• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2018

Солтүстік Қазақстан өңірінде спорт басты назарда

473 рет
көрсетілді

«Қызылжар-СҚ» футбол командасы тоғыз жылғы үзілістен кейін былтыр ел чемпионатының Премьер-лигасына оралды.

Жабық футбол манежі

Жа­сы­­ратыны жоқ, кемі алты ай бойы ақ көрпесін айқара жамылатын теріскейде жауынды-шашынды жаз айларында да жергілікті аяқдоп шеберлерінің тыңғылықты жаттығуларына кедергілер аз кездеспейтін. Биыл құрылғанына жарты ғасыр толып отырған клуб жуырда үлкен қуанышқа бөленді. «Жастар» стадионында аумағы екі мың шаршы метрді құрайтын жабық футбол манежі пайдалануға берілд­і.

Нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысып, тұрғындар арасында саламатты өмір сал­тын нығайтып, спорттың бұқа­ралығын арттыруда спорт инфра­құрылымдарын көптеп салудың маңыздылығын атап өтті.

Футбол орталығының жетек­шісі Вячеслав Колода­ның айтуына қарағанда, халықаралық талап­тарға сай тұрғызылған жабық манежде 200-ге жуық жас футболшылар да, жеңіл атлетшілер де жаттыға алады. Оларды 14 бапкер шыңдайды.

Былтыр облыс орталы­ғын­дағы көпқабатты үйлердің аулалары мен мектептер жанында 9 шағын футбол алаңы бой көтер­ген болатын.

Шалғайдағы спорт кешені

Уәлиханов ауданында бес мың­ға жуық адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл мақсат үшін 146 спорт нысаны жұмыс істейді. Жуырда мұн­да денешынықтыру-сауық­тыру кешені іске қосылды. Оның ашылуына қатысқан дене­­шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рус­лан Есеналин аймақ басшысы атынан 400 мың теңгенің сертификаты мен боксқа арналған рингті тарту етті. Аудан әкімі Медет Оспанов 33 үйірмеге 400-ден астам жеткіншектің тартылғанын, ережесіз жекпе-жек секциясы құрылғанын, ар­найы маман баспанамен қам­тамасыз етілгенін жеткізді.

1,5 мың шаршы метр аумақ­ты алып жатқан кешеннің құры­лысына облыстық қазын­адан 183 миллион теңге жұмсалды. Оның бірінші қабатында футбол, волейбол, күрес, бокспен айна­лысуға, екінші қабатында шах­мат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнау­ға барлық жағдай жасалған. Душ, сауна жұмыс істейді.

Алматы қаласында «Clinik Dr. Vovk» орталығына жетек­шілік ететін Виктор Вовк та қуа­нышқа ортақтасып, сый-сияпат жасады. Ол жерлестеріне жүйелі түрде қаржылық қол­дау көрсетіп тұрады. Фут­бол алаңын ашуға, құрал-жабдық­тар алуға жәрдемдесті. Жас хок­кейшілерге 2 миллион теңгенің киімдерін сатып әперді. Бірқатар турнирлерді ұйымдастыруға ұйыт­қы болды.

Түрлі байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген сайыпқыран спортшылар ауданда аз емес. Солардың бірі еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер Са­нат Қайыргелдин Минск қала­сында оқушылар арасында өт­кен жарыста жүлделі үшін­ші орынды иеленіп, Түр­кияда ұйым­дастырылатын бірін­ші­лікке әзірленуде. Бұған дейін колл­еджде дайындалып келген едік. Жаңа залда шеберлігімізді же­тілдіре түсетін боламыз, дей­ді болашағынан үлкен үміт күттіретін балғын балуан.

Паралимпиадашылар марапатталды

Оңтүстік Кореяның Пхенч­хан қаласында өткен ХІІ қысқы паралимпиада ойындарында еліміздің намысын алты спортшы қорғаса, үшеуі Қызылжар өңірінен болды. Олардың ара­сында Александр Герлиц шаң­ғы жарысынан төр­тінші орынға тұрақтап, Қазақ­стан командасының жалпы есепте 20-орынға орнығуына үлкен үлес қосты.

Жерлестеріміз талай әлемдік жа­рыстарда Қазақстанның ата­ғын шартарапқа танытып жүр. Ал мүгедек спортшы­лардың же­тіс­тіктері үлкен ерлікпен парапар, деді облыс әкімі Құмар Ақ­сақалов паралимпиадашыларды арнайы қабылдаған жиында.

Биатлон және шаңғыдан ха­лық­аралық дәрежедегі спорт ше­бері Александр Герлицке құр­мет грамотасы мен 1 мил­лион теңгенің сертификаты табыс етіл­ді. Өзге спортшылар жарты миллион теңге мөлшерінде сыйақыға, жаттықтырушылар алғыс хат пен ақшалай сыйлыққа ие болды.

Жоғары санаттағы бапкер­лер Мария және Иван Дробяз­колар өңірімізде мүге­дектер спор­тының дамуына айтар­лықтай еңбек сіңіріп келеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы