• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2018

Ақтөбеде «Серпін» жәрмеңкесі өткізілді

390 рет
көрсетілді

Бүгінде елімізде өндіріс және ауыл шаруашылығы сипатындағы жәрмеңкелер жиі өткізіліп жүр. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі деген ұғым да орныға бастады. Ақ­төбеде солардың бірде-біріне ұқсамайтын «Серпін» жәрмеңкесі өткізілді. Оны өзге жәрмеңкелерден даралап тұрғаны – оған соттал­ғандардың қолынан шықан 500-ден астам қолөнер бұ­йымдары қойылғанында. 

Көздің жауын алып, көрген жанды таңғалдыратын дү­ниелер Ақтөбе қаласын­дағы қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде әзірленген. Қай­сысын қалап, сатып алғыңыз келеді – патша көңіліңіз біл­сін. Шебер қол­дың іздері айқын көрініп тұрған шедеврлер ағаш пен металдан, өзге де құрылыс материалдарынан жасалған. Сондай-ақ тігін өнімдерінің жүздеген түрінен жобаланған, қай-қайсысы да сәнді әрі сапалы деуге болады. «Серпін» жәрмеңкесіне келгендер үй мен тұрмысқа қажетті киім-кешектерді, есіктер мен бесіктерді, кәдесыйлар мен қоб­­дишаларды, қазақша әзір­ленген ет салатын астау­ларды, нарды мен шахмат тақталарын аттай қалап сатып алып жатты.

Шебердің қолы ортақ демей ме дана халқымыз. «Еңбек» РМК-ге қарасты «Ең­бек-Ақтөбе» филиалында жұмыс жасап жүргендердің еңбегі қала тұрғындарының бір кәдесіне жарап жатса, бұ­ған тек қол соғу керек шығар.

Екінші бір ой, бұл көрі­ністің өзі еңбекпен түзеу мекемесінің жазасын өтеп жүр­­гендерді еңбекке тарта бі­луінің оң мысалы болып табылады.

Республика өңірлеріндегі «Еңбек-Ақтөбе» сипатындағы құрылымдар үкіметке қомақ­ты салық көлемін төлеп отыр­ғанын айта кеткен жөн. Тіпті бұл кәсіпорында жұ­мыс іс­тейтіндер сотталды деме­се­ңіз, кәдімгі еркіндіктегі ер-азаматтар секілді жалақы алатынының өзі неге тұрады. Бұған өңірдегі еңбекпен тү­зеу мекемелерінің жанында екі колледж бар екенін қоса айтқан орынды. Мұнда 150-ден астам сотталушы жұ­мысшы мамандығы бойынша білім алып жүр екен.

Ендеше осынау жағымды жайттардың өзі аяғын шалыс басқан жандардың қалыпты өмірге қайта оралуының оң белгісі бола алады демекпіз.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ