Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру үрдісіне қоғамдық бақылау жүргізеді.
Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға «Десента» қоғамдық қоры, «Қазақстан жастарының конгресі» заңды тұлғалар бірлестігі, «ЗУБР» консалтинг-орталығы сияқты қоғамдық ұйымдар қатысатын болады.
Қоғамдық мониторинг шеңберінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде (әлеуметтік зерттеулер, фокус-топтар, жұртшылықпен жүргізілген сауалдамалар) қызмет көрсету сапасы туралы ақпаратты жинау және талдау жұмыстарын өткізу жоспарлануда.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің мәліметінше, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың мониторингі – қызметтердің сапасын жүйелі жақсарту мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімді құралы болып табылады. Ол мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қызмет көрсетулерге жүгінетін халықтың, ең алдымен, азаматтардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға баға береді.
Жоба қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаларды тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар қабылдау үшін ұсыныстар әзірленетін болады.
«Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының шеңберінде әлеуметтік жобаның тиімділігін және халықтың қызмет сапасына қанағаттану дәрежесін анықтайтын мемлекеттік тапсырыстың нәтижелерін бағалауды енгізу жоспарланып отыр.
2018 жылы еліміз бойынша 2 066 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың ішінде 40 жоба республикалық деңгейде, 2026 жоба өңірлік деңгейде іске асырылатын болады.
«Егемен-ақпарат»