Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» атты ішкі бағдарламасының бас менеджері Шыңғыс Төрегелдиннің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Қазіргі таңда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде мемлекеттік қызметті реформалаудың үшінші кезеңі жүргізілуде. Айгүл Шайымованың айтуынша, Ұлт жоспары жүзеге асырылғалы бері мансап сатысымен қызметте жоғарылаған қызметкерлердің саны 4 есе өскен. Әлеуметтік сауалдамалардың нәтижелері бойынша респонденттердің 77 пайызынан астамы кадрлық шешімдердің қабылдануы кезінде меритократияға сенеді, ал 2001 жылы бұл көрсеткіш 39 пайызы ғана болған. Бәсекелестіктен тыс тағайындаулар, яғни «командалық ауыс-түйістер» 19 есеге қысқартылған. Ауқымды алдын алу жұмыстарының арқасында этикалық құқық бұзушылықтардың саны азайған. Мәселен өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда олардың саны 43 пайызға (354-тен 202-ге дейін) төмендеген.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, бүгінгі таңда қазақстандық мемлекеттік қызмет саласы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. «Бүгінгі күні мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы – 39 жас, ал 1991 жылы ол 44 жас болған. Мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы өсті. Қазақстанда дамыған елдердің жетістіктерін ұлттық мемлекеттік жүйенің ерекшеліктерімен біріктіретін өзіндік модель құрылды деп сеніммен айта аламыз. Бұл нәтижелерге біз Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында қол жеткіздік», деді жиында А.Шайымова.
Баспасөз мәслихаты қорытындысында Айгүл Шайымова мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында бүкіл ел бойынша «Үздік мемлекеттік қызметші» атағына іріктеу өткізіліп жатқанын атап өтті. Ол әр қызметкерді азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қолдауға үлес қосуға шақырды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»