Алматыда өткен Fashion Park Festival аясындағы қайырымдылық шарасында ісмерлер винтаждық маталардан жеті түрлі ерекше көйлек тікті.
Мерекелік шараны ұйымдастырушылар ісмерлерге маталарды өздерінің отбасылық қоржындарынан шығарған. Алматылық кәсіпкер Әлия Әбдібаитова бұл бастаманың төркіні ұлттық дәстүрімізден тамыр алатындығын айтады.
– Әрбір қазақтың шаңырағында, сөрелерде сақталған сыйлықтар болады. Әдетте бұлар: шапандар, орамал, кездеме маталар. Үйге келген қонақты құр қол шығармау дәстүрі әлмисақтан келе жатқан үрдіс. Дүние тапшы болған заманда мата сыйлау өзіндік валюталық сый болатын. Бұл әлі күнге дейін бар. Біздер осындай маталарды өз ісінің нағыз кәсіпқойына берген кезде қандай дүние туатынын көпшілікке көрсетіп, өзіндік сынақ жасауға шешім қабылдадық, – дейді шараны ұйымдастырушылар.
Ерекше сынақтың нәтижесінде тамаша киім үлгілері туып, заманауи сән үлгілерінен де әдемі көйлектер тігілді. Етегі жер сызған жолбарыс терілі көйлекті AWSM брендінің дизайнерлері жасады. Көздің жауын алған көк қысқа балақ пен ұлттық өрнектері бар свитшотты BRU бренді тікті. Ал Janellе үйде киіп жүретін күлгін түсті, барқыт жеңді халатымен көрінді. Жас дизайнердің бірі Diana Paukstyte үлесіне сарғыш жасыл түсті мата бұйырыпты. AR Selection брендінің дизайнерлері өзіне сенімді бикештің бейнесін сән үлгісіне сыйдырған. Bahmali-дің гүлді кофтасы мен қызғылт түсті жұқа белдемшесі де романтикалық бикешке жараса кетті. Жиналғандарға бәрінен бұрын Kiori брендінің нәзік майда гүлді көйлегі ұнады. – Мен өз көйлегімді «кантри» стилінде пішіп, жаға-жеңдеріне шілтерден желбіршек салдым. Матаның ұзындығы 4 метр, сапасы өте тамаша екен. Ескі мата деуге қимайсың. Мұндай кездемемен жұмыс істеген маған әдемі әсер сыйлады, – дейді Kiori брендінің авторы Гауһар Ахметова.
Сонымен көне маталардан тігілген көйлектер аукционда сатылып, түскен қаражат қайырымдылық қорларына аударылды. Сән әлемінің мерекелік шарасына қатысқандар ДОМ «Аутизмді жеңеміз» жобасы мен «Ашық әлем» ҚҚ тәрбиеленушілерінің өнерінен шынайы ләззат алды. Өмір сүруге құштар бүлдіршіндер бұл мерекеге үлкен дайындықпен келгені жиналғандарды толқытты.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ