне келіп тіреледі. Заң бұзушылықтарға жол берген республикалық ветеринарлық зертхананың жергілікті филиалының жетекшісінің  бір миллион теңге айып төлеуіне тура келген.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы