Ақмола облысында 58 адамның астан улану себебі анықталды, деп хабарлайды Ақмола облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі.
Наурыз айында Шортанды кентіндегі «Ласточка» дәмханасында жаназа асына барған адамдардың алғашында 44-і өздерін жайсыз сезініп, дәрігердің көмегіне жүгінген еді. Кейін жағдайы нашарлағандар саны 58-ге жетті. Науқастардың барлығы іштері жүріп, құсу, дене қызуының көтерілуі белгілеріне шағымданды. Дәрігерлер оларға бірден жедел медициналық көмек көрсетті. Осыған орай, дәмханадағы ас мәзірінің барлығынан зертханалық сынама алынып, сараптамадан өткізілген болатын.
Ақмола облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының дерегі бойынша, зертханалық зерттеулердің негізінде барлық ауырған адамдарға «Сальмонеллез» түпкілікті диагнозы қойылды. Науқастарға кажетті медициналық көмек көрсетіліп, үй ошақтарында кешенді түрде эпидемияға қарсы және профилактикалық іс шаралар өткізілді. «Ет антисанитарлық жағдайда дайындалған, жеке гигиенаны сақтау үшін жағдай жасалмаған, ешкім тұрмайтын, жайсыз үйде пісіріліп, кесілгені тексеріс барысында анықталды», деді департаменттің баспасөз қызметінен. Сонымен қатар, мамандар туралған ет және азық-түлік белгісіз автокөлікпен жеткізіліп, «Ласточка» дәмханасына бөлме температурасында 10 сағаттан артық арнайы ыдыста сақталынғанын анықтап отыр. «Етті пісіруге және турауға туыстары қатысқан, бактериологиялық зерттеу кезінде, тамақ дайындауға қатысқан бір әйелде сальмонелла анықталған, яғни ол сау жұқтырушы болып табылады. «Ласточка» дәмханасында жүргізілген жоспардан тыс тексеру кезінде санитарлық - гигиеналық талаптарда бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Осы факті бойынша деректер Шортанды АІІБ-не әкімшілік заңнамаға сәйкес, өз құзыреті шегінде шаралар қабылдау үшін жіберілді.
«Оған қоса, алдағы уақытта жаппай тамақтан улану оқиғаларына жол бермеу мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсететін кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жандандырылды», деп түсіндірді департаментің баспасөз қызметі.