Елбасының бес әлеуметтік бастамасын Мәжілістің Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттары талқылап, оны жүзеге асыру жолдарына байланысты пікірлерін білдірді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен ғылыми семинарға қоғам қайраткерлері және еліміздің әр аймағынан келген ғалымдар мен студенттер қатысты.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко аталған форумға қатысушыларға Мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты тапсырмалары саяси және экономикалық жаңғыру мен дамудың негізгі іргетасы болатындығын атап өтті.
– Президенттің бастамалары барша қазақстандықтардың мүддесіне сай келеді. Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту, салық жүктемесін азайту, сапалы және заманауи сұранысқа сай келетін жоғары білім беру, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға мүмкіндік жасау, өңірлерді газдандыру жобалары халықтың мұқтаждығын өтеуге арналған, – деді В.Божко.
Семинарға қатысушылар Президент бастамаларынан туындайтын өзге де оң өзгерістер жайында пікірлерін білдірді. Мәселен солтүстік өңірлерді газдандыру аймақтың экологиялық ахуалына да оң әсерін тигізбек. Осы мәселеге байланысты сарапшылар халықтың әл-ауқатының айтарлықтай жақсаратындығын болжап отыр.
Парламент депутаттары Президенттің бастамалары бүкіл әлем күрделі экономикалық күйзелісті бастан кешіп, әлеуметтік бағдарламалары кейінге шегеріліп жатқан шақта қолға алынғанын ерекше атап өтті.
Ең бастысы, еліміздегі басымдықтардың алдыңғы легінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі тұратындығы айтылды.
Семинарға қатысушылар Президент басымдық берген салаларды айта келе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы филиалдарының маңыздылығына да тоқталып өтті. Мәселен, қазіргі уақытта кафедраның бөлімшелері Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институты мен №22 және №48 мектептерде ашылған.
Онлаин режімде өткен семинар барысында Алматы және Павлодар қалаларынан байланысқа шыққан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы ҚХА кафедрасының меңгерушілері Георгий Кан мен Сәуле Мамытова ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің маңызды тұстарын сөз етті.
Сондай-ақ форумды Қызылорда, Петропавл, Қостанай, Тараз, Көкшетау қалаларындағы бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері көріп отырды.
Жиын барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары ел ішінде Президент бастамаларына ғылыми тұрғыда қолдау көрсету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының ғылыми әлеуеттерін толықтай қолдану керектігін жеткізді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»