Кеншілер астанасында ХХІІ «Жас қанат» жас орындаушылар және шоу-бағдарлама жүргізушілерінің облыстық байқауы өтті. Биылғы жылы ол Астананың 20 жылдығына және жергілікті «Сарыарқа» телеарнасының 60 жылдығына арналды.
Өнер жарысында Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев қалаларынан, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Осакаров, Шет және Ұлытау аудандарынан 20 вокалшы мен 9 шоу-бағдарлама жүргізушісі бақ сынады. Биыл байқаудың тарихында тұңғыш рет қазылар алқасы аудандарға шығып, байқауға қатысушылардың іріктеу тыңдауларын өткізген болатын.
Конкурс қорытындысында «Эстрадалық вокал» аталымында Гран-при жүлдесін Еламан Мәженов жеңіп алды. Бірінші орынға Әсет Жабаев ие болса, екінші жүлде Темірлан Боранбаев пен Ақжол Әмірханға бөлініп берілді. Ал жүлделі үшінші орынға Диана Бекмұрзаева, Тілек Мағұлов және Анар Тәжентаева лайықты деп танылды. «Астана туралы үздік ән» аталымында «Хан тәңірі» тобы үздік шықты.
«Шоу-бағдарлама жүргізушісі» сынағында қазылар алқасы жеңісті Бұлбұл Бердіқұловаға берді. «Жас қанат» байқауының облыстық кезеңінде топ жарған жеңімпаз Астана қаласында өтетін республикалық конкурста Қарағандының намысын қорғайтын болады.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ