• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2018

Қарағандыда шағын орталықтар ашылды

621 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту ісі оңды жолға қойылған. Бүгінде өңірдегі 3-тен 6 жасқа дейінгі балақайлардың 98 пайызы сауат ашу ісімен қамтылған деген дерек бар. Ал жылдың соңына қарай бұл салада 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу көзделген.

Таяуда Теміртау қаласы мен Құрма ауылдық округінде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған екі шағын орталық ашылды. Құрма ауылындағы «Еркетай» деп аталған нысан 50 балаға арналған. Мұнда мультимедиялық кабинет, робот-техника және психолог маманның бөлмелері бар. Шағын орталықта әртүрлі жастағы балақайлар екі топ бойынша қазақ және орыс тілдерінде тіл сындырады. Орталықты жабдықтауға жұмсалған 7 млн теңге қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген.

Теміртаудағы 100 орынға шақталған шағын орталық қаладағы №22 орта мектеп жанынан ашылды. Оқу ордасындағы балаларға берілген бос бөлмелерге жалпы құны 120 миллион теңге болатын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іші талапқа сай жабдықталған. Бүгінде білім мекемесі «Мектеп – шағын орталық» пішімінде жұмыс істей бастады.

Бұл шағын орталықтардың ашылуына облыстағы мемлекет-жекеменшік әріптестігінің дамуы игі ықпалын тигізді.

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы