• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Сәуір, 2018

Мәулен Әшімбаев: «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы едәуір өзгеретін болады

1163 рет
көрсетілді

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен партия Хатшысы Тамара Дүйсенова Астана қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды саяси ұйымның баспасөз қызметі.

«Нұрлы жүрек» мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен «Қасиетті жол» оңалту орталығына арнайы барған олар аталған мекемелердің жұмыс барысымен танысып, осы бағыттағы игі бастамалардың жай-күйіне назар аударды. «Нұр Отан» партиясы Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасымен мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Осы бағытта арнайы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы да жұмыс істейді. Елордамыздағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары алдымен «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келді.

Бүгінде мұнда 3-18 жас аралығындағы 260 бала мен жасөспірім әлеуметтік бейімделу және оңалту бағытында ем-дом қабылдауда. Орталықта балалармен білікті мамандар жұмыс істейді. Мекеме басшысы Серік Бөпежановтың айтуынша, мұнда қажетті медициналық терапия мен коррекция қызметтері жоғары деңгейде көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл жерде түрлі тақырыпқа арналған үйірмелердің жұмысы да жүйелі жолға қойылған. «Орталық тәрбиеленушілері қаладағы театр, көрме, концерттер сияқты мәдени іс-шараларға жиі барып тұрады», - дейді С.Бөпежанов. Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев бастаған нұротандықтар «Қасиетті жол» оңалту орталығында болды. Бұл жерде 2-15 жас аралығындағы мүгедек балалар мен жасөспірімдердің тегін оңалту курсынан өтуіне барлық жағдай жасалған. «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Гүлмира Әбілдинованың сөзіне қарағанда, әзірге еліміз бойынша осындай үш оңалту орталығы бар. Оның екеуі - Астанада, біреуі Шымкент қаласында орналасқан.

Ендігі біздің мақсатымыз - еліміздің әр өңірінде осындай орталықтар ашып, балаларға көмек қолын созу. Бұл мәселеде барлығын мемлекеттің мойнына артып қоймай, белсенді азаматтар өздері де бас болып, іске кірісу керек деп есептеймін. Біз осы мақсатта «Қазақстан жақсылық жасайды» атты арнайы бастаманы қолға алдық. Сол арқылы кез келген қазақстандық жылына бір рет 365 теңгесін қайырымдылыққа жұмсай алады. Яғни, күніне бар болғаны бір теңгеден осы бағытта қайырымдылыққа жұмсап отырса, осындай 40 оңалту орталығын ашуға мүмкіндік туар еді», - деген Г.Әбілдинова барша қазақстандықтарды аталған бастамаға белсене атсалысуға шақырды.

Ол үшін арнайы «Қазақстан жақсылық жасайды» атты мобильді қосымша да іске қосылған. Яғни, акцияға қатысқысы келген азаматтар сол жерден барлық қажетті мәліметтерді ала алады. Әлеуметтік нысандардың еңбек ұжымымен және ондағы тәрбиеленушілердің ата-аналарымен кездескен партия Төрағасының Бірінші орынбасары партия қызметін жаңғырту аясында «Кедергісіз келешек» жобасының жұмысы да одан әрі жанданып, әдіс-тәсілдері жетіле түсетінін айтты. – «Ерекше қажеттілігі бар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қол ұшын созу - партиямыздың басым бағыттарының бірі. Осыған орай «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жандандырып, форматын өзгертіп, бұл бағытта бірнеше нақты жұмыстарды қолға алдық. Осы санаттағы азаматтарымыздың негізгі мәселелерін сараптап, партия тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсету үшін негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жүргізу керектігін анықтадық. Олар: инклюзивті білім беру, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға жағдай жасау және қоғамдық орындарда «кедергісіз орта» қалыптастыру», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осы саладағы бірқатар мәселелерге де назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың 30 пайызы ғана жұмыс істеп, ақша табу мүмкіндігіне ие. Сондықтан Мәулен Әшімбаев бұл өзекті мәселені шешу үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, жүйелі жұмыс істеу керектігін айтты. Бұдан басқа, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылымның қолжетімсіздігі де өзекті мәселелердің қатарында.

Мәселен, бүгінде 31 мыңнан астам паспортталған инфрақұрылым нысандарының 3 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімсіз. Одан бөлек, елімізде инклюзивті білім беру ісі де лайықты деңгейде дамымай отыр. Әзірге отандық мектептердің тек 30 пайызында ғана мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға қажетті жағдай жасалған. «Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша біз алдағы уақытта бұл мәселелерді басты назарымызда ұстайтын боламыз. Келешекте осы үш бағыт бойынша жүйелі жұмыс істейміз. Жаңғыртылған жобаның басты мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартып, оларға партия тарапынан нақты көмек көрсету», - деді Мәулен Әшімбаев. Бұл ретте бүгінде елімізде кейбір үкіметтік емес ұйымдардың өз күштерімен ауқымды жұмыстар атқарып отырғанын да атап өткен жөн. Осыған орай келешекте партия сондай ұйымдардың бастамасына жан-жақты қолдау көрсетіп, олармен бірлесіп жұмыс істейтін болады. «Жалпы кез келген қоғамның даму деңгейін анықтайтын тетіктердің бірі ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдай мен қарым-қатынасты айтуға болады. Осы тұрғыдан келгенде елімізде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істеліп, көптеген игі бастамалар жүзеге асырылуда. Әрине бірқатар кем тұстар да бар. Алдағы уақытта партия сол олқылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп, өзара ынтымақтастықты одан әрі күшейтетін болады. Атап айтқанда, біз партия жанынан үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін арнайы Кеңес құрамыз. Олардың партияның порталы арқылы бізге өз жобаларын ұсынулары үшін жағдай жасаймыз. Сол жобаларды сараптап, әлеуметтік маңызы бар дегендеріне қолдау көрсету үшін жұмыс істейміз», - деді Мәулен Әшімбаев.