• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Сәуір, 2018

Сенаторлар әлеуетті құрылымдардың бюджет қаржысын тиімді пайдалануды талқылады

243 рет
көрсетілді

Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комиетінің мүшелері Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің басшылығымен кездесті. 

Шара аясында қаржы есеп-қисабының аудиті мен бірқатар әлеуетті мекемелердің бюджет бағдарламалары әкімшілерінің бюджет қаржысын пайдаланудағы тиімділік мәселелері талқыланды.

Кездесуде Есеп комитетінің мүшесі Иманжүсіп Ақтомбаев негізгі баяндама жасады. Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов, Ұлттық ұлан қолбасшысының орынбасары Жандос Омарқұлов, ІІМ Төтенше жағдай жөніндегі комитетінің төрағасы Владимир Беккер, ҰҚК шекара қызметі директорының орынбасары Ержан Мырзабаев бюджетті орындау саласындағы ахуалды жетілдіру жұмыстары туралы депутаттарды хабардар етті.

Кездесу барысында бюджет шығыстарын оңтайландыру, жоспарлау және есеп жүйесін жетілдіру, қазіргі заманғы ақпараттық және цифрлық (оның ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында) технологияны енгізу, қаржы тәртібін сақтау, тиісті мекемелердің қаржы-экономикалық бөлігіндегі мамандар құрамының кәсіби даярлығын арттыру мәселелері көтерілді.

Пікірсайысты қорытындылай келіп сенатор Дариға Назарбаева әлеуетті құрылымдардың қаржыландыру жағдайы – мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігі мәселесі екенін атап өтті. Сенаторлар кездесу нәтижесі бойынша әзірленген нақты ұсыныстарды назарда ұстайтын болды.