Құдайы көршім жұмалыққа шақырды. Төрге озған жас имам дастарқан басына жиналғандарды аузына қаратып, уағыз айтып отыр.
«Жастар тәрбиесін бетімен жібердік. Әсіресе қыз балаға тыйым салу қатаңдығын әлсіретіп алдық. Бұрынғы ата-бабаларымыз «қызға қырық үйден тыю» деп, қыз балаларды кішкентай күнінен қатты ұстаған. Бастарына орамал байлатып, шаштары мен әуретті жерлерін ашып жүруге тыйым салған. Жалпы, қыз балалар мен әйел затына ер адамдар отырған жерлерге кіруге, бір дастарқанның басына жиналуға рұқсат етпеген...» дейді жас имам ата-баба дәстүрін қолмен қойғандай жіліктеп. Әлеуметтік желіні ашып қалсам, қазақ тілінде акцентпен сөйлейтін, сақалы белуарына түскен кексе имам әрі қажы бейнекамераның алдында сайрап отыр. «Әйелді сабап отыру – сауап. Денесіне қатты дақ түсірмей, он екі мүшесіне зақым келтірмей ұрғанның ешқандай күнәсі жоқ. «Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетеді» деген ғой қазақ. Сондықтан баяғыда бабаларымыз қыздарын күйеуге бергенде «еті сенікі, сүйегі менікі» деп береді екен», дейді қауға сақал уағызшы. Жалған!
Қазақ халқы ешқашан қыз баланы кемсітіп көрген емес. Керісінше, баланың алды қыз болса, «қыз – елдің ырысы» деп қуанған, «қыз бала – қонақ» деп әке шаңырағында қатты құрметтеген, жақсыны кигізген, дәмдіні жегізген, жорғаны мінгізген. Қыз балаға дауыс көтеру еркектер тарапынан көргенсіздік болып саналған. Әкесі қызын гүлдей аяласа, ағасы қарындасының, бауыры әпкесінің «жатжұрттық» тағдырын құрметтеп, қимасындай қадірлеген.
Қазақ қыздарын қол жетпес қиянға теңеген. Сондықтан да қыз баланы айға балап, есімдерін – Айман, Айсұлу, Жұлдызға ұқсатып – Шолпан, жұлдызай, күндей аялап – Күнсұлу қойған. Әйел затына тән табиғи нәзіктікті құдірет дарытқан қасиеттей қабылдап, әсемдік пен әдеміліктің үлгісі тұтқан. Ата-аналарының үкілеген үміттеріне айналған Құралай, Гүлдерай, Әсемайлар соның айғағы. Қазақ қызын ешқашан босағаға отырғызбаған. Қыз төсегі оң жақтағы төрге төселетін болған. «Оң жақта отырған қыз» атты ұлағат та содан қалған.
Әдептіліктің, әдеміліктің, әсемдіктің символы болған қыздарымыз ешқашан бастарына орамал тартып, бет-жүзін шүберекпен тұмшаламаған. Қайта қос бұрым болып өрілген қолаң шаштарын төгілтіп, үкілі тақия киген. Мың бұралған бұрымдарына таққан шолпыларын сыңғырлатып, кәмшат бөрік жарастырған. Сүмбіл шаштарға тағылған шолпы сыңғырын ақындар жырларына арқау етсе, тақия төбесінде үлпілдеген үкілерге сүйсінген әншілер «Үкілім-айларын» құйқылжытқан. Осындай әсемдік салтанатын қара орамалмен тұмшалау атам қазақтың дәстүрінде де, дінінде де, ділінде де болған емес. «Дүмше молда дін бұзар» дегендей, ендеше уағыз айтқыш имамсымақтар ұлттық дәстүрімізді тәрк етіп, дінге ұйыған қыздарымызға қара орамал байлату үшін неге барын салып жүр?
Ұзатылып келген жас келінге енесі ақ орамал тартып, ақ босағаны аттатқан. Содан бастап қазақ келіндері ақ орамал байлап жүретін болған. Қазақ әйелдері ешқашан қара орамал тартып, қара көйлек кимеген. Қара орамал тарту – қосағынан айырылып, қара жамылудың белгісі. Сөз реті келгенде айта кететін мәселе, қазақ әйелдері «күйеудемін» («замужем») деп айтпайды, «тұрмыстамын» дейді. Яғни от анасы, отау ұйытқысы, шаңырақ киесі екенін паш етеді. Ендеше от анасына, шаңырақ киесіне қол көтеру үлкен күнә болып табылады. Жалпы, қазақ ұлты әйелге қол көтерген еркекті кем санап, ездікке балаған. Бүгінде ұлттық дәстүр, қазақи болмысымыздың өңін аударып, шариғат шымылдығын жамылып, қазақ қыздарын жат ағымға тартып, қазақ әйелдерін кемсітуді көксеген «діндарлардың» діттегені не? Ол – әйел қауымының санасын улап, дін арқылы тұқырту, білімсіздікке, қараңғылыққа тарту. Түптің-түбінде қоғамдағы әйелдер құқығын төмендету арқылы көп әйел алуға жол ашатын ортағасырлық дәстүрді жаңғырту.
Өкінішке қарай, қазіргі кезеңде қасиетті дінімізге ден қойған кейбір қыздарымыз осындай дүмшелік шырмауына шырматылып, жат ағымның шашбауын көтеріп жүр. Олар діндар күйеулердің дегеніне көніп, өркениеттілік игіліктерді тәрк еткен. Дүниетанымдарын кеңейтуге талпынбайды, білім алуға ұмтылмайды, теледидар көрмейді. Бірте-бірте қараңғылық құрсауына түседі. Ал білімсіз анадан білімсіз ұрпақ өрбиді. Мұның арты надандыққа ұрындырады. Бұл – ұлтымыздың болашағына қатер.
Біз еліктегіш халықпыз ғой. Дүниенің дүрмегіне тез-ақ бейімделеміз. Талайлардың таңсығын талғамай қабылдап, басымыз тасқа соғылған кездеріміз де аз емес. Санамыз босай салысымен жаппай дінге ден қойдық. Әсіресе жастарымыздың қарқыны қатты. Әрине имандылықты ту етіп, мұсылмандықтың дәстүрлі хақ жолына түссе, құба-құп. Кеңестік идеологиядан босаған кеңістігімізді кедергісіз жаулаған діни ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?! Елбасы «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде «Екі нәрседен – діни дүмшелік пен діни фанатизмнен сақтану керек» деп айрықша атап көрсетті. Сондықтан әрбір отбасы ұл-қыздарының абайсызда адасып кетпеуін қадағаласа, таным-түсінігінің дұрыстығына кепілдік беретіндей тәрбиелесе дейміз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»