Қазақтың даңқты балуаны, Алаш жұртының мақтанышы Әбілсейіт Айхановтың өмірден озғанына да екі жылдан асты. Бауыры ыстық боз кілемде талай жылдар тер төккен нар тұлғалы бұл азаматтың жүріп өткен жолы барша жанкүйерлердің жадында. Егер көзі тірі болғанда Қазақ елі еркін күресін өрге сүйреген әйгілі спортшы, абыз ақсақал 80 жасқа толатын еді...
Әбілсейіт Айханов 1938 жылдың 15 сәуірінде Алматы облысы, Сарқан ауданында дүниеге келді. 1957 жылы Алматыдағы Дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, шаңғы бөліміне қабылданды. Десек те жас жігіттің аңсары балуандық өнерге ауып, ол еркін күрестің қыр-сырын меңгеруге ерекше құлшыныспен кірісті. Күрес үйірмесіне кештеу келгеніне қарамастан, Қабден Байдосов пен Петр Матущак сынды майталман мамандардың қол астында жаттыққан спортшының шеберлігі шыңдала түсті. Бойы 192 сантиметр, салмағы 75 келіден асатын балуанның спорттық карьерасы жартылай ауыр салмақтан басталса, бірер жыл өткеннен соң Айханов алыптармен айқасты.
Дарынды әрі жалынды жігіт көп кешікпей республикамыздың беткеұстар балуанына айналды. Қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырған ол Одақ деңгейіндегі додаларда дараланды. 1962 жылы Ригада Әбілсейіт КСРО чемпионатының күміс медалін иеленсе, 1963 жылы Мәскеуде Одақтың теңдессіз балуаны атануымен қатар, КСРО халықтары Спартакиадасының бас жүлдесін олжалады. Сонымен қатар АҚШ, Аустралия, Аустрия, Англия, Ауғанстан, Германия, Грекия, Голландия, Жапония, Иран, Моңғолия, Түркия, Чехословакия және Үндістанда өткен халықаралық турнирлерде топ жарды.
Өзінің спорттық ғұмырында Айханов үш дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы Александр Медведь, Олимпиада чемпионы Александр Иваницкий және де сол замандағы белді балуандардың барлығын жеңген. Бірақ іштарлық танытқан КСРО құрамасының бапкерлері қандасымызды не Олимпиадаға, не әлем чемпионатына апармады. Дүбірлі додаларда үнемі Медведь пен Иваницкий күресетін. Ал қазақтың нар тұлғалы азаматы үнемі елде қалып қоя берді.
Әбілсейіт ағамыз айтатын:
– Егер маған мүмкіндік берілгенде, Олимпиаданы да, әлем чемпионатын да ұтатын едім. Бірақ бапкерлердің таңдауы үнемі өзгелерге түсетін. Аты аңызға айналған Александр Медведьтен мерейім үстем болғанына сан мың жанкүйер куә. Алғаш рет екеуміздің жолымыз Минскіде қиысты. Ол ашық айқасқа барудан жүрексініп, 10 минут бойы қашып жүрді. Алайда төреші Медведьтің қолын көтерді. 1962 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында бапкерлер екеумізді бетпе-бет кездестірді. Бұл белдесуде де тас-талқанын шығардым. Сол секілді басқа да мүйіздері қарағайдай балуандарға бет қаратпадым. Мәселен, Александр Иваницкийді Бакуде өткен КСРО-ның командалық біріншілігінде таза ұттым. Бірақ бәрібір Мәскеу білгенін істеді. Бұл тек менің басымнан өткен жағдай ғана емес. Сол кездегі қазақтың мықты балуандарының барлығы да байрақты бәсекелерден шеттетіліп жүрді. Өзімнің ауылдасым, інім әрі шәкіртім Аманжол Бұғыбаев та Одақ көлеміндегі жарыстарда қарсылас шыдатпағанымен, Олимпия ойындары және әлем чемпионатына бірде-бір рет қатыспады.
Қазақстан спортын ұзақ жылдар басқарған атақты бапкер, белгілі қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов «Әлем мойындаған Айханов» атты мақаласында кейіпкерімізді былай деп суреттейді: «Бір ғажабы, Әбілсейіт Айханов бұл мықтылардың әрқайсысын әртүрлі әдіспен жеңіпті. Бұл қазақ батырының балуандық диапазонының кеңдігін, творчестволық қуатының биіктігін байқатады. Айхановтың бір ерекшелігі, қарсыластарының күшті, осал жақтарын терең таразылап, салмақтап, талдап барып кілемге шығады екен. Яғни Айханов тек құрғақ күштің балуаны емес, оңды-солын байыптап, ақыл-ойын алға салып күресетін біртуар тұлға. Әбекең спортшы кезінде күнделік жазуға қатты мән беріпті. Күнделікке жеңген, жеңілген белдесулерін қалдырмай, тәптіштеп жазып отырады екен. Айхановтың жадының мықты екенін әңгіме басында айттық. Ол кісі әлі күнге дейін осыдан 45-50 жыл бұрынғы белдесулерін талдап, таразылап отырады. Жасы жетпістен асқан адамның жарты ғасыр бұрынғы оқиғаларды қаз-қалпында әңгімелеуі де үлгі алатын жағдай. Әбілсейіт Айханов еркін күресте ғана олжалы болған жоқ. Моңғолдың ұлттық күресінен осы елдің небір алыптарынан басым түсіп, бас бәйге алды. Айхановтан таза жеңілген балуандардың қатарында ұлттық күрестен Моңғолияның бірнеше дүркін абсолютті чемпионы, отандастары «жығылмайтын алып» деп атаған Тувтендорждың болғанын оқырманның есіне сала кеткенді жөн көрдік. Әбілсейіттің сол сапардағы жеңісі сондағы қазақ бауырларды керемет қуанышқа бөледі. Моңғол жанкүйерлері де қазақ балуанының тамаша өнеріне сүйсініп, Айхановты құттықтау үшін кілемге шығып кеткен екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Айханов қазақ халқының Қажымұқан, Балуан Шолақ, Молдабай сынды алыптарының ізін басқан ерен тұлға».
Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Әбілсейіт ағамыз түрлі кәсіптің тұтқасын ұстады. Бірер жыл спорттың төңірегінде жүрді. Қызметінен айырылған кезі де жоқ емес. Ең бастысы, ол өзінің жалындап тұрған жастық шағын арнаған салаға әркез адал болды. Ұлттық мүдде мен ел спорты жайында әңгіме қозғалғанда басшылардан бастап, басқаларға да өз ойын ашық айтты. Ешкімнің дәрежесі мен қызметіне қараған жоқ. Ешкімнің алдында жалған сөйлемеді. Қазақстандағы еркін күрес өнерінің ертеңі үшін қатты алаңдады. Келімсектерді шақырып, арзан абыройға кенелуді кәсіпке айналдырған дөкейлер мен бапкерлерді сын садағына алды. Өзінің сол турашылдығы және тік мінезінің салдарынан Әбекең талай адамға жақпады. Әбілсейіт ағамыз айтатын:
– Қазақтың өрендерін қай спортқа салсаң да, дара талантымен оқшауланып, топ жаруға олардың күш-жігері мен қарым-қабілеті толық жетеді. Оған ешкімнің күмәні болмауға тиіс. Әсіресе ауыл жастарына барынша көңіл бөлініп, қажетті жағдай жасалса, осы күнге дейін көптеген биік белестерді бағындыратынымыз анық еді. Бірақ қазіргі бапкерлердің көбі шетелден дайын спортшыларды шақыртуға құмар. Талай жылдар бойы аннан-мыннан келген легионерлердің легі әлі де үзілетін емес. Осылайша мамандарымыздың дені түк еңбек етпей, оңай олжаға кенелуді көздейді. Осы жағдай мені қынжылтады. Үндемейін десең, кеудені намыс кернейді. Қаның қыз-қыз қайнайды. Өзіміздің өр мінезді ұлдарымыз тұрғанда, өзгеге неге жалтақтай береміз? Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасады? Әлде барлығының да құлқын тескен – арзан абырой мен қалтаның қамы ма? Бәріміз сол жолды таңдасақ, ертеңіміз не болмақ? Сонда ұлттық мүдде мен ел намысын кім ойлайды? Жатқан, тұрған сайын осы сұраққа жауап таппай қиналамын!
Кеңес Одағы дәуірінде көп қысым көріп, талай қитұрқы әрекеттер мен сан алуан әділетсіздіктің азабын молынан тартқан ағамыз әркез осылай қынжылатын. Тек өзінің басынан өткен оқиғаларды баяндап қана қоймай, «Қазақстанда еркін күрестің көсегесін қалай көгертуге болады?» деп үнемі толғанып отыратын. Міне, Алаш жұртының мақтанышы Әбілсейіт Айханов осындай азамат еді...
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»