Халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, елімізде қоғамның әртүрлі топтарына мемлекет тарапынан тағайындалатын жәрдемақыларды төлеу тәртібі өзгерген болатын. Бұл өзгерістер мүгедектікті тағайындау мәселесіне де қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Батыс Қазақстан облысында тәжірибеден өткізіліп жатқан осы жобаның барысымен танысты.
Бұрын науқастар мүгедектік алуы үшін ауруханада айлап жатып, емханада тексеріліп, сан түрлі құжат жинап, содан кейін ғана медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп, мүгедектік туралы құжатын ала алатын. Жаңа жоба бойынша бұл тәртіп өзгерді. Енді мүгедектік науқастың қатысуынсыз, құжаттарды сараптау арқылы сыртынан тағайындалады. Бұл сырқатқа қатысты барлық медициналық құжат электронды формаға түсіп, науқастың электронды амбулаториялық картасы пайда болған кезде оп-оңай жүзеге асады екен. Яғни мүгедектікті тағайындайтын тәуелсіз сарапшылар электронды көрсеткіштерді сараптау арқылы шешім қабылдайды. Бұл құжаттарда науқастың аты-жөні көрсетілмейтіндіктен, сарапшылар тіпті кімге мүгедектік тағайындап отырғандарын да білмейді екен.
Соңғы кезде өңірде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру ісі жедел жүруде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, өңірдің медициналық ұйымдарында «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесі, қаланың 6 емханасында электронды кезекті басқару жүйесі, жедел медициналық жәрдемді басқарудың «АДИС» автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Мұның бәрі жоғарыда айтылған мүгедектікті тағайындау жөніндегі қанатқақты жобаны сынап көруге толық мүмкіндік береді.
С.Жақыпова Оралдағы №3 емхананың жұмысымен танысқан соң, медициналық ақпараттық жүйе бойынша өңірлер арасында Батыс Қазақстан облысының көшбасшы екендігін айтып өтті. Міне, сондықтан да аталған қанатқақты жоба бірінші болып Ақ Жайық өңірінде іске қосылады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы