• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2018

Елбасы тәуекелі елді өркендетті немесе «Ғасыр келісіміне» – 25 жыл

442 рет
көрсетілді

Бүгінде қазақ экономикасының күре­тамырына айналған мұнай өнеркәсібінің қарқынды дамуы тәуелсіз еліміздің тарихымен тығыз байланысты. Оның нақты көрінісі Теңіз кешені. 

Осынша байлық қалай игерілді, Елбасының тәуекелі қалайша жүзеге асты? Өткен тарихқа назар аударсақ, Теңіз кен орны өз бастауын 1979 жылғы жел­тоқсан айындағы №1 ұңғыдан фонтан атқылауынан алады. Ал 1986 жылы Теңізде Королевск кен орнының ашылуы оның маңызын арттыра түседі. Дегенмен жаңа Теңіз кенішін игеруге алып КСРО-ның да қаржысы жетпеген. Оны «Қазақстан жолы» еңбегінде Н.Назарбаев «Сол уақыттың өзінде Теңізде жыл сайын шамамен 3 мил­лион тонна мұнай өндіретін 60-қа жуық ұңғы жұмыс істеді. Өнім көлемін 15 есе арттырудың мүмкіндігі болды, тек ол үшін орасан қаржы мен инновациялық технологияны пайдалану қажет еді. Сол кезеңде Мәскеуде олардың бірі де болмады, сондықтан КОКП Орталық Комитеті шетелдік инвесторларды тарту туралы оймен келісуге мәжбүр болды.

Мәселе тек кімді тарту керектігіне тірелді. Барлық ұсынылған инвесторлардың арасында жапондар, ағылшындар мен италиялықтар болатын» деп тарқата түскен-ді. Сол кезеңде шетелдік инвес­торларды тартумен қатар кен орнын игеретін тәжірибелі маман кадрларды тарту маңызды мәселеге айналды. Ол 1985-1990 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған А.Құлыбаевқа жүктелген болатын. Оның басшылығымен алдымен кен орнына жастарды тарту мәселесі қолға алынады. Нәтижесінде Теңіз кеніші мен Құлсары поселкесі құрылысын жандандыруға шетел және жергілікті жастар кеңірек тартылады. Бір ғана Венгриядан 3 мың адам Теңізмұнайгазға келді. Дегенмен облыс басшылығын жер­гі­лікті жастардың мұнай-газ сала­сы­на еңбекке араласып, тұрақтап қа­луы қатты алаңдатқан. Сондықтан А.Құлыбаев 1987 жылдың аяғында ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінің бірін­ші хатшысы И.Тасмағамбетовке Гурьев қаласы мен Құлсары поселкесінде халық­аралық деңгейде «Теңіз достарды қар­сы алады» атты халықаралық фести­валь ұйымдастыруды тапсырады. Қорытын­дысында Гурьев облысының жастары Орталық комитетке Гурьев қаласында фестиваль өткізуге ұсыныс жасайды. 

1988 жылы 13 қаңтарда Гурьев облысы партия комитетінің бірінші хатшысы А.Құлыбаев партия комитетінің бюро отырысында «фестивальға РСФСР, Украина, Әзербайжан, Түрікменстан, Татар, Башқұрт автономиялы республикаларынан, Астрахань, Волгоград, Ақ­тө­бе, Орал, Маңғышылақ облыстарынан, Түмен қаласынан, Болгария, Вен­грия, ГДР, Чехославакиядан жастар ша­қы­рылады. Шарада еңбек ұжымдарымен, облыс жас­тарымен кездесулер, кештер, диспуттар, Жайық жағалауында спорттық сайыс­тар, ойын-сауықтар, ән-күй ұжымдарының концерттері өткізіледі. Мұ­ның барлығы үлкен дайындықты қажет етеді. Ең бас­тысы мәдени-ағарту кешен­дерін, спорт алаңдарын ретке келті­ріп, жаңа кешендер салынуы қажет» де­ген шешім шығарып, ұйымдастыру коми­тетін бекітеді. 

Фестиваль 1988 жылы 9 маусым­да КСРО мен әлемнің түкпір-түк­пі­рінен келген 1500 адамның, оған қоса жергілікті мыңдаған гурьевтік жас­тар­дың қатысуымен басталды. Облыс жас­тарының көшбасшысы И.Тасмағамбе­товтің қолына гитарасын алып Булат Окуд­­жаваның «Виноградную косточку в теп­лую землю зарою» өлеңін шыр­қауы, оған барша фестивальға қатысу­шы­лар­дың қосылуы ерекше құбылыс болды, Теңіз кенішіне достарын шақырған жас­тық­­тың үні болып естілді. 11 маусымда жа­­былған фес­тивальға көп ұзамай-ақ «Фес­­тиваль облыс, республиканың өмірін­­дегі маңызды оқиға болды, ол қоғам­­дық ұйымдардың назарын аудартты, жас­тардың қоғамдық-саяси өмірдегі бел­сен­­ділігін арттырды, олармен жұмыс жасау­­дың әдістерін жетілдірді және КСРО-дағы мұнайлы аймақтардағы жастар­дың өзара қарым-қатынастарын артты­руға жағ­дай жасады» деген жоғары баға берілді. Расында да фестиваль жастар­дың Теңіз кен орнына келуіне жол аш­ты, әлемнің назарын аударды. Деген­мен ол үлкен мақсаттың бір бағыты ғана бола­тын. Ендігі үлкен мәселе – оны игеруге тәжірибелі әрі қаржылы инвестор тарту еді.

Ол турасында Елбасының тапсырмасымен осы маңызды мемлекеттік істің ба­сы-қасында болған Р.Шырдабаев «1980 жылдың соңында Теңіз бен Королевскіні игеру үшін КСРО үкіметі америкалық Шеврон компаниясымен келіссөзді бастаған-ды» деп еске ала­ды. Кеңестік билік сол кезеңде бірлес­кен «Совшевройл» компаниясын құ­руға ұмылған. 1990 жылы маусымда КСРО президенті М.Горбачев АҚШ-қа сапары барысында Шеврон компания­сымен Теңіз кен орнында барлау және игеру мәселесін көтерсе, шілде айы­ның аяғында АҚШ-қа барған Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Шеврон басшылығымен Сан-Франциско қаласында келіссөз жүргізіп, компаниямен жеке танысады. Көп ұзамай М.Горбачев пен Н.Назарбаев америкалық тараппен болған кезекті кездесу кезінде Теңіз кен орнын игеру үшін бірлескен кәсіпорын құруды, оны Қазақстанның астанасы Алматыда тіркеу туралы ұсыныс жасайды. Елбасы ел ертеңі үшін маңызды осы бір ұсынысты жасап қана қоймай, оның Қазақстанда жүзеге асу заңдылығын дәлелдеп береді. 

Елге оралған Н.Назарбаев Теңіз кен орнына қатысты маңызды мәселелерді шешуге батыл кіріседі.  1990 жылы 11 қыркүйекте Гурьевте Теңіз кенішін игеруге қатысты арнайы штаб құрылып, төрағалығына Р.Шыр­дабаев, орынбасарлығына Ембі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары М.Нұрғалиев енгізіледі. 1991 жылы 6 нау­рызда өткен Гурьев облысы халық депутаттары кеңесі «1989 жылы одақтық және республикалық министрліктер мен ведомстволардың Теңіз кенішіне назар аударуы төмендеді, жұмыстар баяулады, адамдарда сенімсіздік пайда болды, маман құрылысшылардың тұрақтамауы артты. 1989-1990 жылдары Теңіз аймағынан 4000 адам кетіп қалды» дей келе, қалыптасқан жағдайды тез арада түзету жолдарын қарастыра бастайды.

Оның бір мүмкіндігі ретінде 1991 жылы 4 қыркүйекте Гурьев облысы халық депутаттары кеңесі Шевронмен тәжірибе алмасуды ұсынады. Нәтижесінде Шеврон фирмасының шақыруымен Индонезияға гурьевтік мамандарды жіберу мәселесі шешіледі. 1991 жылы 27 қарашада Гурьев облыстық халық депутаттары кеңесі «Теңізшевройл» бірлескен компаниясын құрудың соңғы дайындық сатысына сәйкес «Уақытша жұмыс топтарын құру туралы» қаулы қабылдап, «облыс және республика мүддесі аясына жауап беретін» геологиялық барлау, өндіру, ұңғылар құрылысы және кен орындарын жобалау, энергиямен қамтамасыз ету және өзге маңызды мәселелер бойынша қаражаттарды тиімді пайдалану және талдау» қажеттігіне басты назар аударады. Мұның барлығы Мәскеудің небір қитұрқы саясатына қарамастан жүзеге асып жатты. 

Мұнай саласындағы Қазақстан-АҚШ әріптестігі ел тәуелсіздігімен ғана толыққанды жүзеге асырылды. 1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен кездесу болса, 25 желтоқсанда АҚШ Қазақстанды тәуелсіз республика ретінде таныды. Араға уақыт сала, 1992 жылдың мамыр айында Н.Назарбаев Шеврон компаниясымен бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісімге қол қойып, тәуелсіз ел Президенті ретінде АҚШ-қа ресми сапармен барады. Сонымен үшінші жақсыз мұнай бағытындағы алғашқы келіссөздер басталады. Бұл сәтте бар жауапкершілікті Елбасы өзі арқалады. Өйткені мұндай халықаралық ірі келісімдер бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған-ды. 

Сонымен 1993 жылы 6 сәуірде Н.Назар­баев Шеврон корпорациясының басқарма төр­ағасы және әкімші-директоры Кеннет Т.Дерр­мен «Ғасыр келісімі» атауымен тарихқа енген тарихи құжатқа қол қояды. Прези­дент қол қою барысында «Бүгін Қазақстан экономикасы үшін де және Шеврон үшін де тарихи күн. Республика ірі күрделі қаржыларды іс жүзінде тарту үстінде және осы арқылы әлемдік бизнеске онымен өзара пайда негізінде жұмыс істеу жөніндегі өзінің шын ниеті туралы мәлімдейді» деп атап өтті. Тарихи келісімшарт үстінде Н.Назарбаев «Біздің мемлекетіміз осыншалықты ірі жобаны ақырына дейін жеткізуге қабілетті болып шықты.

Бүгінгі күн Қазақстанға деген сенім деңгейін тағы бір дәрежеге көтерді. Республика іс жүзінде ірі күрделі қаржыны тартуда және осы арқылы дүниежүзілік бизнес­ке олармен өзара тиімділік негізінде жұмыс істемекке байсалды ниеті барын мәлімдейді. Тек несиелер ғана емес, бастысы – инвес­тициялар, міне, біздің басым бағытымыз», деп алдымыздағы мақсат-міндеттерді ашып көрсетті. Елбасы әу бастан-ақ қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту мәселелеріне айрықша назар аударып, оны қатаң бақылауда ұстау­ды талап еткен. Тарихи кездесу барысында «Біздің ең басты талабымыз, ол ең­бек ету­шілердің және халықтың денсау­лы­ғын, өлке табиғатын сақтау» дей келе, оның болашақ үшін маңыздылығын ескертеді.

Бірлескен компания тарихы Ел­ба­сы­ның қай уақытта да, қандай мәселеде де ұлт мүддесін жоғары қойғанын анық дә­лелдеді. Елбасы бірде АҚШ президенті Дж. Бушпен Шеврон компаниясының бола­шағы туралы келіссөздер барысын­да «Егер Қазақстан мүддесі тіреліп тұр­са, мен ол мәселені неге жетік білмеуім керек? Квота жөнінде дауласып қал­дық. Шеврон түсімнің 35 процентін алғы­сы келді. Мен оны 19 процентке дейін төмендетуге мәжбүр еттім», деп жаз­ды. Қазақстан және АҚШ президент­терінің жоғары дәрежедегі кездесу­лері қай кезеңде де елдің саяси, әлеумет­тік-экономикалық дамуына оң ықпал жа­сады. Аса ірі мұнай кенішін дамыту ар­қылы ел мүддесін көздеген Н.Назар­баев жоспарын АҚШ та сезіне білді. 1993 жылы 30 маусымда АҚШ-тың Қазақ­стан­дағы елшісі У.К.Кортни АҚШ сенато­ры Ричард Лугардың Қазақстан дамуы­на жоғары баға берген сөзінің арнайы нұсқасын әкеліп тапсырған. Шевронмен бірлескен жұмыстарды өз көзімен көрген сенатор «Қазақстан – дамуы жағынан ең үлкен үміт туғызатын елдердің бірі. Қазақстандықтар прагматизмге бейімделген, тату-тәтті ұлттық қатынастарымен белгілі. Демократия мен нарық экономикасы жолында да маңызды қадамдар жасады» деген пікірін білдіреді (Н.Назарбаев, «Ғасырлар тоғысында»).

«Ғасыр келісіміне» қол қойылғаннан кейін Н.Назарбаев 1993 жылы 2 рет – 10 тамыз, 10-11 қазан айларында Атырау облысына келіп, мұнайлы өлкені ар­а­лап, Теңіз кенішінің басшылары­мен арнайы кездесті. Көп ұзамай Президент «Ұлт­аралық бірлік пен экономикалық егемендік – біздің ілгерілеуіміздің басты да сенімді негізі» атты мақаласын жария­лап, өз ойларымен еш бүкпесіз қалың көпшілікпен бөліседі. Мақаласында әлемдік даму барысында халықаралық ынтымақтастықтың аса қажеттігін аша отыра, «Қазақстан қазір 12 несие желі­леріне ие болып отыр. Бұлар бо­йынша елімізге арнайы келіссөз жүргізбей-ақ тиімді жобаларға несие беріліп отыр. Осы қаржылардың есебінен, атап айтқанда, дүниежүзілік кластағы валюта әкелетін бірқатар мейманханалардың және тамақ индустриясы кәсіпорындарының құрылысы басталды.

Шеврон (АҚШ), Эльф Акитен (Франция), Бритиш газ (Ан­глия) және Аджип (Италия) компаниялары мен мұнай және газ өндіру жөніндегі шарттар орасан зор экономикалық, соның ішінде қаржы болашағын ашады. Теңіз жобасының өзін ғана жүзеге асыру отыз миллиард долларға түседі. Мұны біз өзімізден таба алмас едік. Қазір Қазақстан мұнай өндіру үшін жыл сайынғы ақы ретінде екі мыңыншы жылға дейін екі миллиардтан астам доллар алатын болады. Барлығын қосқанда қырық жылдың ішінде 80 миллиардтай болады», деп халықаралық келісімнің тәуелсіз еліміз үшін әкелетін пайдасын дәлелдеп береді. Расында да көп ұза­май Атырау облысында әлеуметтік бағдар­ламаларды шешуге бағытталған «Аты­рау Бонус Қоры» жобасы жүзеге асырылды. Оны іске асыруға 5 жылда 50 млн АҚШ долларын салу көзделеді. Нәтижесінде 1993 жылғы Құлсары кентіндегі су тасқынынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға көмек қолы созылады, Атырауда автоматтандырылған қазандықтың және Редут кентінен бастап қаланың қазандығына дейін жететін, қаланы және оның маңындағы кенттерді газбен қамтамасыз етуге қуаты жететін магистральды газ құбырының құрылысы да басталады. Олар «Ғасыр келісімінің» іс жүзіне аса бастағанын айғақтады. 

Осының барлығы Елбасының ұлтжан­ды­лығымен әрі саясаткерлігімен оңтайлы шешімін тауып отырғанын атап өту қажет. Нәтижесінде «Теңізшевройл» бірлес­кен кәсіпорнының салмақты қадам­дары тәуелсіздік алған жылдарымызда Қазақстанның іргесінің бекуіне қыз­мет жасады, нарықтық экономиканың дамуы­на, әлеуметтік мәселелердің шеші­луіне жол ашты, қазақ мұнайы мен газын әлем нарығына шығарды, ұлттық мұнай­шы мамандардың бәсекелестікке қабілет­ті­лігін қалыптастырды. Сондықтан да «Теңізшевройл» әлемдік қауымдастықта келешегі кемел, сенімді серіктес ретінде танылды және Елбасының көрегендігін дәлелдеді. Осының нәтижесінде ел экономикасына шетелдік инвестициялар ағылды, ірі халықаралық жобалар қолға алынды, бір ғана Теңізшевройл 1993-2015 жылдары Қазақстан экономикасына 112 миллиард АҚШ долларын салды. Мұның өзі Елбасының 1993 жылғы «Ғасыр келісіміне» қойған талаптарының толық орындалғанын айғақтайды. 

Әбілсейіт МҰҚТАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысы мемлекеттік архивінің басшысы