Парламент Сенатының депутаттары Абдалы Нұралиев пен Мұратбай Жолдасбаев Жамбыл облысы, Байзақ ауданында жұмыс бабындағы сапарда болды.
Аймақтағы сапар аясында сенаторлар еңбек ұжымдарымен кездесіп, Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының басты бағыттарын жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, ауылдық жерлерде маңызды болып отырған мәселелер, атап айтқанда тұрғын үй үшін жеңілдетілген пайызбен несие алу, шағын кәсіпкерлікті бастау, еңбекақысы төмен адамдарға салық жүктемесін азайту мәселелері туралы айтылды. Сондай-ақ жас мамандарды жергілікті жерлерде тұрақтандыру мәселелері де қозғалды.
Сенаторлар сапар аясында бірқатар әлеуметтік нысандарда да болды. Аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы 175 орындық жекеменшік «Еңлік» балабақшасының жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Сарыкемер орта мектебінде орналасқан «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде сенаторлар ұстаздар қауымымен және мектеп оқушыларымен жүздесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі мен Елбасының биылғы Жолдауы туралы жан-жақты түсіндірме берілді.