Осыдан 122 жыл бұрын, яғни 1896 жылы сан ғасырға созылған үзілістен соң Олимпиада қозғалысы қайта жанданып, Грекияның бас шаһары – Афиныда жазғы жаһандық доданың алауы тұтанған еді. Жаңа дәуірде тұңғыш рет ұйымдастырылған байрақты бәсекеде 14 мемлекеттің өкілдері өнер көрсетті.
Францияда туып-өскен даңқты барон Пьер де Кубертеннің бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылған Олимпия ойындарында 241 спортшы бақ сынады. Бәсекелер ауыр атлетика, велоспорт, жеңіл атлетика, жүзу, күрес, нысана көздеу, семсерлесу, спорттық гимнастика және теннис секілді спорттың 9 түрінен өтіп, 43 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
10 тәулікке созылған жарыс қорытындысы бойынша АҚШ құрамасы алдына жан салмады. Америкалықтар 11 алтын, 7 күміс және 2 қоланы олжалады.
Грекия спортшылары екінші орынға жайғасты. Жарыс қожайындары 10 алтын, 17 күміс және 19 қоланы қоржынға салды. Үшінші орында – Германия. Немістер 6 алтын, 5 күміс және 2 қоланы иеленді. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Франция (5+4+2), Ұлыбритания (2+3+2), Венгрия (2+1+3), Аустрия (2+1+2), Аустралия (2+0+0), Дания (1+2+3) және Швейцария (1+2+0) құрамалары бар.
Ежелгі Эллада елінде АҚШ-тың 28 жастағы өрені Джеймс Брендан Коннолли өз есімін тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазды. Ол жеңіл атлеттердің үш қарғып секіру сайысында 13 метр 71 сантиметрлік көрсеткішпен өзге қарсыластарынан қара үзіп кетті. Одан бөлек, Коннолли сол жарыста биіктікке секіруде – күміс және ұзындыққа секіруде қола медальді мойнына ілді.
Германиялық Герман Вайнгертнер Афиныда ең көп жүлдеге иелік еткен спортшы ретінде тарихта қалды. Спорттық гимнастикадан өткен жарыста 32 жастағы неміс жігіті 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді еншілеп, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Ал Германияның тағы бір гимнасшысы 29 жастағы Карл Шуман 4 алтын медальді кеудесінде жарқыратты.
Міне, жаңа заманда тұңғыш рет алауы тұтанған жазғы Олимпия ойындарының қысқаша тарихы осындай.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»