Астанада Шығармашылық әйелдер бастамасы лигасы «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен «Қазақстандағы әйелдер құқығы: мүмкіндіктер мен кедергілер» атты конференция өткізді.
ҚР Президенті жанындағы әйел істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қатысуымен өткен жиында гендерлік саясат бойынша әйелдердің қоғамдағы, саясаттағы және шешімдер қабылдау деңгейіндегі рөлі сөз болып, отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің, жалғыз басты және мүгедек балалары бар аналардың құқықтарын қорғау сияқты маңызды мәселелердің себептері мен шешу жолдары қарастырылды. «Елімізде әйелдердің құқықтарын жүзеге асыруға кедергі болатын қауіп-қатерлер туралы қоғамның басым бөлігін тарта отырып, мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен бейресми, ашық пікірталас алаңдарында, форумдарда барынша кең талқылау керек», дейді Шығармашылық әйелдер бастамасы лигасының президенті Асия Хайрулина.
Елімізде адам құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жасап жатқан «Сорос-Қазақстан» қоры әйелдер құқын қорғау бойынша арнайы жоба жүргізуде. Оған «Әйелді аяла» ақпараттық науқаны мен «Киімді кінәләма» және «Ұят» атты көрмелерді жатқызуға болады. «Өкінішке қарай қазіргі таңда әйелдердің құқығын таптап, зорлық-зомбылыққа жол беру көбейіп барады. Біз осыған жекелеген тұлға ретінде емес, қоғам болып жұмылып тосқауыл қоюды көздеп отырмыз. Осыған байланысты 8 наурыз халықаралық әйелдер күні ақпараттық науқан да басталған болатын. 10 желтоқсанда Халықаралық адам құқықтары күні аяқталатын науқанға өнер жұлдыздары мен қоғам қайраткерлерінің белсенді үн қосуы бізді қуантты. Әйелдердің құқықтары бойынша жасалатын жұмыстарымыз болашақта да жалғаса береді», деді «Сорос-Қазақстан» қорының бағдарламалар директоры Аида Айдарқұлова.
Қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі, қоғамдық пікірдің қалыптасуына әйелдердің әсері туралы танымал журналист Ләйла Сұлтанқызы тоқталса, жалғызбасты аналардың мәселесін Айна Досмахамбетқызы көтерді. Жалғыз басты аналарға көмек өте аз екенін айтқан блогер А.Досмахамбетқызы алимент мәселесін шешу бойынша арнайы қор құру дегенді айтты. «Қоғам көп жағдайда кінәні әйелдің мойнына іліп қояды. Бізде ажырасса да, күйеуі қол көтерсе де, мүгедек бала туса да әйел кінәлі деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан көп жағдайда әйелдер зорлыққа шыдайды», дейді ол.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшылар кеңесінің хатшысы Камал Әлпейісова да барлық жауапкершілікті әйелге артудан аулақ болып, ұл тәрбиесін мықтап қолға алу керектігін айтады. «Бұл қоғамның жанды мәселелерінің бірі. Әуелде ер баланы болашақта әке атанып қорғаушы, сүйеу болатынын кішкентай кезінен миына сіңіріп өсіру бізде өте аз. Мен маңайымдағы жастармен сөйлесіп, қалыңдықтарына қандай талап қоятынын тыңдаймын. Ал ол талапқа сай келмесе ажырасып кете саламын дейтін бозбалалар өте көп. «Теңіздің дәмін бір тамшы судан білуге болады». Осының өзі біздің ер балаларда отбасын құруға деген жауапкершіліктің аз екенін көрсетеді. Қызды, әйелді, жас келінді тәрбиелеу бойынша жұмыс жасайтын ұйымдар бар, қаншама конкурстар ұйымдастырылады. Бірақ ұлды тәрбиелеу дегенді естімеппін. Қызды тәрбиелі қылып, тәрбиесіз жігітке берудің соңы жақсылыққа әкеліп жатқан жоқ. Бұл ер мен әйелге жік салу емес. Мәселенің себебін талдау керек. Мектепке ұл тәрбиесі туралы бағдарлама кіргізу керек», деген Камал Әбілқасымқызы қыздың ғана емес, ұлдың да жоғары оқу орындарында оқуына баса назар аудару керектігін айтты.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сулеймен, Әділет вице-министрі Эльвира Әзімова, үкіметтік емес ұйым өкілдері, құқық қорғаушылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияның қорытындысы бойынша әзірленген маңызды ұсыныстар тек мемлекеттік органдарға ғана емес, азаматтық қоғам мүшелеріне және қоғамдық ұйымдарға ұсынылмақ.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»