• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2018

Астанада тасқынға қатысты жағдай жіті бақылауға алынды

278 рет
көрсетілді

Бүгін Астанада қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен тасқынға қатысты жағдайды реттеуге бағытталған шаралармен таныстыру баспасөз туры өтті. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері «Газмашаппаратура» ауданындағы Есіл өзені жағасында болып қайтты, деп хабарлайды елорда әкімдігі ресми сайты.

Баспасөз туры барысында жергілікті билік өкілдері журналистерге қаладағы тасқынға қатысты жағдай мен жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары айтып берді.

Отын-энергетикалық кешен және коммуналды шаруашылық басқармасы жетекшісі орынбасарының міндетін атқарушы Игорь Алексеевтің айтуынша, бүгінгі таңда елордада 27 учаскеге су басу қаупі төнуі мүмкін. Негізінен бұл Үркер, Көктал, Өндіріс тұрғын үй алаптары мен жаңа теміржол вокзалы ауданының көшелері.

«Әр учаске бойынша жасалатын жұмыстар, қажеттің материалдың көлемі, қаржыландыру көлемі мен жауапты тұлғалар анықталған. Сонымен қатар, қала әкімі Әсет Исекешев осы жылға арналған тасқын суды өткізуді ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті», - деп мәлімдеді И.Алексеев.

Оның айтуына қарағанда, Астана су қоймасы мен контрреттеуіш жіті бақылауда.

«Бүгін су көлемі 282 млн текшені құрайды. Бұл жобалық толтырылудың 67%. Су қоймасына секундына 18 куб су келеді. Біз қазір секундына 5 куб суды ағызып жатырмыз. Контрреттеуіште ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын қосымша бермаларды орнату жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда контрреттеуіште 2,6 миллион куб су бар. Жоба қуаттылығы – 450 миллион куб суға дейін», - деді ол.

Халықаралық «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайы мен Нұра-Есіл арнасы аудандарында қала әкімдігі тазарту жұмыстарын жүргізді.

«Есіл өзенінің арнасы бойынша барлық шаралар орындалды. Біз қазір Есіл өзенінің сол және оң тармағы бірігетін «Газмашаппаратура» ауданындамыз. Бұл жерде өзеннің ескі арнасын салу жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде үш саяжай алабы учаскелерінің су астында қалуына жол бермейді. Салынған бөгеттердің ұзындығы 200 метрді құрайды», - деп түсіндірді И. Алексеев.

Оның мәліметінше, Кіші Талдыкөл көлі ауданында аталмыш бағыттағы жұмыстар қажеттілік туындаған жағдайда жүргізілетін болады. Үркер тұрғын үй алабында ұзындығы 500 метрді құрайтын бөгет қалпына келтірілді.

Биылғы қысқы кезеңде қала сыртына шығарылған қар көлемі 3,1 миллион текшені құрады. Бұл бағыттағы жұмыстарға арнайы техниканың 260 бірлігі жұмылдырылды.