Осыдан 127 жыл бұрын, яғни 1891 жылы алғаш рет ауыр атлетикадан әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Лондонда өткен айтулы жарыста небәрі 6 мемлекеттен келген 7 спортшы бақ сынады. Бір ғана салмақ дәрежесі бойынша өткен сайыста жергілікті зілтемірші Эдвард Лоуренс Леви топ жарса, италиялық Джакомо Дзафарана мен бельгиялық Артур Франсуа күміс пен қола медальді өзара бөлісті.
Содан бері әлем чемпионатының жалауы 85 мәрте желбіреді. Алғашқы 61 жарыста тек ерлер ғана сайысқа түссе, 1987 жылдан бастап, олардың қатарына әйелдер де қосылды. Бір қызығы, бастапқы кезеңдерде бір жылда үш-төрт бәсекеге дейін ұйымдастырылса, кейіннен бірте-бірте дүниежүзілік доданы өткізу тәртібі бір жүйеге келтірілді.
Әлемдік спорт тарихында өз есімдерін алтын әріптермен жазып кеткен Қазақстанның ауыр атлеттері де аз емес. Бүгінгі мақаламызда тек әлем чемпионаты жайында әңгімелейтін болсақ, қазақстандықтар алғашқы медальдің сыңғырын 1974 жылы естіді. Филиппиннің астанасы – Манилада өткен жарыста Юрий Зайцев қола медальді қоржынға салды. 1976 және 1979 жылдары ол екі дүркін әлем чемпионы атанса, 1977 жылы күміс медальді мойнына ілді. Ал 1975 жылы Мәскеудегі бәсекеде Василий Мажейков екінші орынды олжалады. 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындары барысында әлем чемпионатының да жүлделері сарапқа салынғанын егде тартқан жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Сол жарыстарда Виктор Мазинге тең келер ешкім табылмады. Жерлесіміз қос бірдей додада чемпиондық атаққа қол жеткізді.
ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысында Анатолий Храпатыйдың дәуірі басталды. 1986-1990 жылдар аралығында ол қатарынан бес әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Ал 1990 жылы Сергей Копытов Будапештегі бәсекеде қола медальді иеленді. Тәуелсіз Қазақстанға алғашқы медальді сыйға тартқан да Анатолий Храпатый. Даңқты спортшы 1993 жылы Мельбурндегі жарыста қола жүлдегер атанды. 1995 жылы Гуанжоуда өткен дүниежүзілік додада ол өзінің командалық әріптесі Андрей Макаровпен бірге тағы да үшінші сатыға табан тіреді.
2005 жылы Дохада және 2006 жылы Санто-Домингода Илья Ильин дүйім жұртты теңдессіз өнерімен тамсандырып, алтын тұғырға көтерілді. 2009 жылы Коянда Владимир Седов, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова дара шықса, Владимир Кузнецов қола медальді иемденді. 2010 жылы Анталияда Майя Манеза мен Светлана Подобедова алтыннан алқа тағынды. 2011 жылы Парижде Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло алдына жан салмаса, Майя Манеза мен Светлана Подобедова күміс медальді олжалады. 2013 жылы Вроцлавта Алмас Өтешев күміс медальді иеленсе, Владимир Седов қолаға қол созды.
2014 жылы Алматыда жалауы желбіреген жарыста Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло және Жасұлан Қыдырбаев әлем чемпионы атанса, Жазира Жаппарқұл, Владимир Седов күміс медальді еншіледі. Ал Кирилл Павлов қола жүлдені қанағат тұтты.
2015 жылы Хьюстонда Ниджат Рахимов пен Александр Зайчиков теңдессіз деп танылса, Жазира Жаппарқұл күміс, ал Светлана Подобедова қола алды. Тағы бір айта кетерлігі, АҚШ-тағы додада қазақтың қос қыраны – Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев та жүлдегерлер санатына қосылған болатын. Өкінішке қарай, оларға «допинг қолданды» деген айып тағылып, олар өз медальдарынан айырылды. Міне, ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионаттарының қысқаша тарихы осындай.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»