• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2018

Қызылорда облысында физика-математика бағы­тын­дағы мектеп-интернат ашылады

966 рет
көрсетілді

Атақты ғалым, математик Асқар Жұмаділдаев – Қызылорданың тумасы. Өзі жайлы айтқан бір әңгімесі естен кетпейді. Қалың қазақ ортасында өскен, Алла тағала несібесіне математика ғылымын жазған, ол кезде өрімдей жас жігіт орта мектептен соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне емтихан тапсырады. 

Сынақтан тыраң етіп құлайды, жабығып жүргенде көзтаныс біреулер Мәскеуге барып бағын сынауға кеңес береді. «Қанша дегенмен орыс әділ. Танысың бар ма, ақшаң бар ма, жоқ па, қарамайды. Сен нағыз математиксің ғой. Сөзсіз қабылдайды», деп үміт отын жағады.

Таза қазақ ауылында өскен, орысшасы шала-шарпы бозбала Асқар Мәскеуге тартады. Алдына есеп берсе, шемішкедей шағып тастағанымен талдауға тіл жоқ. Балық сияқты көзі бозарып отырады. Орыс тілінен сынақ тапсырғанда құ­лағаны белгілі болған. Сонда ма­те­ма­ти­­кадан емтихан алған қарт еврей ғалымы «мұндай талантты жігітті тіл білмейді деп оқуға қабылдамағанымыз күнә болады. Орыс тілін үйренер, ал бұл жігіт болашақта атақты ғалым боларына сенемін» депті. Құдай аузына салған шығар, сол академик Асқар Жұмаділдаев Қазақстанға ғана емес, әлемге атағы шыққан ғалым болды. Дүние жүзіне әйгілі Оксфорд, Гарвард университеттерінде ағылшын тілінде дәріс беріп келеді. Ғылымның атасы математика саласының әлемдік тұлғасы сапына қосылды.

Егер еврей әйел талантын бай­қап, араша түспегенде біз Асқар Жұма­діл­даевты бүгінгідей даңқымен білер ме едік. Ауылдан шығып, әлемдік ма­те­мат­и­ка ғылымына өлшеусіз үлес қос­қан Мұхтар Өтелбаевты ше?! Дүние жүзіне атағы шыққан қос ға­лым да ауылдан түлеп ұшыпты. Ал олар­дың ізін басқан талантты жастар қазақ­тың алтын бесігі ауылдарда түгесілді деу­ге ауыз бармайды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы оқылықтың орнын толтыратындай ірі шаруаны қолға алды. Енді Қызылорда облысында физика-математика бағы­тын­дағы мектеп-интернат ашылады. Жобаға қаржы қарастырылған. Дарынды бала­ларға, әсіресе ауылдан келетін та­лант­ты жастар алаңсыз оқып, білім алу үшін жатақхана керектігі белгілі. Мектеп жанынан осы мақсат үшін 300 орындық жатақхана салынады.

Облыстағы білім саласындағы жақ­сы жаңалық осында іссапармен кел­ген Пре­мь­ер-Министр Бақытжан Сағы­н­таевтың да көңілінен шыққан. «Физика-математика мектебін ашу – дұрыс шешім. Бүгінгі таңда біз цифр­лан­дыру, индустрияландыру туралы айта­мыз, ал колледжер мен университет­тер­де негізінен гуманитарлық сала ма­манда­рын дайындайды. Сондықтан мұндай мектеп керек», деді ол.

Математика – ғылымдардың атасы. Ға­сыр жұмбағын шешсе де қара­пай­ым қал­­пынан айнымайтын, әлемді мойын­дат­­қан Мұхтар Өтелбаевтай жайсаң азамат, атақты ғалымдардың болашақта осы мек­теп-интернаттан шықпасына кім ке­піл?! Жақсы жаңалыққа облыс тұр­ғын­­дары қуанып жүр.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы