• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2018

Оралда жаңа мектеп ашылды

247 рет
көрсетілді

Орал қаласына қарасты Деркөл кентінің «Көкжиек» шағын ауданында жаңадан ашылған мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Мектеп 600 оқушыға арналған.

 – Елбасының «Нұрлы жол» бағдарла­ма­сымен салынған жаңа мектеп – көптен күткен қуаныш. Бұл жыл басынан бері пай­далануға берілген екінші мектеп. Алдағы уақытта тек облыс орталығында емес, Бөкей Ордасы, Зеленов, Ақжайық, Терек­ті аудандарында мектептер саламыз. Елбасы білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Облыс бойынша бұл саладағы бюджет соңғы үш жылда 20 млрд теңгеге көбейді. Мұғалімдер жағдайына да Мем­лекет басшысы баса назар аударуда. Осы орайда жаңа форматқа оқуға көшкен мұға­лімдердің жалақысы көбейетін болады. Оған қазір республикадан тиісті қаражат күтіп отырмыз, – деді салтанатты ашылу жиынына қатысқан облыс әкімі Алтай Көл­гінов.

Соңғы жылдары көшіп келушілердің, тегін жер үлесін алушылардың есебінен Орал қаласының етек-жеңі далиып барады. «Көкжиек» шағын ауданы да соңғы кезде пайда болған. Су, көгілдір отын се­кілді желілер тартылып, жолы салынып жатқан жаңа ауданның балалары осы кезге дейін көршілес Селекционный кентіндегі №12 мектепке қатынап оқитын. Ол мектеп ғимаратында да орын болмай, оқушылар көп қиындық көрді. Енді, міне, жаңа ауданның өз мектебі бар. Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метр мектеп ғи­маратында 56 оқу кабинеті, кітапхана, 2 шеберхана, барлық құралдарымен жаб­дықталған спорт залы, 200 орындық мә­жіліс залы, радиоторап кабинеті, 130 орын­ға арналған мектеп асханасы бар. Барлық кабинет проектілік экранмен жаб­дықталған. Жаңа мектепке 500 оқу­шы, шағын орталыққа 100 оқушы қабыл­дан­бақ.

Құрылысы 2016 жылдың қараша айын­да басталған мектеп ғимаратын салу­ға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1 255,609 млн теңге қаржы жұмсалған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы