• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Сәуір, 2018

Шөл бүркіті қайда екен?

1024 рет
көрсетілді

Соңғы кезде, «Егемен Қазақстан» газетінде қазақ құсбегілігі мен аңшылық туризмі жайлы, жақсы материалдар жарық көруде. Бұл қуанарлық бастама. Осы орайда, көңілге түйіп жүрген, әлі зерттеліп, зерделеніп ай­тыл­­маған, дүниелерді көп­ші­лікке құлаққағыс жасағым келеді.

Бүгінгі әлемде құс­бе­гі­лікке, саятқа пайдала­нып жүр­ген бүркіттердің бар­­л­ы­ғы – тау бүркіттері. Де­­мек айтылып-зерттеліп жүр­ген қырандар да со­лар. Ал әлі күнге нақты зерттелмеген «Шөл қы­раны» деген бар. Оның үлкендігі баладай, ай­рықша зор бүркіт. Тау бүркітінен бұл бүр­кіт­­тер­дің айыр­ма­­шы­лы­ғы, тау бүркіттері жаңа жұ­мыртқа басып жат­­қ­анда, шөл бүркіттері балапандарын ұшыра бас­тайды. Яғни шілденің ыстығына балапандарын ұрын­­дырмайды...

Шөл бүркіті ұясын биік шың-құзға емес, биік ша­ғыл құмға немесе аласа жабын­ды­ға сала береді. Бірақ ұя­сын қатты қорғайды. Оның ұясы­ның жие­гіне жағалай ұсақ торғайлар ұя салады. Шөл бүр­кіттің қауырсындары қара ала болғандықтан, оларды көбіне «Ала қозы қыран» деп те атайды. Денесі ірі осы қырандар шөл жануары құмдағы қарақұй­рықтар, ірі жыртқыштар мекендейтін аймақта бола­ды екен. Ұясын­да көбіне қарақұйрық, қасқыр сынды ірі аңдардың сүйегі жатады.

Менің әкем Тілеужан, тек осы бүркіттің бала­па­нын алып, баулып, аңға салған. Қолға ұстап отырғанда, үл­кен кісінің денесімен бір­дей. 1920 жылдары Сәкен Сейфуллин Омбыдан қашып шы­ғып Әулиеатаға бара жатып, жолай құмда бүр­кіт салып жүрген әкеме жолығып, «ырым бол­сын» – деп шөл құсының бір тал қауырсынын сұ­рап алған екен... Соңғы жылдары шөл бүркітін еш жерден көр­медім. 2011 жылы Астанада өткен халық­ара­лық «Бүркітші» фестиваліне шет- ел­ден кел­ген құс­бегілерге шөл бүр­кіт­тің суретін көр­се­тіп, сұрау сал­дым. Дәл осындай қыранды көрдік дегендер табылмады.

Өткен жылы ақпан айында Маң­ғыс­тау облысы, «Отпан» тауында құс­бе­гілердің республикалық тур­ни­рі өтті. Осында келгендерден «Шөл бүр­кіті» жайлы тағы да сұрау сал­дым. Маңғыстаулық біраз азамат, тү­рік­мендермен шекаралас қалың құм­да дәл сондай «Ала қозы қыран» бар екендігін айтып қуантты... Демек дү­ние жүзінде сирек, әлі зерттелмеген ай­рық­ша «Шөл бүркіті» қалың құмда әлі де бар екен. Оны кең насихаттап, көп­­ке құлағдар етіп, тауып, қазақ же­рі­­нің ерекше бір табиғат байлығын, өз же­­тіс­тігімізді әлемдік аре­на­ға шыға­руға тиіспіз.

Сүйін­бай­мен Қатағанның айтысында Қатаған:

Шөл бүркіті секілді сары жігіт,

Сұрайын руыңды келдің қайдан.

Сойылмен соққандайын

сөздеріңнен,

Отырмын арыла алмай қалың ойдан.., – деп жырлаған болмысы бөлек бүркіт осы.

Жапар САТЫЛҒАНОВ, құсбегі, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы

Соңғы жаңалықтар