Ел газеті «Егеменнің» өткен 8 наурыз күнгі санында «Суворовты сан соқтырған Сапура» атты шағын жазба жарияланды. Мақаланы оқырман көпшілік жылы қабылдағаны сөзсіз. Өйткені ұлтымыздың батыр қызы, «Қазақтың Жанна д’ Аркі» (Нәйла Бекмаханова) атанған Сапура Мәтенқызы қазіргі тәуелсіздік дәуірінде ұлықтауға татитын бірден-бір тұлға.
Осы орайда, жоғарыдағы мақаланы толықтыру мақсатында ой қосып, пікір бөліскенді құп көрдік. Қазақ даласында Сапура сияқты батыр қыздар көп болған. Мысалы 1742 жылы Есет батыр Көкіұлы сарбаздарымен Үстірт жақта жорықта жүргенде, Жемнің бойында жатқан бейбіт елді қалмақтар шапқан. Осы кезде елдегі қару ұстауға жарайтын бала-шаға, шалдардың бастарын біріктіріп, қалмақтың қолын бастап келген Қоңды батырға бұғалық салып аттан құлатқан Есет батырдың 16 жасар Ботагөз деген қызы екен (Қ.Құттымұратов. Ақтөбе, 2014 ж. 48-б).
Сол сияқты ел басына қиындық түскенде қолаң шашын түйіп, басына дулыға киіп, қыпша беліне қылыш байлап, егеулі найзаны қолға алып, тұлпарға мініп, ту ұстап қалың қолды бастаған батыр қыздардың бірі 22 жастағы Сапура Мәтенқызы.
1773-1775 жылдары Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне Кіші жүз қазақтары қосылып, оларды ел арасында «Көрінбейтін Көктемір» деген атпен белгілі Сапура бастайды. Бұл туралы газеттегі мақалада жақсы айтылған екен. Жоғарыдағы көтерілісті жазалау мақсатында Ресей патшалығының болашақ генералиссимусы А.Суворов бастаған отряд атқа қонады.
1775-1776 жылдары Суворов басқарған патша жасағына қарсы шыққан Сапура Мәтенқызы қарауындағы 1500-ге жуық адамымен күтпеген жерден, мезгілсіз уақытта шабуыл жасап, жазалаушы отрядты көп шығынға ұшыратады. Мылтықпен, зеңбірекпен қаруланған жазалаушы отрядқа қарсы Сапура жасағы түн қараңғылығын пайдаланып, жер жағдайының ерекшелігін өздерінің қолайына тиімді қолданып, орысөтардың қазақ жеріне бойлай кіруіне үлкен кедергі жасайды.
Көтерілісшілер жасағының ізіне түскен жазалаушы отряд күндіз таба алмайды, түнде ізіне түсіп қуа алмайды. Ат-көліктерінен, азық-түліктерінен айырылып, адам шығыны көп болғандықтан олар соғысты тоқтатып, кейін қайтуға мәжбүр болды. Бұл, біле білсек, Қазақ елін отарлаудан құтқарған жеңістің басы еді.
Е.Пугачев көтерілісінің қайталануынан қорыққан Орынбор губернаторы И.Рейндорф Нұралы ханға хат жазып, Сапура Мәтенқызын ұстап бергендерге қазынадан аса көп мөлшерде сыйлық берілетіндігі жайлы хабарлайды.Тіпті губернатор «Көрінбес Көктемір» туралы әңгімелердің анық-қанығын анықтау үшін 1776 жылдың наурыз айында арнайы тыңшыларын жібереді. Тыңшылық тапсырмамен Қобда бойындағы Досалы ауылына келген Ғұбайдолла Ағдамов пен Райымқұл Ыбраев «Көрінбейтін адамның» 22 жасар Сапура Мәтенқызы екендігін анықтап, оның жас кезінен тыс күштермен байланысы болғандығын хабарлайды.
Өлкені біраз уақыт көтерісшілердің қысымында ұстаған, қазақ жеріне жазалау және отарлау экспедициясының ендеп кіруін тоқтатқан Сапура Мәтенқызы бастаған халық қозғалысы 1776 жылдың жазында тоқтайды. Халық батыр қызын жазалаушы топқа көрсетпейді. Сапура Мәтенқызы өз ауылымен Қобда өзені бойынан Қиыл өзенінің жағалауына көшіп кетеді. «Көрінбейтін адам» немесе «Көктемір» деген атпен отарлық езгіге қарсы қол бастап шыққан табын руының жас қызы – Сапура қозғалысы Е.Пугачев көтерілісінің қазақ даласындағы соңғы ұшқыны болып табылатындығы сөзсіз («Қазақ ру-тайпаларының тарихы». Алматы, «Алаш», 2006 ж. 11-б).
Француз халқы батыр қызы Жанна д’Аркті қалай дәріптесе, біздер де сондай дәрежеге Сапура Мәтенқызының атын көтеруге тиіспіз. Ол біздің азаматтық міндетіміз.
СУРЕТТЕ: Көрінбес – Көктемір туралы мәлімет жинау үшін жіберілген Сеит слободасының саудагер татарлары, походной есаул Ғұбайдолла Ағдамов пен Райымқұл Ыбраевтың губернатор кеңсесіне 1776 жылы 13 сәуірде жолдаған хаты (құжат иесі жас зерттеуші Жәнібек Исмурзин).
Жақсат ҚАРЛЫҒАШОВ,
өлкетанушы