Алдағы жексенбі күні қазақтың шойын жұдырық иесі, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Barclays Center аренасында өзінің кәсіпқой бокстағы дебюттік кездесуін өткізеді. Өздеріңіз білетіндей, Елеусінов наурыз айында кәсіпқой боксқа ауысқандығын мәлімдеп, британиялық танымал промоутер Эдди Хирнмен үш жылдық келісімшартқа қол қойған еді.
Д.Елеусінов әуесқой боксшы алуы тиіс болған жүлде мен марапаттың барлығын еншіледі. Былай қарасаңыз, боксшы ретінде өкінішіне қарағанда, қуанышы басым. Ендеше оның спорттық ғұмырының келесі кезеңіне именбей аяқ басуына еш кедергі жоқ-тын. Бокс әлеміне жаңалық болып келіп, алшаңдай басқан Алаш баласының арынын менмін деген промоутерлік орталықтардың көрмей қалуы тағы мүмкін емес. Бірақ Данияр ешкімге елеусіз жатқан, аты мен атағы, даңқы мен дабырасы жоқ аустралиялық компаниямен келісімшартқа отырғанда ішіміз бір қылп ете қалғанын несіне жасырайық?! Сол күмән бекер емес екен, шикі келісімнен ақыры ши шығып тынды. Енді, міне, екінші рет кәсіпқой бокстың дәмін татуға, төрт белдіктің барлығын иеленуге бел буып отыр.
Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы тұңғыш жекпе-жегі 29 сәуір күні Геннадий Головкиннің экс-қарсыласы Дэниель Джейкобстың қатысуымен болатын бокс кешінде өтеді. Қарсыласы америкалық боксшы – Ноа Кидд. Бүгінге дейін төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетсе, біреуінде тең түскен. 23 жастағы Кидд кәсіпқой бокстың әліппесін осыдан екі жыл бұрын бастаған. Елеусіновке қарағанда тәжірибесі мол. Ол соңғы айқасын өткен жылдың желтоқсан айында өткізіп, қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген. Алдын ала мәлімет бойынша Елеусінов-Кидд айқасы 6 раундқа жоспарланған. Кәсіпқой бокста рейтингте тез көтерілу үшін раунд саны маңыздырақ. Елеусіновтің дебюті үшін 6 раундтық жекпе-жек жақсы көрсеткіш. Дегенмен 1,5 жылдан аса бокс практикасы жоқ және кәсіпқой бокстың қыры мен сырын меңгере қоймаған Данияр үшін 6 раундтық айқас қиындық туғызуы мүмкін. Әдетте, кәсіпқой боксқа енді қадам басқан боксшылар қарымы мен физикалық мүмкіндігін тексеріп алу үшін 4 раундтық жекпе-жектен бастайтын.
Жекпе-жек алдында Д.Елеусінов қарсыласы туралы аздап зерттегенін, соған қарай жоспар құрып қойғанын жеткізді. «Шынымды айтсам, қарсыласым туралы толық білмеймін. Өйткені ол туралы интернетте ақпараттар өте аз. Оның бұған дейінгі жекпе-жектерінің тек видео үзіндісін қарап шықтым. Байқағанымдай, ол оң қолымен көп соққы жасайды екен және стилі де түсініксіз. Десе де, қарсыласым жоғары деңгейдегі боксшы деп айта алмаймын. Себебі кәсіпқой бокстағы алғашқы айқасқа жоғары деңгейдегі қарсыласты таңдамайды ғой. Бірақ сонда да сақ болған жөн. Жекпе-жек тағдырын бір соққы шешіп кетуі де әбден мүмкін. Осыған байланысты әкем екеуміз жекпе-жекке бірнеше жоспар құрып қойдық. Бұйырса, жеңіске жету үшін бар күшімді, тәжірибемді қолданатын боламын», дейді Елеусінов.
Сондай-ақ америкалық Ноа Кидд те отандасымыз туралы өз пікірін айтып өтті. «Мен бұған дейін Елеусіновті таныған жоқпын. Қарсыласым атанған соң ол туралы мәлімет іздей бастадым. Меніңше, ол өте мықты боксшы. Рингте өзін еркін сезініп, аяқта өте жылдам қимылдап, күтпеген жерден соққы жұмсайтыны бар екен. Оның бірнеше жекпе-жегін көрген соң осындай ой түйдім. Сонымен қатар ол өте ашық жүретін боксшы екенін де байқадым. Оның бұл кемшілігі маған қол келуі мүмкін. Сондықтан оны жеңуге болады-ау деген бірнеше жоспар түзіп, оған тосынсый дайындап қойдым», дейді Кидд.
АҚШ-қа апта бұрын барған Данияр Елеусінов кеше жергілікті БАҚ өкілдеріне алғашқы жаттығу жиынын өткізді. Сондай-ақ бұл жиынға отандасымыздың промоутері Эдди Хирн қатысып, журналистерге Даниярдың дарынды боксшы екенін айтып, оны WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинмен салыстырды. «Сіздер мына жігіттің қаншалықты дарынды екенін білмейсіздер. Ол келесі Геннадий Головкин емес, ол – Данияр Елеусінов. Бұл жігіт – Қазақстанның «алтын баласы». Ол ерекше дарынды, ол орта салмақтағы әлем чемпионы болады», деп пікір білдірді промоутер.
Оқырмандар арасында Елеусіновті Головкинмен салыстырып, атақ жағынан GGG-ден асып түседі деп сенімді түрде айтып жатқан бұл қай промоутер деген заңды сауал туындауы мүмкін. Эдди Хирн есімі кәсіпқой бокстың айналасында жүргендерге, бокс жанкүйерлеріне таныс. Алайда басқа да оқырмандарымыз үшін бұл есімнің сырын аша түссек дейміз. Эддидің әкесі Барри Хирн Matchroom Sport промоутерлік компаниясын ашып, біраз уақыт өзі басқарған. Кейінірек ол промоутерлік компаниясын ұлына береді. Осыдан соң Эдди бірнеше талантты боксшылармен келісімшартқа отырып, Англиядағы бүкіл бокс пен жарнама аудиториясын өзіне тарта бастайды. Бұл кезде Англияда әйгілі Рикки Хаттонның промоутері болған Фрэнк Уорреннің дәуірі жүріп тұрған кез болатын. Осыдан соң Англияда екі промоутер арасында бәсекелестік басталады.
Бүгінде ол – Энтони Джошуадан бастап, Дэниел Джейкобс, Тайсон Фьюрри, Келл Брук сынды жігіттерді жетелеп жүрген промоутер. Тіпті жерлесіміз Жанат Жақияновтың бар белбеуін тартып алған Райан Барнетт те осы промоутердің боксшысы. Енді бұл қатарға отандасымыз Данияр Елеусінов те қосылды.
Кәсіпқой боксқа ауысқан өзге қазақстандық боксшыларға қарағанда Елеусінов кәсіпқой бокс әлемінде өте танымал және абыройлы промоутермен келісімшартқа отырды. Сондай-ақ ол дебюттік кездесуін АҚШ-та өткізуге мүмкіндік алды. Демек, промоутер тарапынан Елеусіновке бар жағдай жасалған. Енді барлығы тек боксшының өзіне байланысты. Ендеше сайысқа түсетін саңлағымызға сәттілік тілейміз.
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»