Анкарада ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен әйгілі жазушының 90 жылдығына орай Шыңғыс Айтматов жылы ашылды.
Халықаралық ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов салтанатты жиында сөйлеген сөзінде түркі әлемі ең алдымен рухани ұғым екендігіне тоқталып, оған дәлел қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармалары екендігін айтып өтті.
«Шыңғыс Айтматовтың шығармалары шын мәнінде әлемнің барлық халықтарының қызығушылығын тудыратын рухани қазына болып табылады. «Егер ұлы Шыңғыс хан әлемді семсермен жаулап алса, ұлы Шыңғыс Айтматов бүкіл әлемді өз қаламымен жаулап алды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Айтматов туралы әңгіме өте ұзақ болуы мүмкін. Оның өмірі көпшілікке үлгі болып табылады», - деді Дүйсен Қасейінов.
Түкия президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу өз сөзінде, Шыңғыс Айтматов түркі-ислам әлемінің сонымен бірге дүниежүзілік әдебиеттің шоқтығы биік тұлғасы екендігін айтты. «Айтматов - шығармалары әлемнің 157 тіліне аударылған біздің жалғыз жазушымыз, оның туындыларының барлығына фильм түсірілген. «Жәмилә» повесі ең үздік махаббат туралы шығармалардың бірі», - деді ол.
Шыңғыс Айтматовтың ұлы, Қырғызстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Асқар Айтматов ТҮРКІСОЙ-ға алғысын білдіре келе, бұл ұйым түркі әлемінің ортақ мәдениетін дамыту бойынша қыруар шаруалар атқарып жатқандығын жеткізді.
«Шинаси сахнеси» театрында өткен салтанатты жиынға ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейнов, Түркия президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат министрі Сұлтанбек Жұмағұлов, Түркиядағы Қырғызстанның елшісі Ибрагим Жүнісов, Шыңғыс Айтматовтың ұлы, Қырғызстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Асқар Айтматов, «Анадолы мектебі» ұйымының президенті профессор Сами Гючлу, Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Нихат Гюль, түрлі мекемелер мен ұйымдардың өкілдері, шақырылған қонақтар, көптеген көрермендер мен студент жастар қатысты.