• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Әдебиет 11 Сәуір, 2018

Сөз сойыл №57

493 рет
көрсетілді

Шипажай сараң екен

Асқазанымда «көтеріліс» басталып,  Тамақ ішсем бас салып Ішім желденіп, кекіретін болдым. Түнімен дөңбекшіп, Тұрсам секіретін болдым. Шайнағаным жұтқыншаққа жетісімен, Өңештен өтісімен, Сойқан болады. Бүйрегім бүлкілдеп, Жүрегім дүрсілдеп, Табанда ішім ойпаң-тойпаң болады.

Ішектерім шұрылдап «әндетеді», Әп сәтте менен әл кетеді. Сөйтіп тамақ әбден батқанша Азапты асқазаннан көремін. Қысқасы күнде «өлемін». Осы бүліктен, Қорқыныштан, күдіктен, Құтылсам деген үмітпен, «Түрліағаш» шипажайына бардым.

Бала-шағамның аузынан жырып, Бақандай жетпіс мыңға жолдама алдым. Ем-домы шүкір-ау, Бірақ дастарқан мәзіріне қайран қалдым. Ерте де, кешке де,  Аранымыз ашылған түсте де, Беретіні арпадан, қарақұмық пен сөктен Жасалған бөкпен, Алдыңа келген соң талғап, таңдап жатпайсың.

Ет тамағының ыдысынан Тіске басар түйір таппайсың. Күнара мұздаған, Ұзақ тұрған, тұздаған, Балық береді, Иісін мүңкітіп алып келеді.

Ол – ол ма?  Қызығы әлі алда: Алмалары тастай,  Үзілген болар жастай, Тісіміз өтпеген соң  Балта сұрадық жаратын.

Пышақ іздедік, Қабығын алатын. Кейін оны да бермейтін болды,  Көк алмасы келмейтін болды. Былжыраған қызанақ береді, Онысы езіліп, бүлініп келеді.

Сапасы жоқ, дәмі «өлген», Шамасы талай тоқпақ көрген, Оны тәбетің тартпайды. Жүзім, алмұрт, алшасына, Жеміс-жидектің баршасына  Мейіріміз қанбай, Көбінің дәмін де алмай Ашқұрсақ боп қайттық.

Бас дәрігерге назымызды айттық,  Ол тендірге жапты да қарғады. Өтірік аяп, өтірік күліп Басқа әрекетке бармады. Тамағына жарымаған соң. Ішкеніміз бойымызға дарымаған соң, Ақшамызға шайханадан  Жүрек жалғап жүрдік.  «Түрліағаш» – емі шипа, дара мекен, Бірақ дастарқаны кедей сараң екен.

Өтеген ЖАППАРХАН

Қызылорда

Әмбебап

«Болар бала о бастан...» демекші, Ілдебай ес біліп, етек жап­қаннан-ақ қатарының қара үзері болды. Мектеп қабыр­ға­сында жүріп қатыспаған үйір­месі болмады десе де болады. Сыныптың сырттаны, қоғам­дық жұмыстың белсендісі, спорт­тың сайыпқыраны бола жүріп әртістік үйірме құрып, ән де айт­ты, би де биледі... Несін айтасың, жігіт­ке жеті өнерде аз екенін көкейіне түйіп өсті. Онысының шапағатын мына нарық­тық заманда бір кісідей-ақ көріп жүр емес пе. 

Ілдекең меңгермеген мамандық некен-саяқ-ау... Құрылысшы да болды, көлігімен адам тасып нәпақасын тапқан күндері де есінде. Әртістігі еленіп, той-томалақты да басқарып көрді. Ән-жырдың көрігін қыздырып, оның да бір белестерін бағындырған күндері де болды. Сөйтіп жүрсе де болашақ білімде екенін есінен шығармай, әдебиеттің оқуын тауысып, кандидаттығының да тақырыбын алып қойған. Оқу-тоқуының соңғысы заң жағы болғанына тәубе дейді. Міне, «Әмбебап» атты серіктестігі­нің арқасында бір істі болған азаматтан адвокат болуға ұсыныс түскен.  Онысын құп алып құлшына кірісіп еді, тура сол сот басталар күні бір дөкей хабарласып, баласының үйлену тойын басқарып беруді өтінгені... Қашқақтап көріп еді, анауда берерін асырып.... қайтсін, соттың алғашқы күні адвокатсыз өтті. 

Келесі сот процесі болатын күн тақағанда бір мықтының үйіне «еуро­ремонт» жасау тапсырысы топ ете қалып... Мол ақшаға күмп ете қалған басы, бәрін ұмытып «еуродан» мұрты майланып шыққан күні білсе – әлгі істің үшінші кезегі артта қалыпты. 

Ұят болғанда, бір белді шенеуніктің туғаны қай­тыс болып, бұның «әм­бебабына» оның жөнел­тілуіне тапсырыс түсіп, бұл өзі сонда бас ұйым­дастырушы болып жүр­генде әлгі істі болған аза­маттың ағасы тап келіп... кірерге қара жер қарс айы­рылмай, әйтеуір одан келесі сотта жер басып аман жүрсе бел ортасында болатынын, әйтеуір бір септігін тигізетінін айтып, уәдені үйіп-төгіп әрең-пәрең құтылғанын айтсаңшы. 

Бір қырсықса біраз қырсық бірге келеді екен, сол уәделескен күнге құдай ұрып қала күні тап келіп, қаланың ырду-дырду думанын өткізу бұның мойнына жүктеліп... оның қаражаты алдын-ала «Әмбебап» есебіне түсіп... 

Не керек, шаһардың шат-шады­маны­нан құтылып барып әлгі «адво­кат­тығының» тамырын басып көрсе – іс бітіп, азаматы бес жылды арқалап темір торға кете барыпты. 

Ілдебай бір сәт ойға беріліп, сот процесіне араласып басы-қасында болғанда алатын бес мың көкқағазын көз алдына елестетіп отыр еді, «әмбебабының» есепшісі соңғы табыс­тары 50 мың көкқағаз екенін айтқанда барып көңілі жайланып, іштей «бес мың пішту» деп бетін сипады. 

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы

Гогольдің табылуы қиын

Пәтуесіздеу Сағалбай әңгіме бастады.  – Менің басымда талай роман, драманың сюжеті жүр. Шіркін, жазатын адам табылса, соавтор болуға келісер едім.  – Әңгіменің өзі сол жазуда ғой, идея әркімде бар, – деп Мергенбай оған уәж айтты.  – Жоқ, идеяда көп нәрсе жатыр, – деп өзеурейді Сағалбай. – Егер идеясын Пушкин айтпаса Гогольдің «Ревизорындай» керемет шығарма дүниеге келер ме еді, кім білсін! – Сен тіпті Пушкиндей болғанмен, сен айтатын идеяны жазып шығатын Гогольдей құдіретті табуың қиын болар, айналайын, – депті Мергенбай. 

Мүмкіндік көп

– Әйелдің аузын будық, – деп Кенжек құрдасы күліп келді.  – Қалайша? – Бір көңілі өсіп тұрған кезде ашу шақырған, көп сөйлеген айыппұл төлесін деген келісім жасастық. Енді – рахат! Бұрынғыдай айқай жоқ. Оқырайып келе жатса әдемілеп тысталған келісімді көрсете қойсам жым болады.  – Расында, назар аударарлық нәрсе екен, – дейді Мергенбай үнемі үйлерінде дау бітпейтін құрдасына. – Сендер ақымақ болмау жөнінде де келісім жасап көрсеңдерші. Бәлкім, адам болып кетерсіңдер.  Бар нәрсеге жүгінсейші

Үнемі Мергенбайдың мазағына ұшырап жүретін Оспан жұрттың көзінше ызасын білдіреді. – Егер баяғы заман болса мен сені дуэльге шақырар едім, – дейді. – Не үшін, айналайын-ау? – Арыма тиіскенің үшін!  – Ондай нәрсе сенде бар ма еді? – деп Мергенбай құрдасын тағы бір шағып алады. – Бар нәрсеге жүгінсейші. 

Өзіңе өкпеле

Манабай келді. Бұрын келмеуші еді. Азырақ жұтып та алған. Алыстау болса да ағайын жігіт.  – Кеше талайды қолымнан өсіріп едім, енді соның бірі де кімнің арқасында өскенін есіне алғысы келмейді, өздері аспаннан салбырап түскендей, қарағысы жоқ, – деп налыды ол. – Тіпті менің орнымнан түскеніме көңіл білдіруге де жарамады.  – Ренжіп қайтесің, өзіңе ұқсастарды өсіргенсің ғой, – деді Мергенбай. 

Мамадияр ЖАҚЫП,  Қазақстанның құрметті журналисі

Өнердегі өкірең оқиға

Жаңа қазақтар кездесіп қалады: – Осы сен кітап оқисың ба? – Оқымаймын, бірақ тыңдаймын. – Сенің айтып тұрғаның аудио­кітап па? – Жоқ-а, қазір ақшасын төлесең, жазушылар саған кітаптарын өздері келіп оқып береді. *  *  * Екі суретшінің әңгімесінен: – Кеше сурет көрмесіне барып едім, көруге болатын жалғыз сурет сенікі екен. – Қалғандары нашар ма екен? – Жоқ, қалған суреттердің алды – құжынаған адам. *  *  * – Кеше Опера театрында болдым. Керемет әсер алдым. – Қандай қойылым болды? – «Манчестер» «Миланды» ойсырата ұтты. – Театрда қайдағы футбол? – Асханасында үлкен теледидар бар екен... *  *  * Анықтама: АҚШ-тың киносы – құтырған, Батыстың киносы – шытырман, Кәрістің киносы – ақылман, Немістің киносы – ақырған, Орыстың киносында мін жоқ, Қазақтың киносында дым жоқ.

Бірде...

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен әзілдескісі келіп жанаса беретін бір қаржы министрі бірде үлкен басқосуда баяндама жасапты. Үзіліс кезінде бір топ депутат жазушыны ортаға алып, үйірілісе қалады. Министр топқа таяп келіп:  – Мұха, менің баяндамам қалай шықты? – деп сұрапты.  Сонда Мұхаң: – Ел сенен ақыл сұрар дейсің бе? Ақшаңды берсең болды да, – депті. *  *  * Бауыржан Момышұлына бір жазушы: – Бәуке, Москва маңындағы шайқастар туралы кітап жазып едім, үстінен қарап шықпас па екенсіз. Содан соң екеуміз соавтор болсақ, – деп тілек білдіріпті.  – Дурак, – депті Бәукең шарт сынып. – Ішінде бір сөйлемім жоқ, мен қалайша соавтор болмақпын. Одан да алғысөз жазып бер демейсің бе?! *  *  * Жазушы Мұхтар Мағауин жұмыс істеп отырып әлсін-әлсін қара шай іше беріпті. Мұнысына жұбайы уайымдап:  – Байқасайшы, асқазаныңды бүлдіресің ғой, – дейді. Сонда Мұхтар:  – Ештеңе етпейді, «Аласапы­ран­ды» бітірсем, асқазанның керегі де жоқ, – деген екен.  *  *  * Жазушы Дидахмет Әшімханов Қалтай Мұхамеджановқа:  – Мәшине сатып алайын десем, айдай білмеймін. Правом жоқ, – дейді.  Сонда Қалтай:  – Ей, циркте маймыл да велосипед теуіп жүр ғой. Маймыл ғұрлы жоқсың ба?! – деген ғой.  *  *  * Ақын Жұматай Жақыпбаев бірде сырласып отырғанда:  – Қандай керемет өлеңдер жаздым! Ешкім бағалап, қадірлеп жатқан жоқ! Бұл қазаққа енді не істеуім керек? – депті. – Сізге енді өлу керек! – депті Баянғали. – Өлсеңіз – бірден классик ата­насыз! Өмірі көрмеген құрметіңізді көресіз, естімеген жылы сөзіңізді ести­сіз, мінбеген мәшинеңізді мініп, өмірі жат­паған тыныш жерге барып жатасыз! Жұмекең классик болудан бас тартып: – Қой, одан да «коньяк» ішіп алайықшы! – дей берген екен. 

Көрген БІЛГЕНОВ

Астана

Мүйісті жүргізетін  Берік САДЫР