• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Сәуір, 2018

Ел санасын еселеген бастама

681 рет
көрсетілді

Қазақ мемлекеті өз жолын таңдады. Жаңару Қазақстанның бас белгісіне айналды. Бағыт сілтеуші – Елбасы. Халықты білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке жұмылдырған ұлттық бағдарламаның жарияланғанына – бір жыл. Елдің жан дүниесіне қозғау салып, ұлттық иммунитетін көтерген, мемлекеттік идеологияны анықтаған рухани жаңғыру концепциясы «мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі тиіс» (Н.Назарбаев) екенін дәлелдеген құжатқа айналды.

Рухани жаңғыру – өскелең ұрпақтың  дара жолы, адам бала­сының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабыл­дай білуі. Ой жаңарса, дәстүр жан­данады. Дәстүр жанданса, рух күшейеді. Рух күшейсе, ұлт көркейеді. Қазақты сан ға­сыр­лық аңсаған арманы мен жар­қын күнді көрсем деген мақ­сат-үміті бүгінгі ғажап күнге жет­кізді. Ғұмырлық қызметін қазақ халқының тәуелсіз ел, өркен­деген ұлт болуына арнап, сол жолда құрбан болған ба­ба­лардың қайсар үні бүгінгі жас­тарымыздың бойына ата-ана тәрбиесімен сіңді.

Үкіметтің 2017 жылғы 17 қара­шадағы қаулысымен уни­вер­ситет мәртебесіне ие бол­ған 80 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық уни­­верситетінде «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасын жастар ара­сын­да кеңінен насихаттау мақ­сатында облыстағы жоғары оқу орындары бойынша алғаш рет «Рухани жаң­ғыру» орталығы құ­­­рылды. Ор­талық студенттік рек­торат­пен,­ студенттердің өзін-өзі басқару ұйы­мымен, «Елбасы серіктестері» ерік­тілерімен, бел­сенді студенттермен бір­лесе көптеген іс-шараларды ұйым­дастырды. Әдептілік әліппесі – дұрыс сәлемдесуден бастап, ХХІ ғасыр педагогына қойылар талап-тілектер үдесінен шығуға талпынған жастарға «Рухани жаңғыру» үлкен серпіліс сыйла­ған бағдарлама болды.

Рухани жаңғыру – адам сана сезімі мен сенімінің, білімі мен өмір сүру дағдысының жаңаруы. Ал, жастардың рухани байлығы – олардың білімділігі, ана тілі­мен қатар орыс, ағылшын тіл­дерін жетік білуі, жоғары мәдени дүниетанымдық ой-өріс деңгейі. Елбасы: «Табысты болудың ең iргелi, басты факторы бiлiм» дегенде әлемдік өркениет тағдыры да, дамуы да ең алдымен адами дамуға, ал адами даму тікелей білімге тәуелді екенін айтса керек. Ал білімді беретін орта – мектеп, оны жеткізуші – мұ­ғалім. Ұстаз – адам өмірінің келе­шектегі тұтас тағдырына тікелей ықпал етуші тұлға. Себебі ол бо­лашақтың тұтқасы болар жас ұр­пақты тәрбиелейтін және жан-жақты білім беру ісіндегі қоғам­ның халық сенген өкілі. Біз­дің университет болашақ ұстаз­дарды даярлайтын киелі мекен. Табысты, алдыңғы қатарлы ел болу үшін өзгерістерге тез бейім­деліп, ғылым-білімді жедел меңгеру қажет. Біз де осы жолда аян­бай еңбек етіп келеміз.

Бізді ұлттық болмыс пен­ бірегейлікті сақтап, сананы жаң­ғырту жолында білімге ұм­тыл­ған жастары­мыз­дың Отанға, елге, ұлтқа деген сүйіс­пеншілігі сүйсінтеді. Бірнеше тілді білген адам еште­ңеден ұтылмайтынын жүрегімен түсінетін олар кемінде үш тіл­де еркін сөйлейді. Өз жері мен оның байлығының иесі бо­лу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын бі­луге тиіс екендіктерін түсінеді. Оң­түстік Қазақстан мемлекеттік пе­д­агогикалық университетінің химия, биология, информати­ка мамандықтарының студенттері таза ағылшын тілінде оқиды. Ал басқа мамандық студенттері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін­де білім алады. Шетелдің жо­ғары оқу орындарымен­ жасал­ған келісімшарт негізін­де оқы­тушылар тілдік тағылым­дамадан өтіп, студенттер бір академиялық семестрге оқуға жіберіледі. Бұл – Елбасы ұсынған бәсекеге қабі­леттілікті дамытудың бір үлгісі.

Жаңғыру –  ұлттық құн­дылықтарды дәріптеу, құр­меттеу. Ол үшін көзге көрінбес детальдің өзі үлкен рөлге ие. Бір ғана мысал, университеттің бұрынғы дәстүрлі қоңырауын бүгінде қа­зақ­тың қоңыр үнді домбырасынан төгілген күй алмастырған. Бұл – шәкірт санасына ұлттық өнердің сіңірілуіне аз болса да өз үлесін қосуда.

Ұлттық сана – ұрпақтан  ұр­пақ­қа тарихтың білімі, тұлғалар тағылымы,  төл тәрбие арқылы беріліп отырады. Ұлттық сана­ның, ұлт руханиятының өзегі – оның туған тарихы, салт-дәс­түрі, әдет-ғұрпы. Рухани жаң­ғыруға серпін беретін көшелі ғылым – тарих ғылымы. Осы мақ­сатта университетте «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғы­сында»атауымен көрме орталығы ашыл­ған. Онда Оңтүстіктің темір дәуірінен орта ғасырларға дейінгі заттай тарихы жинақталған. Ордабасы ауданындағы әйгілі Күлтөбе қалашығын зерттеу бары­сында біздің археологтар Қаң­лы қағанатына тиесілі үш қорым тапты. I-ІІ ғасырларға жата­тын көне қабірден адам сүйек­терінен басқа әшекей бұйым­дар мен қару-жарақтар шықты. Сондай-ақ біздің университет археологтары тарихқа Арыс мәдениеті деген терминді енгізді. Бұл – біздің заманымызға дейінгі ІV ғасыр мен біздің заманымыздағы ­ІV ға­сыр арасындағы Оңтүстік өл­кедегі мәдениеттің жоғарғы дең­гейде болғанын көрсетеді.

Рухани жаңғыру – ой-сана­ның кемелденуі. «Егер сен әлем­нің өз­гергенін қаласаң, сол өзге­ріс өзің бол!» Шәкірттеріме үне­мі Махатма Ган­диге тиесілі осы сөзді қайталап айтудан жа­лық­қан емеспін. Сту­денттер са­насындағы сілкініс өз­дігінен ту­майды. Оған әсер етуші фак­тор­лар керек. Бұл тұрғыда уни­вер­ситетте есімі елге танымал ірі тұлғалармен жиі кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Сондай кездесулер шәкірттерге ора­сан зор мо­тивация, болашаққа деген ұмтылыс сыйлап, мақсат-міндет­терін нақтылауға үлкен әсерін тигізетініне көзім жетті. Мырзатай Жолдасбековтің тә­уел­сіздік тарихы жайлы­ ойлары, Жақсылық Үшкемпіров пен Қанат Исламның спорттың си­қыр­лы әлемі туралы сырлары, Бекболат Тілеуханның ұлттық спорт пен өнер туралы­ айт­қан тұшымды әңгімелері мен толғаулары, Роза Рымбаева мен Нұржамал Үсенбаеваның шыр­қаған әндері әріптестер мен студенттерге шығармашылық шабыт, құлшыныс сыйлады. Отанға, ең­бекке деген сүйіспен­шіліктерін арт­тырды.

Болашақтың бағдарламасына айнал­ған мақалада аталған ұлт­тық сананың қалыптасып, рухты жаңғыртудың тағы бір жолы – студенттерді өнер ар­қы­лы эс­те­­­­тикалық сұлулыққа, ұлттық құн­­­­­дылықтарды дәріптеуге, құн­­­­дылық­тарды сақтауға тәр­бие­­леу. Осы мақсатта инсти­тут­­та студенттердің әуесқой «Нұр-Ша­ңырақ» театры құ­рыл­­ды. Шы­мыл­дығы инс­ти­тут­тың 80 жылдық мерейлі мере­ке­сінде түрілген бұл театр кө­рер­мендердің ыстық ықы­ла­сына бөленіп үлгерді.

Уақыт керуеніне бөгет жоқ. Бүгін ерте, ертең кеш болмас үшін алға ұмтылу керек. Уақыт – адам­ның өмірлік капиталы. Ол ақсүйектікті мойындамайды, бізбен санаспайды, тез өтіп кетеді. Бір данышпанның мы­­­нан­дай қанатты сөзі бар: «Ке­шегі күн өтіп кетті. Ертеңгі күн белгісіз. Сондықтан бүгінгі күн­­нің құны мен қадірін біл». Уа­қыт­ты меңгере алмаған адам же­тіс­тікке жете алмайды. Рухани тұ­тастықта дамыған ел болу үшін уа­қытпен санаспай елге еңбек етейік!

Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік  педагогикалық университетінің ректоры

ШЫМКЕНТ