• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Сәуір, 2018

Атырауда заңсыз ауланған 768 кг бекіре тәркіленді

1128 рет
көрсетілді

Жыл сайын 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау науқаны өтеді. Бағалы су маржандарын қорғауға бағытталған шараның алғашқы он күнінде құқық бұзушылардан 768 кг балық тәркіленіп, оның 32 кг бекіре тұқымдас түрлеріне 336 мың 800 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау заңнамасын бұзудың 47 дерегі тіркелген. 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 19 балық аулау және 5 бірлік жүзу және көлік құралдары тәркіленді.

Аталған инспекция науқан уақытында 17 бекет ұйымдастыруда. 9 бекет Жайық өзенінде, бесеуі Құрманғазы ауданында, үшеуі жылжымалы түрде қызмет етеді. Акция Атыраумен қатар Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының да аумағын қамтиды.

Алғашқы онкүндікте мемлекеттік тапсырыс бойынша Атыраудағы екі бекіре зауытына салмағы 100 кг, ұзындығы 2 метр бекіре, салмағы 38 кг бекіре және екі шоқыр балығы ауланды. Биыл бекіре зауыттары қайта жаңғыртылады деген жоспар бар. «Жайық Каспий» және Атырау балық өсіру зауыттарының барлық жабдықтары жаңартылады. «Соның нәтижесінде екі нысанның жалпы қуаты жылына 30 млн бекіре шабағын өсіруге жететін болады» деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және жануарлар әлемі комитетінің атқарушы төрағасы Марлен Айнабеков. Әзірге зауыттардың қуаты жылына 7 млн шабақ қана болып отыр.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ